Сарыағаштық кәсіпкер Әлішерұлы Манатәлі бірнеше жылдан бері лимон өсірумен айналысады. 60 соттық жерді қамтитын лимон бағына 640 цитрус көшеті отырғызылған. Кәсіпкер лимон өсірумен айналыспай тұрып, қияр мен қызанақ өсірген. Кәсіпкердің айтуынша, Сарыағашта қазігі таңда жылыжай өте көп. Әлішерұлы Манатәлі төрағалық ететін «Даян» шаруа қожалығындағы лимон ағашының кейбірі 1 ағаштан 200 келіге дейін өнім береді. Ал, көпшілігінен 100 келі лимон алады екен.
– Жалпы ауыл шаруашылығына келгеніңізге қанша уақыт болды?
– Жылыжайда цитрус пен жеміс-жидек өсіріп жүргеніме14 жылдай болды. Ал, нақты лимон өсірумен айналысып жүргеніме 10 жыл болды.
– Еңбегіңіздің жемісін қанша уақыттан кейін көрдіңіз?
– Ташкенттен лимонның «Меир» деп аталатын сортын алып келіп, отырғыздым. Алғашқы жылдары тек ағаштарды өсіруге уақыт бөлдім. Жемісін екі жылдан соң көрдім.
– Бұл жылыжай шаруашығылы үшін қанша жер пайдаланасыз?
– Қазіргі таңда шаруа қожалығымның 60 соттық жерінде 640 лимон ағашы бар.
– Орта есеппен алғанда, әр ағаштан қанша қаражат табасыз?
– Әр ағаш кем дегенде 100 келі жеміс беріп тұр. Орташа есеппен алғанда, 1 келі лимон бағасы – 500 теңге. Сонда әр ағаштан 50 мың теңге пайда табамыз.
– Бұл кәсіп бойынша табысыңыз қанша?
– Бір жылда 64 тонна лимон цитрусын аламыз. 64 тоннадан 32 млн табыс табамыз. Соның 5 млн теңгесі шығанды жабады. Сонда таза пайда 27 млн теңге. Сонымен қатар, жылыжайда лимон өсіргісі келетін шаруаларға көшет сатамын. Бір жылда 3 мың теңгеден 5 мың лимон көшетін сатсақ, 15 млн теңге пайда табамыз.
– Лимонды еліміздің қай өңіріне тасымалдайсыздар?
– Қазақстанның барлық қаласына жеткіземіз. Көп жағдайда сатушылар бізден көптеп сатып алып, барлық өңірге жеткізеді.
– Бұл саланың артықшылығына тоқталып кетсеңіз?
– Бұл лимон цитрусы көп ауыратын өнімдер сияқты емес. Қазіргі таңда, елімізге өзге елден бір жылда 150 мың тонна цитрус әкеліп сатады. Бұл деген қыруар ақша. Сондықтан бұл саланы, яғни жеміс-жидек, цитрус өсіруді толыққанды қолға алу керек.
– Бұл саланың кемшілі жайлы айтып кетсеңіз?
– Бұл саланың кемшілігі, қыста көмір тапшылығы болады. Біз алатын көмір жаз бойы қазандықта жиналғандықтан, ескі. Бұл ескі көмір жылыжайды дұрыс жылытпайды. Ал лимон өсіруде, маңызды дүниенің бірі – жылу.
– Бұл шаруамен айналысу үшін қанша қаражат қажет?
– Енді бұл жерде әр адам өз қалтасына қарайды. Мысалы, егер де сізде 5 соттық жер телімі болса, онда 50 лимон ағашын отырғызуға болады. Ал 10 соттық жер болса, 100 лимон ағашын отырғызуға болады. Сонда, 100 ағаштан 10 тонна лимон алуға болады.
– Лимонды қай мезгілде сатқан тиімді?
– Лимонды жазда сатқан пайдалы.
– Лионды көп жағдайда тұмау кезінде пайдаланады. Бұл цитрустың тағы қандай ерекшелігі бар?
– Лимон өсіп тұрған жылыжайда қан қысымы жоғары кез келген адам 2 сағат отырса, бас ауруы жайлы ұмытып кетеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің аппаратының баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан аумағында ауылшаруашылығы саласы бойынша 2022 жылы 71,1 мың га егістік жер игеріліп, жалпы 559,3 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жиналды.
35,3 га жерге жылыжай салынып, осы жылыжайлардан екі айналымда 98,7 мың тн өнім жиналып, еліміз бен көрші шет мемлекеттерге саудаланды. Ауданның еңбекқор шаруалары жылыжайда өндірілетін өнім көлемін әртараптандыру мақсатында лимон, құлпынай, баялды (баклажан), кабачок, гүл өсіруді қолға алған.