Жаңалықтар

18 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 17 888 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 105,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5%) Өзбекстаннан, 9,9% – Ресейден, 9,1% – Түркіменстаннан, 8,6% – ҚХР-дан, 4,9% – Моңғолиядан, 4% – басқа елдерден.

Елге оралған этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,1%), Маңғыстау (17,7%), Түркістан (8,3%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,5%), Астана (9,1%) және Шымкент (6,6%) қалаларына қоныстанды.

Биылғы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 26,9%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 20%-ы жоғары білімді, 39,4%-ы орта кәсіби білімді, 38,9%-ы жалпы орта білімді және 1,7%-ының білімі жоқ.