Темірлан Мұратұлы: Жиһаз  жасау кәсібін бір құрылғымен бастадым

Жарияланды
Кәсіпкердің айтуынша, бұл кәсіпті аз қаржымен бастауға болады

Кейінгі кезде жиналмалы (трансформер) жиһаздарға сұраныс артып келеді. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – 26 жастағы кәсіпкер Мұратұлы Темірлан Timmur.Transform компаниясының негізін қалаушы. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан бойынша үш жиһаз дүкені бар.

– Жиhаздың қандай түрін шығарумен айналысасыз?

– Қазіргі таңда, трансформер үстелдерің жасаймыз, яғни жиһаздың қатты түрін дайындаймыз. Ас үй жиһазы, қонақ бөлме жиһазы мен шкаф қажет болса, тапсырыс қабылдай береміз. Негізінен осы жиналмалы үстел жасауды (трансформер)  толық қолға алдық.

– Жиhаз жасау кәсібімен айналысып келе жатқаныңызға неше жыл болды?

– Жалпы бұл салада жүргеніме 2 жыл уақыт болды.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Ақшасыз бастадым десем болады. Тапсырыс берушінің жартылай 50 пайыз төлемін алып, сол ақшаға трансформер үстел жасадым. Осылай бұл салаға бет бұрдым.

– Жиналмалы үстелге деген сұраныс жағы қалай?

– Негізі, жиһазға, оның ішінде  трансформер үстелге деген сұраныс жоғары. Өйткені, көпқабатты үйлерде орын аз. Ал жиналмалы үстел көп орын алмайды, қонақ шақырған кезде таптырмайтын дүние. Оның өте ыңғайлы екенін көргеннің бәрі барлығы қызығады.

– Қазақстандағы жиhаз жасау саласында бәсеке қаншалықты жоғары?

– Елімізде соңғы уақытта бұл сала бойынша бәсеке жағы артып келеді. Бәсеке бар жерде, сұраныс бар. Тіпті тапсырыс өте көп болғандықтан, үлгермей жатырмыз.

– Бір күнде орта есеппен қанша үстел сатасыздар?

– Қазіргі кезде үш қалада: Ақтау, Атырау және Шымкентте дүкеніміз бар. Әр дүкенде кем дегенде 5–6 үстел сатылады. Сонда үш дүкенді қосқанда, тұрақты түрде 15–20  трансформер үстел сатылады. Мереке  кезінде сауда тіпті жақсы. Жаңа жыл келе жатыр, тапсырыс өте көп.

Орта есеппен бір үстелдің бағасы қанша?

Бізде  жиналмалы үстелдің ең арзаны 75 мың теңге. Ал сатылымда тұрған ең қымбат үстелдің бағасы 300 мың теңге. Жалпы  тапсырыс көлеміне қарай, үстелдің бағасы 400-500 мың теңгеден де асады.

– Бұл трансформер үстелдің ерекшелігі неде?

– Бұл жиналмалы  үстелдердің ерекшелігі 50 см-ден бастап 4 метрге дейін ұзарады. Егер де 4 метрлік үстел алатын болсаңыз, оны 2-3 метрлік ұзындықта орналастыра аласыз. Сонымен қатар, өте аз орын алады.

–Жиналмалы үстелдің неше түрін шығарасыздар?

– Трансформер үстелдің 9 түрін шығарамыз. Оның ішінде жер үстелі, дөңгелек пішінді, жиналмалы және тағы да басқа түрлері бар.

– Бұл сала бойынша күндік және айлық табысыңыз қанша?

– Әр кезде әртүрлі. Кейде бір күнде сауда жақсы  болғанда 550-600 мың теңге табыс табамын. Ал ең аз дегенде бір күнде 100-150 мың теңге пайда табамыз.

– Бұл кәсіптің артықшылығына тоқтала кетсеңіз?

– Артықшылығына келетін болсақ, қатты қиын жұмыс емес. Таза жүресің. Сонымен қатар, бұл жұмыста дұрыс есептеу қажет. Әрбір миллиметр маңызды.

– Тапсырыс берушілерді, яғни клиенттерді қалай табасыздар? Таргет қолданасыздар ма…

– Тапсырыс берушілерді Instagram, OLX, KASPI.KZ арқылы табамыз. Әрине, таргет арқылы жарнама береміз.

– Бұл саланы кез келген адам бастап кете ала ма?

– Ықыласы мен қолыңда ебі бар кез келген адам бұл саланы бастай алады. Бұл саланы толық бір айда үйренуге болады.

– Осы бизнесті қанша қаражатпен бастауға болады?

– Бұл саланы бір ғана шуруповертпен бастауға болады. Тапсырыс берушіні тауып, одан 50 пайыз қаражатын алып, бастап кетуге болады.

– Жиһазға тапсырысты еліміздің барлық қаласынан қабылдайсыздар ма?

– Иә, еліміздің барлық өңірінен тапсырыс қабылдаймыз. Керек десеңіз Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркия, Қырғызстаннан да тапсырыс берушілер бар.

– Компанияда қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Қазіргі таңда, үш қала бойынша, 15–тен астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.

 – Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Барлығы адамның өзіне байланысты. Кез келген адам кәсіпкер бола алады.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз