Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен және басқа да кәсіп түрімен айналысатын азаматтарға конкурстық негізде берілетін болады.
Кәсіпкерлікті дамыту
Шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі:
- Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды;
- Займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін;
- Мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін).
Жалпы, бұл жобаға 2023 жылы 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл 5,7 мыңнан астам жастарды қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылды. Осылайша, тексерулер мен жаза қолданудан бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылды.
Осы жылы 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданбақ. Оның аясында қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізу, республикалық және бірінші дәрежедегі облыстық жолдардың бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін монтаждау, сондай-ақ бесінші буындағы мобильді байланыс желілерін енгізу қарастырылған. Бүгінгі таңда базалық станциялар орнатылып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 5G байланысы пилоттық режимде іске қосылды.
Көлік
Автомобиль көлігі секторында халықаралық тасымалдарға арналған ершікті автотартқыштар бастапқы рет тіркелгені үшін алымнан босатылады.
Көлікті цифрландыру саласында «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі» өнеркәсіптік пайдалануға енгізілетін болады, ол тауар-көлік жөнелтпе құжаттары мен жол-сапар қағаздарын электрондық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін өңірлердің барлық цифрлық камералары мен «Сергек» АӨК интеграциялау жолымен цифрлық көліктік бақылауға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.
Тұрғын үй құрылысы және жол жөндеу
2023 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Бұдан басқа, халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80%-ға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.
Құрылыс кодексі әзірленеді, ол саланың көптеген жүйелік мәселелерін шешуге және оның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы 11,8 мың км автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың км – құрылыс және реконструкциялау, 3,2 мың км – күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың км – жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.
Жеке тұлға банкроттығы
Наурыз айында жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарастырылған жаңа заң күшіне енеді. Онда азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету, борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру (банкроттықтан кейінгі бірқатар шектеулер), борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар белгіленген.
Сондай-ақ Заң шеңберінде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік көмек көзделген, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар басқа шаралар қабылданады.
Әуе рейстері
Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады. Атап айтқанда,
- Астанадан Дохаға,
- Ақтау мен Шымкенттен Анкараға,
- Алматы мен Ақтаудан Мединаға,
- көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.
Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарлануда.
Бұдан басқа,
- Алматыдан Пәкістанға – Карачи мен Лахорға рейстер ашу,
- Алматы – Дели бағыты бойынша Үндістанға,
- Алматы – Чэнду бағыты бойынша Қытайға,
- Алматы – Лондон бағыты бойынша Ұлыбританияға,
- Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан – Тбилиси мен Подгорицаға орындалатын рейстер санын арттыру жоспарлануда.
Сонымен қатар
- Астана – Бішкек,
- Ақтау – Ереван,
- Алматы – Самарқан,
- Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды деп күтілуде.
Салық
2023 жылы «E-Salyq Azamat» және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан басқа, 2022 жылдың соңында ЭШФ АЖ арқылы электрондық үлгіде жазылған орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері салықтық есепке алу үшін есепке алу құжаттамасы болып танылатын заңнамалық өзгерістер енгізілді (2018 жылдың 1 сәуірінен бастап ретроспективті түрде).
Яғни, салық төлеуші бұдан былай орындалған жұмыстар актілерінің көшірмелерін қағаз түрінде ұсынуға міндетті емес.