Қоғам

Әлеуметтік уақыт деген не?

Қазір уақыт неге жылдам өтетіндей көрінеді?

Уақытты біз ғасыр, жыл, ай, күн, сағат және секундпен өлшеп үйренгенбіз. Былай қарасаңыз, қай заманда да сол 24 сағат, 365 күн болған. Бірақ сол уақыт кейде зымыраса, кейде өтпей қояды. Мұның себебі неде? Бүгінгі материалымызда осы туралы қозғаймыз.

Астрономиялық уақыттан бөлек, әлеуметтік уақыт түсінігі бар. Яғни оның негізінде ғаламшарлар мен жұлдыздардың қозғалысы емес, қоғамдағы өзгерістер жатады. Яғни минут, сағат, жыл деп өлшенбейді. Оның есебі абстракт — дәуір, өмір, кезең. Мұндай әлеуметтік уақытта әлдебір оқиғаның қанша уақыт болған ұзақтығы емес, оның қалай сезілетіні көрініс табады. Айталық, лекцияда отырғанда 90 минут жылжымай қояды да, ал оған дейінгі өміріміз — көрген түстей. Ал енді әлеуметтік уақыттың жылдамдығы неге артып жатыр? Философия ғылымдарының кандидаты Фархад Ильясовтың айтуынша, әлеуметтік уақыт адамның «жеке» уақытын көрсетеді. Мысал үшін қызу жұмыс кезінде уақыт қалай өтеді, ал аялдамада автобус не банкте кезек күткенде ше? Сонымен қатар, уақыт туралы түсінік жас бойынша да өзгеріп отырады. Мәселен, балалар құбылыстарға көп мән бере бермейді. Өйткені олардың мына әлем туралы танымы аз. Сондықтан да олар уақыт ақырын жылжиды деп ойлайды.   

Техникалық прогрестің әсері қандай?

Бұрын  қоғамдағы өзгерістер, тұрмыстағы оқиғалар өте баяу жүретін. Кейбірі тіпті байқамай да қалатын. Прогрестің жылдам бола түскенін адамзат тарихы кезеңдерінің ұзақтығынан көруге болады. Антика дәірі мың жарым жылға жалғасқан, орта ғасыр — мың жылға жуық, жаңа кезең — 300 жыл, жаңарған кезең — бір ғасыр, заманауи постмодернистік кезең болса — 30 жылдай ғана. Өзгеріс те өте көп. Технологияның дамығанының әсерінен ақпарат жылдам тарайды. Бір қаладан екіншісіне жету үшін де бірнеше сағат жеткілікті. Сол уақыт ішінде болатын оқиға болса, көбейгеннің үстіне көбейіп жатыр. Мысалы, осыдан 2 ғасыр бұрын Атлант мұхитын жүзіп өтетін кемелерге 15 күн уақыт кеткен. Ал қазір лайнерлер оны бар болғаны 3,5 тәулікте еңсереді. Технологиялар бір-бірін алмастырып тұрады. Сондықтан қазіргі адамдар үнемі үйреніп, жаңа нәрсені танып жүреді.    

Ақпарат көп болған сайын уақыт та зымырайтын сияқты көрінеді

Жоғарыда айтқанымыздай, прогресс өскен сайын бір астрономиялық сағат өлшемінде бірнеше оқиғаның қатар өтіп жатқанын байқай береміз. Бірақ сол баяғы — 24 сағат. Адам миына неғұрлым көп ақпарат кірген сайын оған жүктеме көп түседі. Сол үшін ол үнемі бірнеше істі қатар алып жүреді. Дедлайн сақтауға мәжбүр болады. Ақпаратты қорытуға уақыт тым қысқа, кейде тіпті болмайды. Уақытты көп алатын іс-шараларды барынша қысқартып, минут пен сағат санайтынымыз содан. Ұлыбританиядағы Лид университетінің профессоры Зигмунд Бауманның жазуынша, қазіргі қоғамда уақыт бәсеке, жарыс, басым түсу, манипуляция және билікпен тығыз байланысты. Табысқа ұмытылыстан Адамдар мүмкіндігі жетсе де, жетпесе де жүгіре беруге мәжбүр дейді. Бауман мұны «уақыттың сәттерге дейін қысқаруы» деп атайды.  

Ақпарат қабылдау қабілеті шектеулі

1956 жылы Гарвардтан шыққан психолог Джордж Миллер студенттерімен бір тәжірибе жасайды. Оқытушы студенттеріне бірнеше сан, әріп, сөздерді атап, соны қайталауға тапсырма береді. Осылайша Миллер орта есеппен адамның ә дегенде қанша ақпаратты есте сақтай алатынын есептейді. Адамның жедел жады 7 ± 2 ақпарат бірлігін есте сақтай алады екен. Яғни жеті қосарлы сан, әліпбидің жеті әрпі, бес күрделі сөз дегендей. Мұндай мәліметтер көлемі 9-50 бит аралығын қамтиды. Десе де, адам жадын бұлай өлшеу дәл сипат бере алмайды. 

Математикалық ақпарат теориясына сүйене отырып, Массачусетс технологиялық университетінің профессоры Дуглас Робертсон адамның орта есеппен өндіретін ақпарат көлемін есептеп көрмек болады. Адамдардың тілдесе бастаған кезінен бастап, интернет пайда болғанға дейінгі кезеңді алады. Нәтижесінде бастапқы кезде әлгі көлем 107-109 битке тең болса, ал диджитал дәуірде оның көлемі 1025 битке жеткен. Робертсон бұл зерттеуін сонау 1990 жылы жарияланған. Одан бері 30 жыл өткенін ескерсек, ақпарат көлемі одан бірнеше есе өскені анық. Алда енді осылай арта береді. Кей ғалымдардың айтуынша, ақпарат ағынының мұндай көп болуынан адамдарда мазасыздық, жадымен мәселе туындауы мүмкін. Кейбірінің есте сақтау қабілетіне кері әсер келуі ғажап емес. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген Сократтың өзі кітаптардың адам жадын төмендетіп, тәуелді етеді деген пікірде болған. Әйтсе де, заманына қарай — адамы. Бейімделіп кетуіміз ықтимал.

Уақыттың сырғуы өмірімізге қалай әсер етеді?

