Таяуда Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың төрағалығымен жұмыс отырысы өткізіліп, оның барысында ішкі істер органдарының еліміздің қалаларындағы автожолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты фото-бейне тіркеу бойынша жұмыс тәжірибесі талқыланды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Статистикаға сәйкес кейінгі 4 жылда елімізде 55 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 60 мыңнан астам адам зардап шегіп, 8 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Бұл ретте «Сергек» аппараттық-бағдарламалық жүйесі енгізілген сәттен бастап, еліміздің жолдарында өлім-жітімнің 50%-дан аса төмендеуі байқалып, қоғамдық орындардағы қылмыс айтарлықтай азайыпты. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін төленетін айыппұлдардың есебінен бюджетке 50 млрд теңгеге жуық қаражат түскен.
Аталған заманауи жүйенің жұмысындағы оң нәтижені бағамдай отырып, ҚР ИИДМ көліктік бақылау қызметтерін автоматтандыру мақсатында осы технологияны пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып отыр.
Қазір ведомствомен «Астана-Теміртау» жолдарында қанатқақты жобаны іске асыру үшін «Көркем телеком» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандум жасасу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Министрлік өкілдері бұл жобаның ірі көлемді және ауыр салмақты автокөліктердің қатысуымен орын алатын құқық бұзушылықты, сондай-ақ жолаушылар мен багажды тұрақты немесе тұрақты емес тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті автоматты түрде анықтап, көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау арқылы жол төсемінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік және экономикалық тиімділікке қол жеткізуге септігін тигізетінін айтты.