Банк пен қаржы

Мәжіліс жеке тұлғалар банкроттығы туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл заң кімдерге арналған?

Банкрот деп танудың бірнеше тәсілі енгізілмек

Қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар банкрот болу арқылы артық қарыз жүктемесінен құтыла алады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев құжатты әзірлеу барысында жеке тұлғалар банкроттық институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі ескерілді дейді. Мысалы, Германия мен АҚШ-та банкрот болған адамға 10 жылға несие алуға тыйым салынса, Ресейде банкрот бес жыл бойына басшылық қызмет атқарып, жеке кәсіпкер бола алмайды.

«Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз банкроттықтың үш түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Олардың бәрі тек борышкер бастамасымен жүзеге асады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты көрсетілген рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ», деді Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Бірінші тәсіл – соттан тыс банкроттық, оған келесі талаптарға сай келетін азаматтар жүгіне алады:

— банктер, микроқаржы ұйымдары және инкассаторларға берешегі 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;

— ресми кіріс жоқ немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды – 36 018 теңге.

Бұл ретте борышкердің өз басында жеке мүлкі болмауы керек және қарыз бойынша банкпен есеп айырысуы тиіс.

«Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз үшін қолдануға болады», деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Екінші тәсіл – ​​сот банкроттығы. Оны 4,9 миллион теңгеден асатын және басқа да қарыз түрлеріне пайдалануға болады. Тәртіп борышкердің мүлкін аукционда сатуды көздейді.

«Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Егер кепіл заты жалғыз баспанасы болса, онда кредитор оны сот рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, несие берушілер оны ала алмайды», – деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.

Үшінші тәсіл – ​​төлем қабілетін қалпына келтіру. Борышкердің тұрақты кірісі болған жағдайда, сот арқылы қарызды (5 жылға дейін) бөліп төлеу кестесін ала алады.

«Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотта бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан банкроттықта көзделген салдардың оған қатысы жоқ», деді Премьер-министрдің орынбасары.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасында өзін банкрот деп жариялаудың салдары қарастырылған. Мысалы, олар 5 жыл несие ала алмайды, банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта рәсімдеге болады; банкроттың қаржы жағдайын уәкілетті органдар үш жыо бойы тексереді.

«Сондықтан, азамат өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның салдары жайлы ойлануы керек», – деп қосты Жамаубаев.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 7,8 миллион адамның екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге 14,3 трлн теңгеден астам қарызы бар.

2022 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды.