Германия қазақ мұнайына қызығушылық танытып отыр

Жарияланды
«ҚазМұнайГаз» басшысы мұнай экспорттау мәселесі бойынша келіссөз жүргізді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және климатты қорғау істері министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнермен (видеобайланыс арқылы) және Астанада Германияның Бундестаг депутаты, Cолшылдар партиясының парламенттегі өкілі Кристиан Гёркемен кездесті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тараптар Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын экспорттау мәселелерін талқылады. К.Гёркенің айтуынша, зауыт – Германияның шығысындағы Бранденбург федералды штаты экономикасының күретамыры. Бундестаг депутаты «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан шикізатын тұрақты түрде жеткізуге қызығушылық білдірді.

ҚМГ басшысы Қазақстан мұнайын аталған мұнай құбыры арқылы Германияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.

«ҚМГ-нің мұнай өндіруші ұйымдарының шикізаты Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын көлемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading мекенжайына жеткізіледі, ол алдымен «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр», – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміт білдірді.

Шведт қаласында орналасқан, жылдық қуаты 10 миллион тоннадан астам шикі мұнайды өңдеуге қауқарлы мұнай өңдеу зауыты Берлин мен Шығыс Германияның көп бөлігін отынмен қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз