Өзбекстанда балалар өліміне себеп болған дәрі Қазақстанда тіркелмеген
Қазнетте Өзбекстанда 18 баланың өліміне себеп болған «ДОК-1 МАКС» препараты еліміздің дәріханаларында еркін сатылатыны туралы жазылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы stopfake.kz хабарлады.
«Marion Biotech (Үндістан) шығарған «ДОК-1 МАКС» дәрілік заты Қазақстан Республикасында тіркелмеген. Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне сәйкес, «ДОК-1 МАКС» препаратының тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі 2018 жылы аяқталды. Демек, «ДОК-1 МАКС» Қазақстан аумағында бөлшек және көтерме сегментте сатылмайды, сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттар тізбесіне кірмейді», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін «ДОК-1 МАКС» препараты қазақстандық «Биосфера» дәріханалар желісінің сайтында сатылып келген. Желі иесі «ЗАМАН ФАРМ РИТЕЙЛ» компаниясының хабарлауынша, бұл ескі ақпарат.
«Осы хатпен «ЗАМАН ФАРМ Ритейл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі https://biosfera.kz/ сайтында ұсынылған сауда атауы «Док-1» препараты бойынша ақпарат ескі екенін хабарлайды. Осы хат әзірленген күні, нақтырақ айтқанда 2022 жылғы 25 желтоқсандағы жағдай бойынша «ЗАМАН ФАРМ РИТИЭЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасында сауда атауы «Док-1» препараты жоқ және оны сатпайды», – делінген компанияның ресми хатында.