Инвестиция

2022 жыл: ел экономикасының негізгі көрсеткіштері қандай?

Халықаралық көлік бағыттарын дамытуға басымдық берілді

Экономиканың нақты секторын нығайту қоғамдық өмірдің басқа да салаларына оң мультипликативті әсер береді, нәтижесінде бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына әкеледі. Осы жылы тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және мұнай өңдеу секторларында кәсіпорындар өз жұмысын бастады. Жалпыұлттық пул шеңберінде биыл құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылды және 15,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 

2022 жылғы барлық жаңа жобалар жобалық қуаттылығына шыққан кезде олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды, оның ішінде экспорт – 1,1 трлн теңге, импортты алмастыру – 0,6 трлн теңге. Жыл бойы Үкімет Қазақстанға бірқатар ірі шетелдік компанияны көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 62 компания бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді: 21-і релокацияланды, 13-і пысықталуда, тағы 28-імен белсенді келіссөздер жүргізілуде.

4% жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда оның аясында 97 млрд теңге игеріліп, 12,4 мың автомобиль берілді.

2023 жылғы қаңтарда бағдарламаны қайтарымды қаражат есебінен қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отыр, бұл қысқа мерзімді перспективада қазақстандықтарға тағы 1300-ге жуық автокөлік ұсынуға мүмкіндік береді.

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті: жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құрады. Биыл әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан құбылмалы жағдайға байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2022 жылы 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін олардың санын 237-ге жеткізу жоспарлануда. Мемлекет меншігіне 5,2 млн га ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, 2023 жылы тағы 5 млн га қайтару көзделген.

Сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар одан әрі іске асырылды, оның шеңберінде 2021-2022 жылдары қуаты 201,1 мың тонна болатын қоймалар іске қосылды (бұл – жоспардың 111%-ы).

Қазақстанның негізгі экономикалық артықшылықтарының бірі – жоғары көлік-логистикалық әлеует. Оны одан әрі дамыту үшін 2030 жылға дейінгі тиісті тұжырымдама әзірленді. Құжат аясында жолаушылар мен жүк жеткізу жылдамдығын арттыру, цифрландыру мен зияткерлік басқару жүйелерін енгізу, экономикалық жағынан белсенді орталықтар мен елді мекендер арасындағы көлік қатынастарын дамыту, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің, логистикалық терминалдардың және т. б. өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Халықаралық көлік бағыттарын дамыту шеңберінде Қазақстан Әзербайжан, Түркия және Грузия елдерімен 2022-2027 жылдарға арналған «тар» дәліздерді  синхронды жою және Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойды. Бұл тұрғыда мемлекет Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыруды, «контейнерлік хаб» салуды, сондай-ақ сауда флотын 10 жаңа пароммен толықтыруды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас шаралар басқа қол қоюшы елдер тарапынан қабылданады деп күтілуде.

Қашағанда қуаттылығы 1,1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, Теңіз кен орнында Сағалық қысымды басқару жобасы бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді, оны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр, Қарашығанақта қосымша 3 млрд текше метр газды өңдеу бойынша жоба пысықталуда.

Тағы бір маңызды бастама – Kaznedra ақпараттық жүйесін енгізуді көздейтін геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау. Бүгінгі таңда платформа пилоттық режимде іске қосылды. Онда Қазақстанда жер қойнауы пайдалануға берілетін барлық учаскелер туралы ақпарат ұсынылады.

Энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін, сондай-ақ елді мекендердің инженерлік желілерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік беретін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы әзірленді. Атап айтқанда, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту, 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозу деңгейін 15%-ға төмендету, апаттарды азайту және азаматтарға тұрақты қызмет көрсету бөлігінде нарық қатысушыларының қарсы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сутегі энергетикасын дамыту шеңберінде 27 қазанда ҚР Үкіметі мен Svevind компаниясы арасында қуаттылығы күніне 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытын, 40 ГВт дейінгі жаңартылатын энергия көздері станциясын және өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн тонна сутегі қондырғыларын салу жөнінде келісімге қол қойылды.

Бүгінде Қазақстанда инвестициялар тарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау бағытында дәйекті жұмыс жүргізіліп жатыр.Нәтижесінде өнеркәсіп объектілерінің саны ұлғайып, инфрақұрылымды біртіндеп жаңғырту ісі алға жылжуда, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларында жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.

Алдағы жылдары да басым секторларда еліміздің экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар «зәкірлік»  жобаларды іске асыру көзделіп отыр.