Байқасаңыз, бір адамдар жұмысты жеңіл әрі тез істейді. Ал дәл сол шаруаны істегенде бір адамдар қиналып, қатты шаршап қалады. Мұның сыры неде деп ойланып көрдіңіз бе? Бәрі энергияға байланысты. Бүгінгі материалымызда күшіміздің қайда кететінін және энергиясы мол адамдардың сырлары туралы айтамыз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-та психология профессоры Мира Киршенбауымның «Эмоциялық энергияның факторлары» (The Emotional Energy Factor) деген кітабы қоғам талқысында болды. Автор Нью-Йоркте туған. Иммигранттар отбасында өскен. Анасы да, айналасындағылар да тәулігіне 12 сағаттап жұмыс істейтін болған. «Салынып жұмыс істегендердің жүзі шаршаңқы, өмірге өкпесі көп еді» деп жазады ол кітабында. Бірақ Киршанбаум мынадай қызықты байқайды: дәл сол жұмысты істесе де, жайдары жүретін, бәрін басқаша, жеңіл қабылдайтындары да болған. «Олардың арманы болатын. Соларды жүзеге асыруға күш табатын. Ішкі энергиялары да айрықша еді. Соның арқасында олар бақытты болып, жайдары қалыпты сақтайтын» дейді ол. Аталған кітаптан біршама пайдалы кеңесті назарыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Позитив энергияны күнбе-күн жинаңыз
Эмоциялық энергияны қолмен ұстап сезіне алмаймыз. Дегенмен толып тұрған кезінде оны қолданып, ерекше күйде боламыз. Жетіспеген кезде жабырқаймыз. Үндістер оны «прана» десе, қытайлар — «ци», буддистер «кундалини» деп атайды. Сонымен бірге ментал энергия деген бар. Ол — ақпаратты сараптап, шешім қабылдау, стратегия ойластыру қабілеті. Киршенбаумның айтуынша, ментал және эмоциялық энергия өмірлік күш-қуаттың кемінде 70 пайызына тең екен. Ал қалған 30 пайызы — физикалық энергия. Оның орнын тамақ пен ұйқы арқылы толтыруға болады. Біз бүгін қозғап отырған эмоциялық энергияны болса, күніне екі сағат қуаттап отыру керек екен. Ол дегеніміз өзімізге ұнайтын іспен осынша уақыт айналысу арқылы толысады.
Өзгелердің миыңызға құйған дүниелерінен құтылыңыз
Кей ғалымдар біз өмірге келген кезде белгілі бір энергия мөлшерімен туамыз дейді. Яғни қиындықтарға төтеп беріп, күрделі жағдайларға бейімделуге көмектесетін белгілі бір ресурс қоры болады-мыс. Кей адамда ол ресурс көлемі өте үлкен болса, енді бірінде — орташа. Ал келесі бір адамда өте аз болуы не тіпті болмауы мүмкін. Шығыс пәлсапасында мұны «карма» дейді. Батыс психологиясында туабітті бағдарлама деп атайды. Сонымен қатар, психологтар біз энергиямыздың басым бөлігін балалық шақта құртып тастаймыз деген пікір айтады. Айталық, ата-аналардың құйып тастаған негатив ой-пікірлері («Сенің қолыңнан түк келмейді», «Сенің түрің әдемі емес», «Ақша ешқашан жеткізбейді» және т.б.) ішкі энергиялық вампирге айналады деседі. Сондықтан шешім қабылдауға қиналған кезде немесе бір өзгерістерге баруға қорыққан кезде өзіңізден сұраңыз: сізді шектеп тұрған не? Кімнің айтқан сөзі сізді тоқтатып тұр? Осы нәрселердің бәрі сіздің біраз энергияңызды жеп қояды. Бірақ осы тұста мынаны ескеріңіз: егер сізде мүлдем энергия болмаса, демек сіз қазір күйзелісте жүрсіз. Оның мынадай басты үш белгісі бар: ойлана алмайсыз, қимыл-қозғалысыңыз баяулап қалады, көңіл-күйіңіз болмайды. Бұл нәрсе емделеді. Бастысы, емделуге ниет болса болғаны.
