Инвестиция

БАКАД: Орталық Азиядағы ең ірі автожол қашан пайдалануға беріледі?

Қазақстанда жол құрылысын жүргізу қалай жеңілдетілмек?

Жобасы 2018 жылы, құрылысы 2020 жылы басталған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 2022 жылы пайдалануға беріліп үлгермейтін болды. Алайда жоба жетекшілері  қарқынды жұмыстардың толық ауқымда жүргізілуіне байланысты жобаны ертерек аяқтайын деп отырмыз дейді.

Жобаны іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2018 жылы басталған болатын. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы екі жылдан соң басталды. Концессия шартына сәйкес құрылыс мерзімі бастапқыда 50 айға жоспарланған еді. Алайда, концессионер жобаны ертерек жүзеге асыра алды.

«Автожол құрылысы бойынша барлық негізгі деген жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру және жол ақысын алу жүйесі орнатылып жатыр. Концессия туралы заңға сәйкес жобалар инвесторларға мемлекет балансына қабылданғаннан кейін ғана беріледі. Осыған байланысты пайдалануға беру 2023 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын іске асыруды түрік-корей консорциумы жүзеге асырады. Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 шақырым жүрген жағдайда, 66 шақырым қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.

«Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Орталық Азиядағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы болып саналады. Аталған жобаны іске асыру жолдың транзиттік әлеуетін жоғарылатып, транзиттік маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтады және экологиялық жағдайды жақсартады», деп атап өтті Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Айта кету керек, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтетін болады. Бұл автожол Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы керек.

Министрліктің хабарлауынша, бұдан былай жол құрылысы жұмыстарын жүргізу әлдеқайда жеңіл жүзеге асырылмақ. Қазір бізде жол құрылысына қатысты 114 құрылыс нормативі, 303 ұлттық стандарт, 527 мемлекетаралық стандарт, 17 ведомстволық құрылыс нормасы, 200 ведомстволық нормативтік-техникалық құжат және баға белгілеу мен сметалар бойынша 56 жинақ бар екен.

Өз кезегінде құжаттардың артық көлемі мен олардың реттелмеуі өзара басымдылықты анықтауды қиындатады, ал қарама-қайшылықтар, қайталанулар және ескірген нормативтер жағдайды одан сайын ушықтырып, жолдарды жобалау мен олардың құрылысы барысында көптеген қателіктерге алып келеді.

Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл күзде салалық нормативтік базаны жүйелі реформалауға көшті.

«2023 жылы «ҚазжолҒЗИ» АҚ нормативтік-техникалық құжаттардағы сәйкессіздіктерді, қайталануларды анықтау, сондай-ақ талап етілмеген және өзектілігін жоғалтқан нормативтік құжаттарды жою бағытында жұмыс жүргізетін болады.Жұмыстың нәтижесі бойынша 100-ден аспайтын нормативтік құжаттан тұратын мүлдем жаңа құрылым жасалуы тиіс. Аталмыш іріктеу салалық ережелермен жұмыс істеу уақытын қысқартады, сондай-ақ жолдарды жобалау мен олардың құрылыс сапасын жақсартады деп күтілуде. Мәселен, Қазақстанда битум тұтқыр затты сынау әдістері бірден 12 стандартпен реттеледі. Оңтайландыру аясында олар тек бір құжатқа енгізілетін болады», делінген министрлік хабарламасында.

Ендігі кезекте ғылыми-зерттеу институты нормативтік-техникалық құжаттаманы жетілдіру бойынша жұмысқа кіріскен. Бүгінде «жобалау», «құрылыс», «пайдалану» және «жол саласының экономикасы» бағыттары бойынша 4 сараптамалық топ құрылды. Аталған топтарда ғалымдар нормативтерді өзектендіру мен қысқартуға баса назар аударатын болады.

Әрбір тармақ бойынша мүдделі тараптармен талқылау үшін ұсынымдар жасалады. Тиісті шақырулар барлық жобалық және мердігерлік ұйымға, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен мемлекеттік органдарға жолданды.

«Шешім жеке-дара қабылданбайды. Бұл мәселені талқылау барысында ешкімнің пікірі назардан тыс қалып қоймауын көздеп отырмыз. Нәтижесінде Қазақстанда бірыңғай нормативтік база пайда болуы тиіс, ол веб-сайттардың құрылымына ұқсас болады. База ақпараттық жүйе ретінде қалыптастырылады. Сұраққа жауап іздеу үшін маманға енді барлық салалық стандартқа жүгінудің қажеті жоқ. Ол үшін базадағы қажетті бөлімді таңдау жеткілікті. Сонымен қатар қағаз нұсқасын жасау да жоспарда бар», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Оның айтуынша, жол саласы дамыған мемлекеттердің, оның ішінде Қытай, Түркия, Германияның тәжірибесі негізге алынады. Айта кетерлігі, бұл елдерде нормативтік құжаттардың негізі болатын нұсқаулықтар қолданылады.