«Ақша ешқашан жетпейді» немесе «артық ақша болмайды» демеңіз. Одан гөрі қалайда көбейтудің қамын жасаған жөн. Соның ішінде, инвестициялау жолдарын қарастыруға кеңес береміз. Бүгінгі материалымызда 20, 30 және 40 жастағы адамдарға ақшасын қайда жібергені дұрыс екеніне тоқталамыз.
Ойламаған жерден жұмыста сыйақы берсе, конкурстан ұтып алсаңыз немесе лотереяда жолыңыз болып, ірі көлемді ақшалы бола қалсаңыз, оны бірден жаратуға асықпаңыз. Негізі адамдардың басым көпшілігі жоспардан тыс түскен ақшаны тез жұмсап тастайды. «Онсыз да өмір сүрер едім» деген сөз — өзіңізді ақтау ғана. Оның орнына жасыңызға сай амал қылған жөн.
20 жаста қайда инвестициялаған жөн?
- Білімге ақша құйыңыз. Бұл жас — нағыз дамитын уақыт. Жиырмадан асқанда жұмысқа тұрып, ол жақта қандай машық керегін түсіне бастайсыз. Сондықтан ақша артыла қалса, оны өзіңізге ұнайтын бағытты тереңірек үйренуге жұмсаңыз. Курс, трениң, семинарларға қатысыңыз. Барлығы бірдей алаяқ не инфосыған деп ойламаңыз. Ішінде мықты эксперттер бар. Бастысы, сүзгіден өткізе білу. Курс сатып алған ақшаны шығын деп қарастырмаңыз. Бұл — расында болашаққа инвестиция. Есесіне, көбірек біліп, молырақ табыс табуға жол ашылады. Жаңа жобалар аласыз, оларды сәтті іске асыру жолдарын үйренесіз.
- Қор жинаңыз. Кәмелет жасына толғаннан бастап, 25-30 жасқа дейінгі аралық негізі қатерлі кезең саналады. Өйткені басында баспанасы жоқ жасты үйдің қожайыны аяқ асты пәтерден қуып жіберуі мүмкін. Болмаса, жастығын меңзеп, жұмыстастары шаруаға көміп тастайды. Тұрақтылық туралы көп ой келмейтін уақыт болғандықтан, жастар көбіне басқа жаққа көшу, жұмыс не мамандық ауыстыру туралы ойланады. Кейде жолы болса, кейде таңдағаны дұрыс болмай қалады. Осындай дағдарысқа толы кезеңді барынша жайлы өткізу үшін кемінде екі ай өмір сүруге жеткілікті сома қорда тұрғаны жөн. Сонда кез келген өзгеріске дайын боласыз. Егер сізде қорда екі не одан көп айлық шығын жабатын ақша болса, онда пәтер жалға аласыз, тамаққа қайдан табамын деп уайымдамайсыз. Басқа қалаға көшу туралы ой болса, көбірек ақша жинап, сосын барып бағыт алған дұрысырақ.
- Акция сатып алыңыз. Жинақта сома азғантай болса, онда ұзақ мерзімге, болашаққа жүйе жасауға болады. Мысалы, қандай соманы сіз акция салуға жұмсап, ол туралы ұмытып кете аласыз? Әлбетте, өсуі мүмкін, бағасы түсіп кетпейді деген түріне салу керек. Ал ол үшін қосымша ізденіп, оқу міндетті. Өсу тенденциясы байқалатын құнды қағаз алып алсаңыз, 5-6 жылдан кейін үстіне ақша көресіз.
- Франшизаға жұмсаңыз. Есіңізде болса, бұған дейін «Франшиза деген не?» деген тақырыпта материал жарияланғанбыз. Толығырақ оқып аламын десеңіз, сілтемесі мінеки. Франшиза деген — дайын бизнес нұсқасы. Яғни қалай бастаймын, не істеймін деп бас қатырмайсыз. Дайын схемасын сатып алып, сол бағытта жылжыта бересіз. Бұл жерде бизнесті сіз ғана таңдамайсыз, сізден де нақты талаптарға сай келуіңізді, командамен жұмыс істей алу қабілетіңізді сұрайды. Франшиза құны әр түрлі. Кейбірі азырақ ақшамен бастауға мүмкіндік береді. Ал енді атағы жер жарған желіні алу үшін үлкен көлемде қаражат керегі белгілі. Әлбетте, шығының ішінде ғимараттың аумағы, жабдықтары да кіреді. Мұның бір жақсысы — бизнесті қалай жүргізу керегін сізге тегін үйретеді. Оған қоса, табыс табасыз. Жас бизнесмендерге бұл — жақсы вариант.
30 жас: қайда инвестициялаған жөн?
- Тұрақтандыру қорларына салу. Бұл сома отбасының әдеттегі режимде кем дегенде алты ай тұруы үшін жеткілікті болуы керек. Жинақ банкі шотында ақшаны сақтау ыңғайлы: ай сайын шағын пайыз алынады және сіз бүкіл соманы немесе оның бір бөлігін жоғалтпай алуға болады.
- Жинаққа салып отырыңыз. Егер ақша жақын арада қажет болмаса, оны белгілі бір мерзімге банкке салуға болады. Мерзімінен бұрын алу сізді барлық бонустардан айыруы мүмкін, бірақ мұнда пайыздық мөлшерлеме жоғарырақ. Капитализацияның бар-жоғына назар аударыңыз. Егер бар болса, түсімдер ай сайын жалпы сомаға қосылады, содан кейін өскен сомаға пайыз есептеледі. Тағы бір маңызды мәселе — депозитті толықтыру мүмкіндігі. Неғұрлым көп салсаңыз, соғұрлым көп ақша алуға болады. Егер пайыздық мөлшерлеме инфляциядан жоғары болса, капиталды көбейтуге болады. Егер жоқ болса, кемінде ақшаңызды сақтап қаласыз.
- Ипотека арқылы жылжымайтын мүлікке сала аласыз. Бұл нұсқа басында онсыз да бір үйі бар адамдарға жақсырақ келеді. Яғни бір ипотекадан құтылдыңыз, екіншісінің бастапқы жарнасына ақшаңыз бар делік. Жалпы алғанда жылжымайтын мүлікке инвестициялауға қатысты екіұшты пікір айтылады. Мысалы сіз 10 миллион теңгеге 2 миллион теңгемен жылдық 7 пайызбен үй алдыңыз делік. 15 жыл бойы 100 мың теңгеден беруге дайынсыз. Есептеп барасаңыз, осы уақыт ішінде сіз банкке шамамен 18 миллион теңгедей бересіз. Арада уақыт өткен сайын үй бағасы өспеуі де мүмкін. Керісінше, құласа да ғажап емес. Өсіп кететін жағдайды да байқап отырмыз. Даулы дейтініміз осы себептен.
- Жеке бизнесіңізді аша аласыз. Жастау кезіңізде франшиза алып, кәсіп жүргізіп көрдіңіз делік. Яғни сізде тәжірибе бар. Нені қалай істеу керегін білесіз. Олай болса, жеке кәсібіңізді бастайтын уақыт келді деген сөз. Ол үшін міндетті түрде бәрін басынан бастау міндетті емес. Дайын бизнесті сатып алуға болады. Ондай ұсыныс интернетте толып тұр. Әрине, үлкен зауыт не фабрикалар туралы айтып тұрған жоқпыз. Әйтсе де, гүл сататын дүкен, сұлулық салоны, интернет-дүкен, балалар дүкені және т.б сатып жатқандардан алып, әрі қарай дөңгелете аласыз. Мұның бір жақсысы — бұл жүріп тұрған бизнес. Яғни штаты қалыптасқан, жеткізушілер мен клиенттер де бар. Демек, осы жағынан сізге оңайлау болады. Десек те, мән беру керек біраз дүние бар. Тақырға отырып қалмас үшін мыналарды ескеріңіз:
- Табыс әкеліп тұр ма — соны анықтап алыңыз;
- Беделі қандай?
- Заңмен қандай да бір мәселелері жоқ па?
