Инвестиция

«ҚазМұнайГаз» акцияларының қайталама сауда-саттығы ашылды

Мұнай компаниясы IPO-сының қорытындысы жарияланды

Бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының биржасы мен Қазақстан қор биржасында (KASE) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларының қайталама сауда-саттығы басталды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, 2022 жылғы 2 желтоқсанда IPO барысында ҚМГ акцияларына жазылу аяқталды. Жазылу науқаны барысында инвесторлардан 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан аса өтінім түскен. Осы өтінімдерді талдау нәтижесінде жалпы сомасы 153 млрд теңге болатын өтінімдерді қарастыру туралы шешім қабылданған. Осылайша, аталмыш IPO барысында Қор «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 жай акциясын сатты, бұл ҚМГ-нің ұсынылған жай акциялар жалпы санының 30%-ын құрады.

«Қазақстан қор нарығының тарихында ҚМГ акцияларының алғашқы жария ұсынысы қазақстандық қор биржаларында ғана листингі бар ең ірі IPO болды. Бұл IPO Қор мен ҚМГ өткізген ауқымдық дайындық жұмысының, қаржы секторындағы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуының арқасында сәтті өтті. Дамыған цифрлық технологиялар жеке тұлғалардың өтінім беруін, сондай-ақ Қор мен ұлттық компанияның инвестициялық қауымдастық алдындағы ашықтығын айтарлықтай жеңілдетті. Ең алдымен Қазақстан азаматтарының өтінімдеріне басымдық беріліп, олар толық көлемде мақұлданғаның атап өткім келеді», – деп атап өтті Қордың Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

 Қазақстанда алғаш рет тікелей жазылу құралы – Tabys мобильді қосымшасы мен «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы жазылу қолданылды. Тікелей жазылымда өтінімді тікелей акционерге – Қорға беру мүмкіндігі болды.Тікелей жазылу әдісімен 1 миллиард 500 миллион теңгеге шамамен 6 мың өтінім берілген.

«Біз үшін бұл компания дамуындағы жаңа кезеңмен қатар үлкен жауапкершілік. Ондаған мың қазақстандық, отандық және шетел инвесторлары бізге сенім артып, «ҚазМұнайГазбен» бірге болуды шешті. Бұл ретте компания бүгінгі жергілікті биржаларға тұрақты өндірістік және қаржы көрсеткіштерімен, теңгерімді және түрлі активтер портфелімен, жақсы халықаралық кредиттік рейтингтерімен шығып отыр. Сонымен бірге біз алдағы қызметімізде ашықтығымызды артып, корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына ұмтыламыз. Компания ұзақмерзімді перспективада акционерлердің игілігі үшін өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерімізді саламыз», – деді ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Қазақстан Республикасының азаматтарына келген өтінімдер толық қабылданғанын атап өткен жөн. Бұл ретте мәміле үйлестірушісі мен букранерлердің бірі – Freedom Broker – жазылу кезеңінде 90 млрд теңгеге өтінім жинады, оның ішінде өтінімдер 67 млрд теңгеге қарастырылды.

«Бұл «ҚазМұнайГаз» IPO-сы ұзақ үзілістен кейін Қазақстанның ішкі нарығы тарихындағы ең ірісі болды. Ол біздің қор нарығымызды біраз сілкіндіріп, жаңа жеке инвесторлар легінің келуіне әсер етті. Клиенттеріміздің акцияларға үлкен қызығушылығын байқадық. Бұған цифрлар дәлел: жазылу науқаны кезінде Freedom Broker 90 млрд теңгеге өтінім жинады, бұл жалпы соманың жартысы. Оның ішінде өтінімдер 67 млрд теңгеге қарастырылды, бұл мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасының 44%-ын құрады. Шикізат секторы инвесторлар үшін қашанда тартымды болады. Біз қайталама нарықта да «ҚазМұнайГаз» қағаздарына қазақстандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық болатынын болжап отырмыз», – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.