Қауіпсіздік

Бас прокурор қаңтар оқиғасын кім ұйымдастырғанын айтты

ҰҚК-нің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған
Карим Масимов
Фото: «Курсив»

2022 жылғы қаңтар оқиғасын бас ұйымдастырушысы – ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс кулуарында журналистердің сауалына берген жауабында айтты.

Оның айтуынша, мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық болған. ҰҚК-нің бірінші басшылары – Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Журналистердің «Мәсімовті қаңтар оқиғасын басты ұйымдастырушы деп атауға бола ма?» деген сауалына Берік Асылов «солай деуге болады» деп жауап берді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 17 қаңтарында тұңғыш президенттің немере інісі Самат Әбіш ҰҚК қызметінен босатылған болатын. Маусым айында оның «тергеу орбитасында» екені хабарланды.

Әбіш туралы сұраққа Берік Асылов «Самат Әбішті ешкім ұстаған жоқ, елден ұшып кеткен де шығар, ол жағын білмеймін», деп жауап берді. Сондай-ақ қаңтар оқиғасына Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысы туралы сауалға «Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын», деді.

ҰҚК-нің экс-басшысы мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен 6 қаңтарда ұсталған. Кейін оның үш орынбасары – Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осиповтың ұсталғаны белгілі болды. Оларға билікті күшпен басып алу, билігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 18 қарашада ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты сот отырысы басталды. Оған мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен басып алды деген айып тағылып отыр.