Бір уақытта бірнеше іспен айналысқанды доғарыңыз
Негізі біз бір уақытта бірнеше шаруаны істейміз деп өте көп көлемде энергиямызды жоғалтамыз. Ол болса, жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін. Аяқталмай қалған іс тіпті көңілімізді түсіреді. Сондықтан бір уақытта бір шаруаны да басты етіп бекітіп қойыңыз. Ең маңыздысы қайсы — соны орындаңыз. Бұл сізді шаршатпай, күш береді. Өйткені аяқталған шаруа адамға қанат бітіреді. Былай етсеңіз болады: шағын әрі оңайлау бір іспен шұғылданыңыз. Бірақ ол маңызды әрі шұғыл болуы керек. Сөйтіп оны тез арада аяқтап тастайсыз да, нәтижесіне қуанып, позитив эмоцияға кенелесіз. Ал енді бірдеңеге уақыт таппай жатсаңыз, демек ол маңызды емес немесе сіздің онымен шұғылдануға құлқыңыз жоқ. Ұсақ-түйектің бәрін ойлаймын деп энергиямызды жоғалтамыз. Ал маңызды нәрселерді істеу арқылы керісінше, күш-қуат жинаймыз.
Психосоматика
Аюрведаның айтуынша, қорқыныш, мазасыздық, ашу секілді жағымсыз эмоциялар адам бойынша түрлі блок тудырады екен. Ал олар өмірлік энергияның емін-еркін қозғалуына кедергі болады деседі. Айталық, адам қорыққан кезінде ішінің бұлшықеттері автомат түрде жиырылады. Егер жиі осылай қорқыныш сезімі туса, физикалық сипмтомдарға айналады. Асқазан, ішек-жолдарында мәселе туындайды. Бұдан бөлек, мигрень, астма, қан қысымының жоғары болуы, іш қатуы, гастрит, остеохандроз және өзге де кең таралған аурулар көбіне психосоматикадан деген пікрі бар. Демек, мұны емдеу оңай.
Энергияңызды жейтін нәрселерден құтылыңыз
Мира Киршенбаум кітабында энергиялық вампирлерді toxic people деп атайды. Яғни олар — денсаулығына, ақшаның жоғына, ауа-райына, бензин не азық-түлік бағасына шағымдана беретіндер. Сонымен бірге токсик адамдар таныстарының ішінде біреуін әлдекімнің бауыздап өлтіргенін, КТК-дағы қорқынышты оқиғаларды айтып бергенді жақсы көреді. Апатты жағдай болса, дереу камерасын қосып видеоға түсіреді де, бірден әлеуметтік желідегі парақшасына салады. Егер осындай типтегі адамдармен жиі араласуға мәжбүр болсаңыз, олардың істейтінін істеп, өмір салтын көшіріп алмаңыз. Ол жақсы әдет емес.
Мінсіз болуға ұмтылмаңыз
Біріншіден, өмірде идеал адам жоқ. Осыны ұғып алған жөн. Сондықтан отбасындағы рөліңізді мінсіз атқарамын деп шамадан тыс шаруа жүктеп алмаңыз. «Жақсы қыз», «Жақсы жар», «Жақсы бастық» боламын деп әуре болмаңыз. Әрине, мінезіңізді дұрыстауға, жақсы болуға ұмтылу дұрыс. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылып алмаңыз. Бәріне елпілдеп көмектесе кетпей, шынымен мұқтаж ба — анықтап алыңыз. «Істемесем, ұят» дегеннен атқарғаннан жақсы энергия ала алмайсыз. Перфекционизммен де абай болған жөн. Мінсіз болуға ұмтылыс энергияны сорып алады.
