Қазақстандағы көрме нарығы қалай дамып келеді?

Жарияланды
Өткізілетін іс-шара да, оларға келушілер  қатары да артып жатыр

Ерте көктем мен сары күзге дейін Қазақстанда түрлі көрме мен форумдар ұйымдастырылады. Әр салада қызмет етіп жүрген жүздеген компанияны өз алаңында жинап, олардың жаңа серіктес тауып, бизнесін дамытуына ықпал етеді.

2022 жылы да бұл үрдістен жаңылған жоқ.  Биыл өткізілген іс-шаралар қатары 2021 жылғыдан әлдеқайда көп. Осы орайда көрме бизнесінің қазіргі ахуалы қандай және бұндай іс-шаралардың ел экономикасына тигізер пайдасы жайлы айтпақпыз.

Нарықтағы жағдай қандай?

Қазақстанда өткізілген конференция, форум мен көрмелердің ресми статистикасы жүргізіліп отырады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бұл сала өсім көрсетіп отыр. Конференция ұйымдастыру бойынша көрсетілген қызмет көлемі 2021 жылы 47,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 23,9 млд теңге болған.

Осы сома – Алматы мен Астана, аймақтарда жыл сайын өткізілетін салалық көрмелер мен конференциялардың нәтижесі.  

Қазақстандық көрме компаниясы, осы саладағы  ірі ойыншы –  Iteca жыл басынан бері 26 көрме, 14 халықаралық конференция, 244 мастер-класс пен семинар өткізгенін хабарлады. Ал 2021 жылы 14 көрме мен бір конгресс, 4 конференция мен екі форум өткізген.  

Көрсеткіштің өсуіне 2022 жылы бизнес сұранысының артуы ықпал еткен. Бизнес қауымдастыққа кездесулер мен серіктес табу, жаңа жеткізу тізбегін құру үшін арнайы алаң қажет.

Бұл жағдайды сандар да растайды. 2021 жылы Iteca ұйымдастырған іс-шараларға 1218 компания қатысып,  оған 13,8 мыңнан астам адам келген. Ал 2022 жылы бұл сандар айтарлықтай өсіп, іс-шараларға әлемнің 55 елінен келген 2 355 компания қатысып, 46 мыңнан астам адам тамашалаған.

Компания бұл сұранысты «қазіргі кездегі экономикалық жағдайға байланысты көрмелер ерекше мәртебеге ие болып отыр» деп түсіндіреді.

«Олар нарықта қандай компаниялар қалып, қайсысы кеткенін біліп, қандай ниша босағанын анықтап, қазіргі жағдайда өз стратегиясын қалай жоспарлау керегін түсіндіреді», – дейді Iteca өкілдері.

 Әлі де сұраныс бар ма?

Цифрлы байланыс арналары – әлеуметтік медиа мен  интернеттің дамуына байланысты, қазіргі кезде бизнестің көрмеге қатысуы қаншалықты қажет деген сұрақ та туындайды. Оның үстіне көрмеге қатысу да арзан емес. Онлайн сату арналары мен жеке брендті қалыстастыру оның қасында арзандау көрінеді.

Алайда статистика басқа жайтты аңғартады. 2011 жылы Skyline Exhibits  компаниясы  EXPO Magazine қатысушылар арасында көрме құндылығы жайлы зерттеу жүргізген.

Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 63%-ы көрме мен конференцияларды «өте құнды» деп санайтыны анықталған, ал респонденттердің 79%-ы мұндай іс-шараларға қатыспау компанияның жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.

Екінші жағынан, көрме мен конференцияға келушілердің 88%-ы көрме тауар іздеу немесе сатып алу процесінің маңызды бөлігі екенін айтқан. Көрмеге келушілердің 91%-ы көрме мен конференциялар түрлі тауарларды салыстыру және жеткізушілермен кездесу үшін қажет екенін атап өтті.

2011 жылдан бері экономиканың барлық саласында цифрландыру қарқынды жүріп, біраз дүние өзгерді деуге де болар. Алайда сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Мәселен сарапшы Генри ДеВрис Forbes.com басылымында маркетингтегі стратегияларды 10 жылдық зерттеуінің нәтижесінде көрмеге қатысу – үздік 5 құралдың қатарынан табылғанын жазған.

Сонымен қатар ол spingo.com сайтының дерегін келтіріп өтеді: болашақ клиентпен көрмеде жеке кездесу құны 142 доллар болса, дәл сондай кеңседегі кездесу құны 259 долларға шығып кетеді екен. Басқаша айтқанда, көрмедегі жеке стенд – серіктестермен  байланыс құруда арзандау түсетін құрал болып тұр.

Iteca компаниясының өкілдері де осындай пікірде. Ұйым сайтында көрмеде кездесіп,  мәміле жасау құны көрмеден тыс жасаған келісім құнынан орта есеппен 40% төмен екені жазылған. Ал көрмеге өз өнімдерін қою – басқа құралдармен салыстырғанда сатылымға алты есе көп әсер етеді делінген.

Бар тарапқа тиімді

Салалық көрмелердің тиімділігін көпшілігі атап өтеді. Мәселер, биыл қыркүйек айында Алматыда өткен KazBuild 2022 және Aquatherm Almaty 2022 көрмелерінің ашылуында Түркия экспорттаушылар одағының жылу, желдету және ауа баптау саласындағы басқарма мүшесі Зеки Өзен: «Түрік өндірушілердің атынан келу біз үшін үлкен мәртебе, өйткені түріктер мен қазақтар бір-біріне бауырлас халық екені тарихтан белгілі, сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру және экономика интеграциясын кеңейту маңызды, біз осы мақсатта көрмелерге әлі қатысуға мүдделіміз» деді.

Бұл дәйексөз іс-шараның бизнес үшін мәні мен пайдасын – байланыстарды арттыру және жаңа серіктестіктерді табу мүмкіндігін қамтиды. Кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті жақсы пайдаланды.

Iteca мәліметі бойынша, екі көрмеге әлемнің 24 елінен 355 компания қатысқан. KazBuild көрмесіне Бельгия, Германия, Греция, Дания, Үндістан, Испания, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, БАӘ, Польша, Португалия, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Финляндия, Франция және Оңтүстік Кореядан келген компаниялар қатысқан.  Ал көрме өткен үш күн ішінде Қазақстан мен таяу шет елдерден, сондай-ақ Австралия, Канада, Ұлыбритания, АҚШ, БАӘ және Швейцариядан 5,6 мыңнан астам адам келіп көрген.

Сонымен қатар, мемлекеттік аппарат өкілдері де салалық шаралардың экономика үшін маңызын атап өтті. KIOGE-2022 мұнай-газ конференциясының пленарлық отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов 1993 жылы құрылғаннан бері KIOGE Қазақстан және бүкіл Каспий өңірі мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелер мен негізгі оқиғаларды талқылайтын беделді алаң ретінде танытты деп атап өтті.

«Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда мұнай-газ секторы үшін жаңа тәсілдер мен нақты шешімдерді әзірлеуге ықпал ететін диалог алаңын қолдау маңызды деп санаймын», –  деді Болат Ақшолақов өз сөзінде.

Расында қазіргі түйткілдер мен ықтимал шешімдерді талқылауға үкімет пен бизнес өкілдерінің басын қосатын конференция мен көрме өткізу бұрынғыдан да өзекті. Жаһандық экономикадағы ағымдағы жағдай Қазақстан экономикасы үшін жаңа сын-қатер тудырып тұр және осындай  жағдайда диалог алаңдары өте қажет.

Оның үстіне, бұл көрмелер бизнестің жаңа технологиялар мен шешім іздеуіне негіз болады. Биыл қыркүйек айында Алматыдағы Mining and Metals Central Asia 2022 көрмесінің ашылуында Тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұқанов тау-кен металлургия кешені мен Индустрия 4.0 үшін жаңа технологиялар енгізу мәселелері өзекті екенін айтып өтті.

«Көрме алаңында саланың дамуына серпін болатын инновациялық технологиялар, жабдықтар мен шешімдер қойылған», – деді Төлеген Мұқанов.

Сондай-ақ, конференция өтетін орындарда шеберлік сағаты мен мамандандырылған семинарлар жиі өтеді, онда сарапшылар саланың  өткір мәселелерін талқылай алады. Бұндай мүмкіндік басқа қайда бар? Тек көрме мен форумда.

Осы бірнеше мысалдан мемлекеттің де, бизнестің де салалық шараларға қатысуға деген қызығушылығын байқауға болады. Олардың көпшілігін қазақстандық нарықта 29 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және жыл сайын ең ірі халықаралық көрме мен конгрестер өткізетін Iteca компаниясы ұйымдастырған.

Қатысушы компаниялар мен келушілер санының тұрақты өсіп келе жатқаны мұндай іс-шараларға сұраныстың сақталып қана қоймай, артып отырғанын байқатады. Сондықтан іс-шараларды ұйымдастыру нарығы қазіргі жағдайда да өзін сенімді, тұрақты  сезінеді.

Сондай-ақ оқыңыз