Шахмат нарығының дамуына не ықпал етті?

Жарияланды
Курсив газетінің шеф-редакторы
ФИДЕ президенті Аркадий Дворковичпен сұхбат
Фото: Сергей Алексеенок

Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович жылдам шахматтан Алматыда өтіп жатқан  турнир барысында «Курсивке» шахматтағы тенденциялар мен осы спорттың болашағы жайлы сұхбат берді.

— Аркадий Владимирұлы, сіз бір жыл бұрын адамдар шахматты сырттан тамашалағаннан гөрі, ойнағанды ​​ұнататынын, бірақ негізінен тегін ойнап, сондықтан шахмат платформаларында конверсия әлі де аз, ал нарық өспей тұрғанын айтып едіңіз.  Содан бері бірдеңе өзгерді ме?

— Адамдар шахмат көргеннен гөрі, ойнағанды ​​ұнатса да, нарық өсіп жатыр. Оған бірнеше фактор себеп: Үндістандағы шахмат олимпиадалары осы елде шахматтың дамуына серпін берді, Үндістан қазір белсенді шахматшылар қатары бойынша да, жас дарынды шахматшылар саны бойынша да ең ірі шахмат державасы болып отыр. Үндістан түрғындары ойнап қана қоймай, ойынды тамашалағанды ұнатады. Осы нарықтың арқасында жалпы танымалдылық артып келе жатқаны байқалады. АҚШ-та да, кейбір Еуропа елдерінде де шахматқа  деген қызығушылық артып келеді. Бізде қазір Қытайға қатысты статистика жоқ, бірақ мен ол жақта да бәрі жаман емес деп ойлаймын. Геосаяси жағдай, жаһандық экономикаға байланысты қиындықтарға қарамастан, ірі турнирлерге серіктес табуға болады, яғни серіктестер шахматқа қызығушылық танытады. Бұл біздің дұрыс бағытта екенімізді байқатады.

– Бүгінгі таңда екі тенденция айқын байқалады: бір жағынан, шахматты цифрландыру (шын мәнінде оны киберспортқа айналдыру), Play Magnus сияқты платформалар мен қосымшалардың дамуы. Екінші жағынан классикаға қарағанда жылдам шахматтың  қарқынды дамуы (шоу-ойын көрсетуге ыңғайлы). Бұл үрдіс шахмат ойынына деген көзқарасты қалай өзгертеді?

–Бұл тренд басталғаны биыл емес, біраз болды. Бірақ қазір анық байқалып келеді. Chess.com сайты chess24 сайтымен біріккені жайлы хабар (chess.com сайтын chess24 ойын платформасы сынды  бірнеше брендті біріктіретін Play Magnus Group компаниясы сатып алды «Курсив»), жылдам шахматтан жүлде қоры 2 миллион доллар болатын онлайн-турнир өткізу –  осының дәлелі. Жаңа толқын ұтыс пен жеңіліс тез өзгеретін, эмоцияға толы және нақты уақыт интервалы бар жылдам ойын көргенді ұнатады. Адамдар платформаларға кіріп,  стрим-қызметтерді қолданады – мұндай шахмат олардың өмірінің бір бөлігіне айналды. Бұл бірнеше күн бұрын Магнус Карлсен айтқандай, классикалық шахмат танымалдылығын жоғалтып жатқанын білдіре ме? Меніңше, жоқ. Мен Магнуспен  сөз таластырмаймын, ол осы саланың қазанында қайнап жүрген соң, жақсырақ білетін болар. Алайда менің өз ойым, классикалық шахмат өз орны мен беделін сақтап қалады. Бұл ойынды бүкіл әлемде миллиондаған адам ойнайды, шахматты ойлай алатын кісілерге арналған ойын ретінде жақсы көреді. Бұдан бөлек, жылдам шахмат, интернет, киберспорт, цифрлық шахмат тенденциясы дамып келеді.

– Таза антропологиялық тұрғыда айтар болсақ, қалыптасқан көзқарасқа сәйкес, интеллекті, айталық, орташа деңгейден жоғары адамдармен жұмыс істеудің ерекшелігі неде? «Шахмат интеллектін» қалай сипаттар едіңіз, оның ерекшеліктері қандай?

–Жоғарыда аты аталған Магнус Карлсеннің өзі Алматыда өткен баспасөз мәслихатында шахмат жақсы онайтын адамдар, жай ғана шахматты жақсы ойнайтын қарапайым адам екенін айтты. Бұл осындай қасиет өмірлік дағдыға жеңіл айналады деген сөз емес. Шахмат интеллекті, негізінен жалпы интеллектке жақсы әсер етеді, екеуін бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Шахмат интуитивті түрде стратегиялық шешім қабылдауға көмектеседі, заттарды есте сақтау, санау, қарсыласты құрметтеу, ойын ережелерін құрметтеу, көптеген артықшылығы бар. Бірақ олар өмірді алмастырады дегенді білдірмейді және ешқандай жағдайда шахматты өмірдегі жайттармен шатастырмау керек. Бұл үлкен рахат сыйлайтын жақсы ойын, интеллектті дамытуға жақсы құрал, бірақ ол өмірді алмастыра алмайды.

–Ал  Нассим Талеб «Fooled by Randomness» кітабында трейдер болғысы келетін МВА иегерлері түйіндемесіне шахматтан қандай деңгейде екенін жазады дейді…

–Әрине байланыс бар, шахмат кез келген жағдайға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Көптеген шешім мен бүкіл тақтаны, алаңды, т.б. көруге ықпал етеді. Бірақ адамдарды шахмат фиругаларымен теңестіруге болмайды,  өмірде адамдарды шахмат фигураларымен жүргендей ысыра алмайсың. Дегемен шахмат, тренерлер мен спортшылардың айтуынша,  футбол, баскетбол, жекпе-жек сынды ойындарда  жақсы стратегия құруға көмектеседі.

– The Queen’s Gambit сериалы шахмат танымалдығының артуына ықпал екендей. Оның танымал болуына екі фактор әсер етті: біріншіден фильмнің феминистік тұсы, екіншіден доктор Хаусқа ұқсас данышпан-фрик  секілді шахматшы образы. Осы орайда мынандай сұрақ туындайды: ФИДЕ Магнус Карлсен сынды үздік ойыншылар үшін белгілі бір образ қалыптастыруға мұқтаж ба? Жалпы, шахматта жұлдыздар институты бар ма?

–Әрине, шахмат жұлдыздары бар. Магнус бар, басқасы бар. Баяғыда Фишер болған еді. Каспаров  пен басқа ойышылар болған. Басты жұлдыз – әлем чемпионы болады. Таль да Ботвинниктен ұтылып қалса да, сондай жұлдыз болып қалды. Супержұлдыздар да бар, бірақ бірді-екілі ғана. Алматыда өткен әлем чемпонатындағы көрермен қошеметінен адамдар стриминг жұлдызы – Хикару Накамураны жақсы көретіні байқалып тұрды. Ал Магнус – керемет мегажұлдыз. Олардың бәріне арнайы бір образ  қалыптастырудың қажеті жоқ.  Олардың бәрі жеке тұлға, біздің үздік шахматшылар тек ойынмен шектеліп қалмай, адамдармен араласқаны керек. Қазір бұл мәселе бар. Шахмат адамның өз әлеміне кіріп, тек шахматпен өмір сүруіне итермелейді. Шахмат танымал болып, дамып және серіктестердің қызығушылығын тудыруы үшін бұл жұлдыздардың халықпен араласуы маңызды. Ең бастысы – осы. Ал олардың образы, жүріс-тұрысы – маңызды емес, бір-біріне ұқсамаса да болады.

–Жұлдыздарды қоғаммен, адамдармен  араласуға ынталандырасыздар ма?

 – Мұны ішінара келісім-шарт міндеттемелері арқылы жасаймыз. Бірақ қазір шахматшылар бірте-бірте қоғаммен байланыстың маңызын түсіне бастады, өйткені олардың БАҚ-пен жұмыс істеуі, көпшілік алдына шығуы серіктестер тартуға және турнирлерді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретінін байқады. Олар балалармен ойнауға және кейбір іс-шараларға келуге дайын.

–Жеке басқа қатысты бір сұрақ қойсам,  Ресей үкіметінде жұмыс істеген кезбен салыстырғанда, ФИДЕ басшысы ретінде еркіндік көп пе?

–Иә, еркіндік бар. Заңдық тұрғыда алсақ, шектеу аз болғанымен, жұмысы көп. Былай айтсақ болар, ресми түрде еркіндік мол болғанымен, уақыт жоқ.

– Сіз бұл лауазымға келген кезде ФИДЕ-нің жағдайы қандай еді? Илюмжиновтың рөлін қалай бағалайсыз?

–Менің ойымша, Кирсан Николайұлы шахмат үшін көп еңбек сіңірді, белгілі бір кезеңде ФИДЕ-ні толық күйреуден сақтап қалып, шахмат күнтізбесін сақтауға, әлем чемпионаты мен  басқа да турнир өткізуге көп еңбек сіңірді.  Мұндағы қордаланған мәселе – жүйе жоқ, білікті мамандар тапшы, маркетинг, шахматты насихаттау мүлдем жоқ. Жеке адамдар, соның ішінде Кирсан Николаевичтің өзі де жеке бастамасы, шахматқа деген махаббаты негізінде көп нәрсе жасаған. Оған әркім жанын, күшін салды, бірақ жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып, ынта кәсіби жұмысты алмастырған. Біз жалпы шахмат жүйесін кәсіби ұйымдастыруға тырыстық және пандемия, қазіргі дағдарыс кезеңінде де бұл өз жемісін берді деп есептейміз. Біз көптеген жаңа серіктес таптық, бүкіл ұйымның тұрақтылығын қамтамасыз ете алдық.  Ең ірі интернет-платформалармен бәсеке емес, әріптестік орнаттық, бұл бізге үлкен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

–Қазіргі екіге бөлінген әлемде спортты қалай дамытуға болады? Орыс басқыншылығына байланысты (немесе, мысалы, Сергей Карякиннің ұстанымына қатысты) бас тарту мәдениетімен қаншалықты жиі ұшырасасыздар?

– Біз бүкіл шахматшылар шахмат ойнауы үшін бәрін жасаймыз. Саясат шахматшылардың өз кәсібімен айналысуына кедергі жасамауы керек.. Халықаралық шахмат федерациясы бәрі ойнайтын санаулы ұйымдардың бірі болып қала береді. Иә, мемлекеттік ту  мен басқа белгілерге қатысты шектеулер бар, бірақ бәрі шахмат ойнайды. Біздің үлкен шахмат отбасы болып қалуымыз өте маңызды.

–Ресейлік шахматшылар еуропалық жарыстарға қатыса ала ма?

  — Ресми ФИДЕ жарыстары болса, қатыса алады. Біз тек бәрі ойнай алатын жарыс өткіземіз. Бұл бұлжымас ереже. Егер қандай да бір ел ойнау құқығына кепілдік бермесе, онда біз ол жерде ресми жарыс өткізе алмаймыз. Еуропалық шахмат одағының ережесі басқа. Олар Ресей туы астында қатысатындарға  Еуропада ойнауға мүмкіндік бермейді. Бұл – олардың шешімі. Ресми ФИДЕ жарыстары бәрінің қатысуын көздейді. Сондықтан өкінішке қарай, кейбір елдерде ресми жарыс өткізе алмаймыз.

— Қазақ шахматының әлеуетін қалай бағалайсыз?

 – Қазақстандағы шахматта, әсіресе, «әйелдер шахматында» айтарлықтай ілгерілеу бар.  Табысты шахматшы қыздар бар, олардың көпшілігі жоғары деңгейде, жас буын да мықты. «Ерлер» шахматы артта қалып тұр, бірақ үш-бес жыл ішінде жаңа жұлдыздар шығуы мүмкін. Мектептерде шахматты факультатив пән ретінде енгізудің маңызы зор. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті қолдап отыр, алға қойылған көптеген жоспар орындалса, онда бұл көп жылдар бойы шахматтың дамуына негіз болады. Ал үлкен турнирлер қызығушылық тудырып қана қоймай, қайда ұмтылу керегін байқатады.

— Азия шахмат нарығының болашағын қалай елестетесіз?

— Ресей шахмат федерациясы Азия федерациясына кіруге өтініш берді. Оны қабылдау немесе қабылдамау Азия шахмат федерациясына байланысты, бұл ФИДЕ-нің шешімі емес. Ресейліктер еуропалық турнирлерде ойнай алмағандықтан, Азияда ойнауға ынтасы бар. Оның үстіне азиялық шахмат Үндістан, Қытай, Өзбекстан есебінен дамып жатыр. Қазақстанда «әйелдер» шахматы осал емес. Иран  бар, Түркия даму жағынан Еуропадан кем түспейтіні сөзсіз. Ресейлік шахматшылар үшін кәсіби деңгейде ойнауға және шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік. Бұл Азия шахмат федерациясын нығайтып, шахматты бәсекеге қабілетті етіп, чемпиондық орындар үшін тартысты ойын болары анық. Орыстар Азия федерациясына кірсе, кейбір елдер чемпиондықтан қағылуы мүмкін. Сондықтан шешім қабылдайтындар мұның бәрін мұқият таразылауы керек.

Алматы қаласында 25-30  желтоқсан аралығында  рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты өтті. Жүлде қоры 1 млн долларды құрайды. Турнир ұйымдастырушылары – ФИДЕ мен Қазақстан шахмат федерациясы. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Әлем чемпионатының бас серіктесі Freedom Broker компаниясы  ғаламдық доданың   барлық жүлде қорына демеушілік жасады. Одан бөлек,  «Тиолайн», Lancaster Group, Shokan Ualikhanov School, отандық стартап жоба Chess Legends, Polymetal, Turan, Coca-cola, Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры,  туризм индустриясы мен спорт саласын қолдайтын  Sport Qory  да  әлем чемпионатының серіктестері. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс медаль иеленген Динара Сәдуақасованы құттықтады. Мемлекет басшысы Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионатындағы жетістіктері еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Оның айтуынша, спортшыларымыздың халықаралық турнирлердегі әрбір жеңісі осы спорт түрімен айналысатын жастарды қанаттандырады және бұл Қазақстан шахмат мектебінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді.


Сондай-ақ оқыңыз