Темірлан Қайсарұлы – Семей қаласының тумасы. Кәсіпкер 3 ай бұрын кір сабын шығаратын шағын кәсіп бастаған. Аз уақыт болса да, айына 2-2,5 млн теңге пайда тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Қазір Темірланның шағын цехы бір күнде орта есеппен 4000 дана кір сабын шығарады. Оның айтуынша, кір сабын тек кір жуу үшін ғана емес, тұрмыс-тіршілікте де өзіндік пайдасы зор. Темірлан алдағы уақытта цехтың жұмысын кеңейту ойда бар екенін айтады. Себебі бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары.
– Темірлан, осы салаға бет бұрғаныңызға қанша уақыт болды?
– Менің негізгі мамандығым – қаржыгер. Бірақ тұрақты түрде жақсы пайда әкелетін кәсіп ашуға бел будым. Сондықтан қазіргі таңда кір сабын шығару кәсібін қолға алдым. Шағын цех ашқаныма 3 айдан асты. Үй шаруасында көп қолданатын әрі бағасы да төмен дүниенің бірі кір сабын ғой.
– Осы кәсібіңізді бастағанда қанша құйдыңыз?
– Бұл кәсіпті 2 млн теңге қаржымен бастадым. Цехты толық 1,5 аптада аштым.
– Бұл сала жыл мезгіліне қарай ма? Сұраныс жағы қалай…
– Кір сабын шығару және оны сату жыл мезгіліне қарамайды. Бұл әр үйде күнделікті қолданатын, тұрмыс-тіршілікке қажетті дүние болып табылады.
– Ел бойынша кір сабын шығару кәсібінде бәсеке жағы қалай?
– Бәсеке жағы өте төмен. Менің білуімше, еліміз бойынша әр қалада екі, үш кәсіпорын ғана бар. Тек Шымкент қаласында ғана бұл кәсіп жақсы дамыған.
– Бұл кәсіпте күндік және айлық табысыңыз қанша?
– Айлық табысым 2-2,5 млн шамасында. Ал күндік табысқа келетін болсақ, 80 мың теңгеден жоғары.
– Кір сабынның құрамы туралы айтып кетсеңіз? Негізі кір сабын қалай жасалады…
– Кір сабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қолжетімді. Әр қалада таба алатын заттардан тұрады. Негізгі шикізат: өсімдік майының қалдығы, мал майы, пальма майы. Сондай-ақ, химиялық қоспалар қолданылады. Ал жасалу жолына келетін болсақ, тоңмай мен арнайы химикатты аралыстырып, бір күн күтеміз. Қазандағы майға қоспаларды қосып әбден илеген соң, сабынды нығыздап, пішініне келтіретін құрылғыға ауыстырамыз. Осылайша, кәдімгі кір сабын пайда болады.
– Пайдаланылған сұйық майды қанша теңгеге аласыз? Яғни шикізатты…
– Мейрамхана мен дәмханадағы пайдаланылған өсімдік майының қалдығын жинап, кір сабын шығарамыз. Қолданылған сұйық майдың 1 литрін 150 теңгеден аламыз. Сонымен қатар, фаст-фут дайындайтын дүңгіршектерден қайнатылған күнбағыс майын сатып аламыз.
– Кір сабын жасау үшін арнайы құрылғы қажет пе?
– Иә, әрине қажет. Кір сабынды шығаратын арнайы станок керек. Бірақ, біздің елдегі көп станоктар өте ескі. Ал жаңа құрылғылар тек Өзбекстаннан келеді. Қазіргі уақытта Алматы қаласында кір сабын шығаратын станок жасап жатыр.
– Цехтағы кір сабынның өзіндік құны қанша теңге?
– Кір сабынның өзіндік құны 50-75 теңге аралығында. Сабынның құны оның салмағына, яғни граммына байланысты. Бізде 100, 150, 200, 250, 300 граммдық кір сабындар бар. Кір сабынды көтерме сатып алушылар үшін 170 теңгеге. Ал дүкендерге 230 теңге көлемінде сатамыз. Дайын өнімдерді ауданның орталық базарына, қала супермаркеттеріне жеткіземіз.
– Бір күнде қанша кір сабын шығарасыз?
– Бір күнде орта есеппен 1500-4000 дана кір сабын шығарамыз.
– Қазіргі уақытта қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?
– Бастапқы кезде екі адам болып, кәсіпті аштық. Қазіргі кезде қол астымда төрт адам жұмыс істейді.
– Бұл саланың артықшылығына тоқталып кетсеңіз?
– Аса жарнаманы талап етпейді. Халықтың көзі үйреніп кеткен тауар. Жыл мезгіліне қарамайды. Сұраныс өте жақсы. Бұл саланы бастағанымызға небәрі 3 ай ғана болса да, табыс жақсы. Кір сабын сатып, 3 күнде 1 млн теңге табыс тапқан кездеріміз де болды. Сонымен қатар, бұл қалдықсыз өндіріс.
– Кір сабынның пайдасы жайлы айтып кетсеңіз?
– Кір сабынның пайдасы өте көп.
Біріншіден, кір сабын табиғи және экологиялық таза өнім. Кір сабын өсімдік майлары мен қолдану кезінде оның тұтынушылық қасиеттерін жақсартатын жоғары сапалы арнайы қоспалардан дайындалады.
Екіншіден, кір сабын тіпті қатты сіңген кірді де кетіре алады. Суық суда да, ыстық суда да жууға болады. Жүннен тоқылған бұйымдарды кір сабынмен жуу пайдалы екені анықталған, олар үлпілдек әрі жұмсақ бола түседі.
Үшіншіден, адам үшін толық зиянсыз, себебі тек қана табиғи құрамдас бөліктерден тұрады. Ол аллергия тудырмайды. Сонымен қатар, тіпті жас балалардың киімдерін жууға болады және теріні тітіркендірмейді.
– Кір сабынды көбінесе қандай мекемелер тапсырыс беріп алады?
– Мен өзім 2018 жылдан бері тендермен айналыстым. Сондықтан, мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік кір сабынды алады. Оның ішінде мектеп, бала-бақша және тағы басқа да мекемелерден тапсырыстар көп түседі.
– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?
– Кез келген кәсіп – береке бастауы. Сондықтан кез келген адам кәсіпкер бола алады. Ең бастысы, бастаған ісіңе адал болуы керек. Талмай еңбек ету қажет. Талпынған адамға еңбек етуге мүмкіндік көп. Сонымен қатар, кір сабын кәсібін де кез келген адам жүргізіп кете алады деп сенімді айта аламын.
– Сұхбатыңызға рақмет.