Қоғам

2023 жылы Қазақстанның әлеуметтік саласында қандай өзгерістер болады?

Биылдан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі

2022 жыл Қазақстан үшін қиындығы мен қызығы қатар келген жыл болды. 2023, жаңа жылға ғана емес, жаңа кезеңге аяқ бастық. Биыл экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан еліміз үшін біраз өзгерістер болуы тиіс. Соның бірқатарын «Курсив» оқырмандарына таныстырып кетуді жөн санадық. Атап айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі артады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі.

Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

Сондай-ақ 2023 жылы республика өңірлерінде шағын несе беруді жеңілдеу есебінен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды. Бұл жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бес жылда жобаға 1 трлн теңге бағытталмақ, бұл 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді.

Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы мөлшері артады. Бұл мақсатқа республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған. Атап айтсақ, жылдың басынан бастап зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) өсті.

Базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуын, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті.

Нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Бұл өсім зейнеткерлердің барлығына қатысты болды.

Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті.

Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өсті, енді ол:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңгені (2022 жылы – 120 840 теңге),
  • төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.

Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері осы жылдан бастап АЕК-тің өсуін ескере отырып 8,5%-ға ұлғайды.

Жәрдемақы алушылардың көп бөлігін құрайтын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Бұл ретте биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін аталған төлемді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері АЕК мөлшеріне өсті және келесідей:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге),
  • 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге),
  • 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге),
  • 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге),
  • 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге (бұрын 12 720 теңге) төленеді.

Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын» бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды. Мемлекеттік қолдау бірқатар индекстер мен критерийлер негізінде айқындалатын отбасының немесе азаматтың әл-ауқат деңгейіне сүйене отырып көрсетілетін болады.

Биыл азаматтық хал актісін немесе некені тіркеу кезінде электрондық куәліктерді беру мерзімі 1 айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеу алынып тасталады.

2023 жылы жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттар мен сот сарапшыларын кәсіби қызметпен айналысуға аттестаттауды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Яғни, аумақтық әділет органдарында әңгімелесуді алып тастап, жүргізуші куәлігін алу кезінде тест тапсырғандай онлайн-тестілеуден және компьютерлік ситуациялық кейстерден өтеді.

Биыл «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды ресімдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар Egov mobile қосымшасының функционалын кеңейту бойынша «Цифрлық құжаттар» сервисінде нотариаттық құжаттарға QR-қол қою және оларды көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылғы қаңтар айынан бастап пилоттық жоба барлық өңірлерде, оның ішінде қолжетімді нотариаттық қызметтер тізбесін ұлғайта отырып қолданылады.