Әлеуметтік қызметтерді цифрлы форматта ұсыну. Жаңашылдық қай деңгейде орындалып жатыр?

Жарияланды
Көп процесс банк қосымшаларымен интеграция арқылы реттелмек

Биыл ел тұрғындары әлеуметтік-еңбек саласы бойынша 13 ммиллионнан астам қызметті тұтынған. Соның 10 миллионнан көбі цифрлы форматта ұсынылса, 1 млн-нан астамы азаматтардың жіберілетін хабарламаларға берген жауаптары негізінде проактивті түрде көрсетіліпті. Сондай-ақ цифрлық форматта көрсетілетін әлеуметтік-еңбек саласы қызметтерінің үлесі 2020 жылдан бастап 20%-ға өсіп, жалпы 80%-дан асты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, көрсетілетін 45 мемлекеттік қызметтің 43-і электрондық форматта, оның 23-і проактивті түрде көрсетіледі. Вице-министр мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін қайта құру және реинжиниринг бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Вице-министр 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсілді пилоттық режимде қолдану жоспарланғанын хабарлады. Жалпы, келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарлануда.

«Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банк қосымшалары арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды. Бұдан басқа, 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға жүгінбей-ақ ала алады. Биыл 75 мың азамат осы қызмет түрін пайдалана алды», деді Ербол Оспанов.

Келесі қадам проактивті қызметтер көрсету кезінде жәрдемақыларды автоматты түрде тағайындауға көшу болады, яғни қызмет көрсету процесінде адамдардың қатысуы толығымен жойылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдың 1 қаңтарында «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырыла бастайды. Биыл 1 қыркүйекте ол пилоттық режимде іске қосылды.

«Бүгінде барлық азаматтар мемлекеттік қолдау шараларын уақытылы ала бермейді. Жағдайды түзету үшін «Отбасының цифрлық картасы» енгізілді. Бұл қызмет отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға және мемлекеттік кепілдіктерді белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің өтініш форматынан анықтау форматына көшуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы арқылы 10 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі, ол қызметтерді 12 мыңнан астам адам алды. Биыл жоба оң нәтиже көрсетуде. 2023-2024 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің қызметтері кезең-кезеңімен осы форматқа ауыстырылмақ. Жалпы, 2025 жылы халыққа, азаматтарға, отбасына қатысты мемлекеттік қызметтерді осы форматқа ауыстыру жоспарланып отыр», деді Оспанов.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 85%-ды құраған. Мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша пилоттық жоба өткен жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Бұрын мүгедектікті белгілеу үшін төрт түрлі инстанцияға:

  • Емхана,
  • МӘС бөлімі,
  • ХҚКО,
  • Әкімдікке жүгіну қажет болса,

жаңа формат шеңберінде азамат қызметті алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, қалғанының бәрі оның қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен болады. Барлық деректер тиісті мемлекеттік органдарға беріледі, ал сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды.

«Жыл сайын 250 мың адам мүгедектігін растайтын болса, биыл 52 мыңы, яғни 21%-ы осы қызметті сырттай проактивті форматта алды. Бұл адами факторды, қағазбастылықты және түрлі мекемелерге баруды жойды. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер, оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну, жеке көмекшінің қызметтері және т.б. сияқты мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтердің басым бөлігін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуға болады. Ол бес бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы, 260 мың адам бүгінде оңалту құралдарына мұқтаж. 420 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтың оңалту қызметін алуға құқығы бар. Мәселен, енгізілгенге дейін 2019 жылы 292 мыңына тиісті қызмет көрсетілген, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 371 мыңға дейін ұлғайды. Биыл 11 айының қорытындысы бойынша қажеттілік 85%-ға орындалды», деді Оспанов.

Сарапшының айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектікті белгілеу мен оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алу арасындағы мерзімді айтарлықтай қысқартуға септігін тигізді.

«2022 жылы жұмыс іздеп жүрген 371 мың адам немесе жалпы санының 61%-ы онлайн-форматта тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 31%-ы құрады. Осы оң нәтижені ескере отырып, 2023 жылдан бастап Жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау жоспарланып отыр. Жұмыс бағыттары өзгертіліп, адамдарға ыңғайлы форматқа ауыстырылады. Осы мақсатта мобильді қосымша жасалады», деді Ербол Оспанов.

Сонымен қатар электронды еңбек биржасында азаматтардың біліктілігін арттыру үшін онлайн курстар өткізілуде. Skills.Enbek платформасы 110 кәсіпті ішінара немесе толық қамтитын 162 курс қолжетімді онлайн курстардың көрмесі болып есептеледі. Жыл басынан бері 146 мың адам курстарда оқып, сертификат алды.

Тағы бір маңызды платформа – «Business.Enbek», онда бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процестері автоматтандырылған. Осылайша, мемлекеттің қолдауының арқасында өз ісін ашуға мүмкіндік алған 21 мың адам іріктелді.

Сондай-ақ оқыңыз