Тұрғын үйге
БЖЗҚ 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 1 345 400 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,2 трлн теңге аударды. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдаланғаны/пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімшелері). Мұндағы мәліметтер орындалған өтініштердің басым бөлігі әлі де Алматы қаласының тұрғындарына тиесілі екенін көрсетеді (17,46%), Астана қаласы (14,09%), Маңғыстау облысы (10,32%). Егер пайдаланылған сомаларды салыстыратын болсақ, алматылықтар (22,57%), одан кейін Маңғыстау облысының тұрғындары (16,48%) және елорда тұрғындары (14,05%) ең көп сома алғанын көруге болады.
Уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 460,4 млрд теңге қаражат қайтарылды. Себебі, сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.
Салымшылар (алушылар) өздерінің жинақтарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (барлық орындалған өтініштердің 35,7% немесе аударылған сомалардың 64,3%) – бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер учаскесі болған жағдайда). Өтініштердің шамамен 21% (және аударылған соманың 8,2%) одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің осы мәнге жақын мөлшері (20,87%) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша пайдалануы үшін берілген. Бұған барлық аударылған біржолғы төлемдердің шамамен 13% жіберілді. Өтініштердің шамамен 20% (біржолғы төлемдердің шамамен13%) алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында орындалды.
Егер 2022 жылғы деректерді қарастыратын болсақ, мына деректерді атап өтуге болады. 2022 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалануға берілген 610 283 өтінішті орындады. Олар бойынша арнайы шоттарға 703 млрд теңге аударылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе аз. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы да азайды: 2022 жылы ол шамамен 1,2 млн теңгені, ал 2021 жылы – 3,4 млн теңгені құрады.
Емделу үшін
2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін БЖЗҚ жалпы сомасы 318,9 млрд теңгеге емделуге 401 975 өтінішті орындады.
Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 32,3 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша заңнамада белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
2022 жылы емделуге берілген 262 117 өтініш орындалды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. БЖЗҚ денсаулыққа қатысты мәселелерді шешу үшін қазақстандықтардың арнайы шоттарына 192,4 млрд теңге аударды. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Емдеуге төленетін орташа сома 2022 жылы 0,7 млн теңгені, 2021 жылы 0,9 млн теңгені құрады.
Көбінесе (өтініштердің 96% астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсаттарда стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8% офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.
Жеке басқаруға
2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 920 өтінішті орындалды. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3 397 адам. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салымшылардың бар екенін білдіреді. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша нарықта бес ИПБ жұмыс істеуде: «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance»АҚ. Олар туралы ақпаратпен, инвестициялық декларацияларымен танысу үшін enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөліміне кірсеңіз жеткілікті.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.
Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы ақпарат enpf.kz сайтында «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде орналастырылған.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептеледі.