Үкімет Ұлттық қордан трансферт жасамай жұмыс істей ала ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 желтоқсан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, экономикадағы жинақталған проблемаларға назар аударып, Үкімет жұмысын қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы нарықтық экономика құру қажетін атап өтті. Президенттің айтуынша, ең алдымен, отандық кәсіпкерлердің сенімін арттыру өте маңызды. Қазір жекеменшікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отыр. Бірақ кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Әкімшілік кедергілерді азайтып, нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек.
«Тік монополиялық топтар нарықтарға тәуелсіз жеткізушілерге қол жеткізуді шектейтін өндіріс және электр энергиясымен қамтамасыз ету нарықтарды монополиялаудың айқын мысалы бола алады. Біз электр энергиясын бірыңғай сатып алушы институтын енгізуге кірістік. Осылайша, тиімсіз делдалдықты және өндірушілердің өздерінен қаражаттың бөлінуін болдырмаймыз. Нәтижесінде елімізде барлық өңірлер мен ұйымдар үшін теңгерімді баға қалыптасады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, энергия өндірушілермен үлестес компаниялар оны төмен бағамен алып, тұтынушы төлейтін артық пайданы қалтасына салатын ескі мәселе шешіледі. Ол бюджет саясатына тоқтала келе, Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етіп, Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуы қажет екенін атап өтті.
«Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
«Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6% болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5% табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту туралы айта келе, Президент қазақстандық өндірушілердің отандық шикізаттың қолжетімсіздігіне қатысты шағымдары келіп түсетінін атап өтті. Қабылданған заңнамалық нормалар әлі күнге дейін «тоқтап тұр».
«Басқа ірі өндірушілер әртүрлі сылтаумен ішкі нарыққа жеткізу туралы келісімдерге қол қоюдан бас тартады. Негізгі көлем экспортқа жөнелтіледі (87% алюминий, 98,8% мыс, 77% қорғасын). Үкімет отандық қайта өңдеушілерді қолжетімді шикізатпен толыққанды қамтамасыз ету үшін ірі өндірушілерге әсер етудің қосымша заңнамалық тетіктерін әзірлеуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент халық табысын, адамдардың өмір сүру қабілетін көтеру жайына да тоқталды.
«Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Бұл саладағы негізгі құжат – Халықтың табысын арттыру бағдарламасы. Оны қазіргі жағдайларға сәйкестендіру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал инвестициялық жобалар туралы айта келе, қаншама дайын инвесторлардан айырылып қалып жатқанымызды тілге тиек етті. Оған не себеп?
«Менің тапсырмаммен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленді. Алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылған. Яғни, небәрі 15% іске қосылған. Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз», деді.
Осы жылы бетпе-бет келген сын-қатерлерге Үкімет лайықты деңгейде қарсы тұра алмады деді Президент.
«Қойылған тапсырмалар орындалған жоқ, ал халықтың өмір сүру сапасы қатты нашарлап кетті. Іс барысы шешім қабылдау кезеңіне жеткен кезде министрлік пен ұлттық компания басшылары жауапкершіліктен тайқып кетеді. Өкінішке қарай, осындай маңызды шешімге ел мен халық тағдырының тәуелді екені ескерілмейді. Президент әкімшілігі мен үкімет арасында ынтымақтастық жоқ. Үкімет пен әкімдер жұмысына қазақстандықтар да риза емес және мұнда шындық бар. Қала мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы үшін өте маңызды инфрақұрылымдар әбден ескірген. Мұндай уақытта бос отыруға болмайды. Келесі жыл биылғыдан да қиын болуы әбден мүмкін», деді Президент.