Инвестиция

Еліміздегі 19 жылу электр орталығы апатты жағдайда тұр

Оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет

Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Еліміздің бірнеше қаласындағы ЖЭО-да апат болып, Екібастұз сынды қалалар қар құрсауында қалған соң, Энергетика министрлігі жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді.

Қазір кезде елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеп тұрса соның ішінде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірген.

ЖЭО жабдықтары 66% тозып кеткен. Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Елдің ЖЭО-ның пайдалану мерзімі 61жылды құрайды, соның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ының жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асқан. 2021 жылы электр станцияларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5% көп болған.

Қызыл аймақтағы ЖЭО-дағв негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандық пен 54 турбинаны реконструкциялау керек. Бұл үшін 82 млрд теңге көлемінде қаржы қажет.

Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін министрлік коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО-ны мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО-ны меншік иесі есебінен қаржыландыруды ұсынып отыр.