Шағын кәсіпкерлердің қатары артып келеді

Жарияланды
Елімізде 500 мыңға жуық шағын кәсіпорын тіркелген

Қазіргі кезде елімізде 500 мыңға жуық шағын кәсіпорын тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 5,4% артық. Соның ішінде 379 мыңы жұмыс істеп тұр. 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда 11,4%-ға өскен, деп жазады Finprom.kz.

Таратылып, жабылып жатқандарының саны үш жыл қатарынан қысқарып келеді. 5,2 мың шағын бизнес жабылып жатыр, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,4% аз.

Бір жылда белсенді шағын кәсіпкерлердің саны бірден 10,2% өскен. Қазір олардың қатары 181 мыңнан асады.

Еліміздегі белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жартысына жуығы үш облысқа тиесілі: Алматы (47 мың), Астана (30,9 мың) және Қарағанды облысы (9,8 мың).

Жұмысы жақсы жүріп тұрған кәсіпкерлердің төрттен бірі дерлік сауда-саттық, автокөлік пен мотоцикл жөндеу саласында жұмыс істейді: 45,2 мың компания. Бұл сан 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда 13,8% артық.

Сондай-ақ білім беру (17,1 мың кәсіпорын), құрылыс (15,5 мың) және кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет (14,2 мың) саласындағы кәсіпкерлердің ісі алға басып тұр.

Былтырмен салыстырғанда сауда және автожөндеу саласында айтарлықтай өсім байқалған: белсенді шағын кәсіпорындар саны 5,5 мыңға көбейген. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы белсенді шағын кәсіпорындар саны 287-ге азайған.

Сондай-ақ оқыңыз