Еліміздегі кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртудың бірнеше жолы қарастырылған
Қазақстандағы 68 қалада кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту қажет. Бұл бағыттағы жұмыс қазір Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында жүзеге асырылып келеді. Келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкентте тағы 3 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Бұл туралы ҚР Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Ведомство басшысы қалалардағы тиісті жұмыстарды атқару үшін қаржыландырудың екі тетігі қарастырылғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023-2028 жылдар аралығында елімізде кәріз тазарту жүйесін салып, жаңғырту жоспарланған. Қазір республикадағы 89 қаланың 27-інде кәріз-тазарту жүйесі қарастырылмаған. 41 қалада оның тозу деңгейі 60%-ға таяу. Министрлік осы бағытта қаржыландырудың екі тәсілін пысықтады. Біріншіден, мемлекеттік кепілдікті ұсына отырып, халықаралық қаржы ұйымдарының зайымдарын тарту арқылы. Аталған тәсілді халқы 45 мың асатын 26 ірі қалада жүзеге асыру көзделген. Екіншіден, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асыру. Осы тәсіл халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын болады», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Министр зайымдық қаражатты қайтарудың екі көзі бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, тариф пен республикалық және жергілікті бюджеттен субсидиялар бөлу. «Алайда республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялардың көлемі негізгі қарыздың жалпы сомасынан аспайтын болады», деді ҚР ИИДМ басшысы.
Жоғарыда айтылғандай, халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қаладағы кәріз-тазарту жүйесіне байланысты жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылмақ.
Қалалардағы экологиялық ахуалды ескере отырып, кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртудың іске асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздеріне байланысты аталған жобалардың тізбесі қалыптастырылды. Қаржыландыру мәселесі бойынша, әсіресе, Еуропа қайта құру және Даму банкі мен Азия Даму банкімен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Министрлік КТЖ жобаларын уақытылы іске асыру жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдады. Атап айтсақ, кәріз-тазарту жүйелері жобаларын іске асырудың жолдары Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында қарастырылып, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, «Мемлекеттік кепілдікті көздейтін су арналарын салуға халықаралық қаржы ұйымдарының зайымы» тетігі бойынша Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту бойынша жобаларды іріктейтін әдістеме айқындалды», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.