Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл науқастарды қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтың беделі мен абыройын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға мүмкіндік береді. Осы жылы орташа жалақыны дәрігерлерге – 30%-ға, 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға, 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы гранттар саны 70%-ға көбейетін болады.
2023 жылы көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда.
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды, оның шеңберінде:
- Диагностика жабдықтарын жаңғырту,
- Ядролық медицина орталықтарын (ПЭТ/КТ диагностикасы) ұйымдастыру,
- Молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту,
- КТ және МРТ балалар стационарларын қосымша жарақтандыру;
- Шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту,
- Ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру,
- Арнайы мекемелердің төсек-орын қорын ұлғайту,
- 17 желілік үдеткіш сатып алу және өзге де қадамдар көзделген.
Биыл ғылыми-зерттеу компоненті бар екі көпбейінді клиника – Астанадағы 200 орындық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының және Алматыдағы 350 орындық Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын аяқтау жоспарланған.
Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық корпусын ашу көзделген (нысанның құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған). Сонымен қатар МЖӘ аясында Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады.
Республикада Қазақстан аумағында бірегей шетелдік препараттарды шығаруды локализациялау есебінен дәрі-дәрмекті келісімшарттық өндіру тетігі енгізіледі. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының фармацевтикалық нарықтағы отандық өндіріс үлесін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылға қарай AstraZeneca-мен Қазақстанға инвестициялар салу, технологиялар трансферті және жаңа зерттемелер туралы негіздемелік келісімге қол қойылады.
Ауылдағы медициналық қызмет сапасын едәуір жақсартуға арналған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынады. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, реконструкциялау және жабдықтау, қолданыстағы 12 аурухананы жаңғырту және жаңа 20 көпбейінді аудандық аурухана ашу жоспарланған. Оның ішінде 2023 жылы 309 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын ашу көзделген.
Биыл білім және ғылым саласы да өзгерістен кенде қалмайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай «жабдықталған» 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылы республика өңірлерінде 220-дан астам мектептің құрылысы басталады.
Еліміздің жоғары оқу орындары шәкірттерінің стипендияларын арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту жоспарланған.
Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 5500 орындық 9 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса, жатақханаларды қайта жөндеу және салу ісі МЖӘ тетігі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ЖОО-лар жатақханаларда орындардың қажетті саны болған жағдайда ғана қосымша мамандықтар аша алады.
Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және сыйлықтармен көтермелейді.
Қазақстандық жоғары білім беруді интернационалдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жүргізіледі. Биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланған.