«Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтілетін болады. Оған 50 жасқа толған қазақстандықтар 3 жылға дейін қатыса алады. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілер мемлекеттен белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ына субсидия (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) көп емес) ала отырып, зейнеткерлік жасқа дейінгі (58 жастан бастап) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құрады. Бұл ретте жұмыстың ұзақтығы 12 айдан аспайды.
2023 жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізіледі, қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады.
Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
Сонымен қатар жоба аясында «жеке көмекші» және «әлеуметтік қызметкер» кәсіптері бойынша жұмыс орнын алу мүмкіндігі пайда болады.
«Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарлануда.