Жаңалықтар

Елімізде биыл 90 мың жеңіл көлік жасалды

Елде техника өндірісі 2022 жылғы 11 айда 24,9% өсті

Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпарат бойынша 2022 жылдың 11 айында Қазақстандағы кәсіпорындар 99 246 көлік құралын өндірді, бұл 2021 жылғы қаңтар мен қараша арасындағы нәтижеден 24,9%-ға көп, былтыр 79 459 техника шыққан. Барлық өнімнің жалпы құны 1.03 трлн теңге құрады. Қаңтар-қараша арасында елдегі зауыттар 90 434 (+32,3%) жеңіл автомобиль, 6 575 жүк көлігі, 1 158 (+13,6%) автобус, 623 тіркеме/жартылай тіркеме және 456 әртүрлі арнайы техника құрастырған.

Қазақстан АвтоБизнес Қауымдастығы (ҚАБҚ) мәліметінше Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» алғашқы орыннан көрінді. Мұнда биыл 60 029 автомобиль жасалды, ал былтыр 50 012 (+20%) көлік құрастырған екен. Алматыда орналасқан Hyundai Trans Kazakhstan өндіріс көлемін 33 223 (+46,8%) машинаға дейін арттырды. Семейдегі СемАЗ 2 117 коммерциялық техника шығарды. Көкшетауда жұмыс істеп тұрған «КАМАЗ Инжиниринг» 1 117 жүк көлігін жасаса, оңтүстік астанадағы Hyundai Trans Auto 958 (+39%) коммерциялық техника шығарды. Қарағанды облысында орналасқан QazTehna 449 автобус жасады, Daewoo Bus Kazakhstan 182 техника құрастырды.

Өнімі Қазақстанда жасалатын ең танымал брендтер (экспортты қоса алғанда) бестігінде Chevrolet (34 360 дана), Hyundai (33 223 дана), Kia (13 384 дана), JAC (6 400 дана) және Lada (4 877 дана) бар. Халық жиі таңдайтын модельдер – Chevrolet CobaltHyundai Tucson және Chevrolet Nexia.