- Жалға беру мерзімін келісу керек.
Он жерден жүріп тұрған кәсіп болса да, бастапқыда біраз тер төгу керек болады. «Алма піс, аузыма түс» деп отыра алмайсыз. Бизнес-процестерді бақылап, жарнамасына қосымша қаражат бөлу қажет. Кез келген бизнесте табысқа жету үшін мәселе шешу білу маңызды. Қандай құралдар шынымен жұмыс істейді? Қайсысы бекер шығын болады? Кәсіптің қандай бағыты қолайыңызға келеді? Машықтарыңыз бен білгеніңізді паш етіп, жарқырататын сала қандай?
40 жас: қайда инвестициялаған дұрыс?
- Зейнетақыға сала бастаңыз. Мемлекет беретін зейнетақыға сеніп, құр қол отыра бермеңіз. Оның көлемі өте аз. Сондықтан өзіңізд тырмыспасаңыз болмайды. Қарттық келгенде ешкімге күніңізді қаратпаудың қамына кірісіңіз. Бұл ретте акциялар көмекке келеді. Яғни қазір сатып алып, зейнетке шыққанға дейін «ұмытып» кетуіңіз керек. Одан бөлек те ұзақ мерзімдік түрде көп пайда әкелетін түрлері болады.
- Алтын алыңыз. Жүзік пен алқа туралы айтып отырған жоқпыз, бірден айтайық. Өйткені олардың құнының көп бөлігін зергердің жұмысы алады. Дұрысы, алтын құймалар немесе монеталар алыңыз. Бағалы металмен қорғалған акциялар алсаңыз да болады. Мұндай инвестицияның ерекшелігі — ол бір-екі он жылдықтан кейін ғана өзін ақтайды. Яғни, зейнеткерлікке шыққан уақытқа дейін жақсы әдіс.
- Венчурлық қорлар. Қолдағы бар ақшаңызды салмаңыз. Венчурлық қорлар клиенттің қаражатын инновациялық кәсіпорындарға және стартаптарға инвестициялайды. Сондықтан бұл әрқашан тәуекелге бел байлауды талап етеді. Оның 70-80 пайызы табысқа айналмайды, қалған 20-30 пайыздан үміт бар. Екінші жағынан, шағын компания Google немесе Apple болып өсіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда инвестиция тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар жағымды болады: сіз шартты Google-ге оның қызметінің басында ақша салғаныңызды айтып, мақтана аласыз.
- Ипотекасыз жылжымайтын мүлікке салуға болады. Артық төлемсіз пәтер сатып алып, оны жалға беру — тұрақты пассив табыстың бір түрі. Әрине, жалға беру арқылы қамсыз өмір кешіп кетпессіз. Десе де, артық ақша кімге керек емес? Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік — актив. Бастысы, сол үйдің алдағы уақытты бұзылмайтынын не реновацияға кетпейтінін анықтап алу қажет.
- Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз. Пассив табыс деген керемет. Егер салымдар, құнды қағаздар мен өзге де жинақтардан ақша алып келген болсаңыз, онда қаржыдан таршылық көрмеген болуыңыз мүмкін. Әдетте қырыққа таяғанда адам баласының ағзасы әлсірей бастайды, сыр бере бастайды. Сондықтан тұрақты түрде тексеріліп, анализ тапсырып отыруды әдетке айналдыру қажет. Соның ішінде, стоматология арзан болмайды. Имплант салдыру тіпті қымбат. Сол себепті тісіңіз әбден қирап қалмай тұрғанда дәрігерге барып, тіс жегісін уақытында емдеген абзал. Есіңізде болсын! Инвестиция деген қашан да тәуекелге баруды талап етеді. Бірақ тіпті ешкімге сенбей, сандықтың түбіне ақшасын салып қойып отырған адамның өзі уақыт өте келе инфляциядан зардап көреді емес пе? Сол себепті әркім өзіне қолайлы әдіспен ақша жинап, көбейтеді. Сізге бар болғаны қай жолды таңдайтыныңызға тоқталу керек.