Денені тік ұстап, дұрыс тыныстауды үйреніп алыңыз
Омыртқаның қисаюы бақытты энергияны бұғаттап тастайды деседі. Өйткені біз қисайып жүрген кезде күшіміздің көп бөлігі бұлшықетті ұстап тұруғ акетеді. Оған қоса, дұрыс демалмайтын болсаңыз, ол да қосымша энергияны «жеп» қояды. Аузыңызбен дем алған дұрыс емес, ол тамақтануға арналған. Ішке ауа тартқаныңыз шығарғаннан ұзақ болмасын, керісінше болуы керек. Ішпен демалыңыз.
Жоспарларыңыз бен уәделеріңіз туралы айта бермеңіз
Армандарын айтқан жақсы. Ол өзін түсінуге, ойлағанын іске асыруға ұмтылуға шабыттандырады. Бірақ ол туралы көп айта берсеңіз, маңызды жобалар мен жоспарларды сөз қыла берсеңіз, энергияңызды көп шығындап қоясыз. Көз тию не тимеуге қатысты ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен сол бөліскен кезде біреу қандай да бір кері пікір айтса, ол сізді басып тастауы әбден мүмкін. Сөйтіп арманыңыздың күл-талқаны шығады. Тағы бір айта кететін жайт, адам бірдеңе туралы неғұрлым көп айтса, миымызда сол нәрсе орындалып қойғандай әсер болады да, сондай иллюзия пайда болады. Ал негізі ештеңе бітпеген. Бұдан бөлек, уәдеге қатысты айтарымыз — оңды-солды үйіп-төге бермеңіз. Егер өзіңізге сенімді болмасаңыз, «аспандағы жұлдызды әкеп беремін» деп уәде бермеңіз. Себебі орындалмаған уәде адамның көп энергиясын алып қояды.
Іштарлыққа жол жоқ
Басқалардың өміріне көз салып, соған қарап өз өмірімізге баға беру — қате. Олай істеуге болмайды. Әркім өмірі өзіне, жолы бөлек. Сырт көзге өзгелердің өмірі қанттай болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде соның астарында не болып жатқанын біле бермейміз. Әсіресе, әлеуметтік желі пайда болғалы ондай қызықтыратын сәттер тіпті көбейді. Оның көбі алдамшы болып шығады. Адам өзін басқамен салыстырған кезде энергиясын жоғалтады. Оның орнына сол күш-қуатты өз мәселесін оңды шешуге жұмсаса, дұрыс болар еді. Барға шүкір, тәубе етіңіз. Өйткені сіздің де қол жеткізгеніңіз аз емес.
Шын жүректен кешіріп үйреніңіз
Біз көбіне сөзбен «кешірдім» дейміз. Бірақ іс жүзінде өкпені ұмыта алмай жүреміз. Мира Кишенбаум кітабында мынадай кеңес айтады: «егер сіз өзіңізді кінәлі сезініп тұрсаңыз, әсіресе, бұрын өтіп кеткен, енді ештеңе өзгерту мүмкін еместей бірдеңе үшін ұялсаңыз, соны қайта-қайта ойлап бергенді қойыңыз. Өзіңізге өзіңіз сот болыңыз. Неге сол кезде сіз солай істедіңіз? Таңдауыңыз болып па еді? Не істеп жатқаныңызды біліп тұрдыңыз ба? Осындай сұрақтар қойып, өзіңізді тергеңіз. Сосын өзіңізді кешіріңіз. Болмаса, игі бір іс істеңіз. Сөйтіп ойлай бергенді доғарыңыз. Өткен шақта өтіп кеткен істі ойлап, өкіну де, болашақты ойлай беру де эмоциялық энергияны жеп қояды. Өмір деген дәл қазір және дәл осы жерде өтіп жатыр». Осыны есте ұстаңыз.