  • Үнемі уақыт жетпейтіндей көініп, күйзеліс артады. Әлеуметтік уақытты тез өтуі қазіргі заманның мынадай парадоксын тудырады: қоғам мен технологияның дамуы негізінде біздің уақытымызды үнемдеуі керек еді. Бірақ соның өзінде уақыт тапшылығы қатты байқалады. Қазіргінің адамы үнемі жүгіріп жүріп жұмыс істейді. Бұл ретте басты рөл — ақпараттық шуда. Яғни хабарламалардың дені маңызсыз не маңызы аз болады. Сол себепті ми оларды сүзгіден өткізеді. Шешімдер қабылдап, бірдеңемен айналысып, соның бәрін барынша тез істеуге ұмтыламыз. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: сіз баламен атобуста кетіп барасыз. Жұмыста хатқа жауап беріп жатып жолақысын төлейсіз. Орындыққа жайғаса бергенде басқа жұмыс шығып қалады. Әрине, осындай жағдайлар адамға әсер етеді. Ол тез шаршайды, көп нәрсені ұмытып кетуі мүмкін, үнемі стресспен жүреді. Мұндайда не істеу керек? Ең алдымен, сабыр сақтаңыз. Бәріне үлгеру әсте мүмкін емес. Сондықтан бір жерге кешігіп бару — қалыпты жағдай. Демалыс күні де «жұмыс» дей бермей, миыңызды тынықтырыңыз. Уақыт тапшылығы деген мәселеден демалыңыз. Интернетке көп кірмеуге тырысыңыз. Далаға таза ауа жұтуға шығып, серуендеңіз. Бастысы, далада жүрмін деп әлеуметтік желіні ақтармаңыз. Бір хобби тауып алыңыз. Музыкалық аспапта ойнап үйренесіз бе, шаңғы тебуге дағдыланасыз ба — бірдеңе істеңіз. Жұмыс күндерін дұрыс жоспарлаудың да маңызы зор. Соның ішінде расында маңызды нәрселерге басты назар аударыңыз. Шама келсе, басы артық шаруалардан өзіңізді босатыңыз. Жаңалықтың бірін де қалдырмастан оқиты әдетіңіз болса, арылған абзал. Әлеуметтік желіде көп отыру да зиян. Сіздің өз өміріңіз бар. Соны әдемі бояулармен қанықтырыңыз. Тайм-менеджмент техникаларын қолданып көріңіз. Өзіңізге қолайлы әдісін тапқан соң, өнімділігіңізді арттыра аласыз. 
  • Өмірден баз кешіп кеткіңіз келеді. Ақпаратқа шамадан тыс қанық болған кезде, өмір ритмі тым жылдам болып кеткенде адам жақсы төлейтін жұмысынан да шығып кетуге дайын болады. Қазіргі қала тұрғындарының көбінде белгісіздік, тұрақсыздық бар. Көпшілігінің дауншифтиң таңдайтыны да содан. Өйткені олар күйзелістен шаршаған, жүгірістен, ауа жоқ кеңседе қамалғаннан қажыған. Сөйтіп бәрін тастап, «нағыз өмірдің» дәмін аңсап, іздеуге шығады. Филип Востальдың бір мақаласында мынадай мысал келтіріледі. Жас ғалымдар ғылыми ұжымға қосылады. Олардың нарықтағы құндылығы Артуы үшін олардың барынша көп зерттеу жұмысы күтілетіні белгілі. Ақыр соңында енді бастап келе жатқан жас ғалымдар ғылымға уақыт арнағысы келгенімен, әлгі сенімді ақтау үшін жұмыс істеймін деп тез шаршап, депрессияға түсіп кетеді. Содан кейбірі ғылымды тастап кетеді. Осыған ұқсас жағдайда жүрсеңіз, бәріне қол сілтегеніңіз жөн бе — ойланыңыз. Әрине, алыстағы бір аралда жатып сурет салып, «өмір дегенің осы ғой» деп жазба қалдырған күшті көрінеді. Дегенмен шынайы өмірде бәрі ондай оңай емес. Эстетикалық қалау мен эгоны ғана емес, тұратын жер, ішім-жемді де ойлау керек. Жаңа жаққа көшкенде тұра аласыз ба, әлде қазір сізге сәл ғана мотивация жетіспей тұр ма — анықтап алыңыз. Кемінде демалыс алып, тынығыңыз. Иықтағы ауыр жүк, міндеттемелерсіз өмір сүріп көргенде өзіңізге не керегін түсінесіз. Осылардың бәрін істеп көріп, бәрібір кеңсені де, қаланы да тастап, тауға кеткіңіз келсе — алға. Неге байқап көрмеске?  
  • Адамдармен аралас азаяды. Соның ішінде, тірілей сұхбаттасу. Дижитал дәуірдің бастан өткерген бірден бір аспектісі — сөйлесу, жұмыс, білім, ойын-сауықтың бәрі интернетке ауысып кетті. Яғни әлеуметтік офлайн байланыс азайып барады. Кейінгі кездері тіпті touch hunger (немесе skin deprivation) деген термин де қалыптасты. Мұны «жанасу жетіспеушілігі» деп аударсақ болады. Әсіресе, пандемия кезінде мұны көпшілігі сезініп үлгерген болса керек. Ата-анаңызбен, жақын достарыңызбен кейінгі рет қашан кездесіп, арқа-жарқа болып отырған едіңіз? Телефон арқылы хал сұрасу, видеобайланыспен сөйлесу емес — көзбе-көз көрісу айтамыз. Ғалымдардыі айтуынша, осы touch hunger-дің кесірінен адамдарда картизор гормоны яки стресс көбірек бөлінеді екен. Мұндай жағдайда не істейміз? Смартфонға деген тәуелділікпен құтылуға тырысыңыз. Сіздің іс-әрекеттеріңізге анализ жасайтын арнаулы қолданбаларды жүктеп алыңыз. Хабарламалар мен қоңырауларды белгілі бір уақытта дыбыссыз қылып қоюға болады. Керек емес хабарламаларды тіпті өшіріп тастаңыз. Қолданбайтын сервистерді де жойыңыз. Онлайн офлайннан басым түспегені дұрыс. Біреумен сөйлесіп отырсыз ба — телефонға алаңдамаңыз. Достарыңызбен сөйлесуге уақыт табыңыз. Жақындарыңызға көңіл бөліңіз. Жұмыс пен интернет олардың орнын ешқалай баса алмайды. Өмір темпінің өсуі қазір қалыпты жағдай болып барады. Әйтсе де, уақыттың жылдам бола түсуі біздің санамызда ғана болып жатыр.