Қоғам

Қаңтар оқиғасына бір жыл бойы дайындалған – Бас прокурор

Қаңтар қырғынында 238 адам қайтыс болды

Қаралы Қаңтар оқиғасына бір жыл. Бүгін Мәжілісте Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, оқ Президенттің «ескертусіз оқ атуға бұйрық бергеніне» дейін атылған деп мәлімдеді.

«Күш құрылымдары оқты алғаш рет 5 қаңтар күні сағат 16:00-де президент резиденциясын қорғау кезінде атқан. Ары қарай қару полиция, әкімдік және өзге де нысандарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін, яғни тәртіпсіздіктер зорлық көрсету кезеңіне өткен кезде пайдаланылды» , дейді Берік Асылов.

Бас прокурордың айтуынша, төңкеріс жасамақ болғандар оған бір жыл бойы дайындалған көрінеді.

«Қастандық жайлы егжей-тегжей айтуға құқығым жоқ. 2021 жыл бойы қылмыскерлерді жасырын түрде дайындаған деп айта аламын. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтар да бар. Олар адам жинап, қаруланып, рация мен көлік сатып алған», деді Асылов.

Бас прокурор олар мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған деп тұжырымдайды. Сонымен қатар ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ісінің неліктен «өте құпия» мәртебесін алғанын түсіндірді.

«Өздеріңіз білетіндей, ҰҚК-нің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс «өте құпия» бабы бойынша тергелді. Материалдарда мемлекеттік құпия болғандықтан, құпия деп танылды. Істе сыртқы саясатқа, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар», – деп түсіндірді Асылов.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен 6 қаңтарда ұсталды. Кейін оның үш орынбасары: Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осиповтың ұсталғаны белгілі болды. Олардың барлығына билікті күшпен басып алу, билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған.

2022 жылдың қаңтар айының басында Қазақстанда сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шеру елдік сипат алып, бас қалаларда көтеріліске, оның арты қантөгіске ұласты. Алматының орталығы қиратылып, содырлар әкімдікті басып алып, президент резиденциясын өртеді.