Инвестиция

Mcdonald’s Қазақстан нарығынан неге кетті?

Мәселе – McDonald’s-тың талаптарында

Көпшілікке McDonald’s брендімен танымал «Food Solutions KZ» ЖШС басқаруындағы жедел қызмет көрсету мейрамханалар желісі Қазақстандағы жұмысын тоқтатпақ. Таратылған ақпарат бойынша, жоғары баға мен тасымалдау құны бизнесті шығынға ұшырататын болғандықтан франчайзинг жергілікті немесе еуропалық жеткізушілерден ет сатып ала алмайды. Bloomberg дерегі бойынша, жеткізу тізбегінің бұзылуына және Ресейден ет сатып алудың мүмкін болмайтындығына байланысты McDonald’s Қазақстаннан кету туралы шешім қабылдаған.

Басылымның жазуынша, компания Ресей нарығынан кеткеннен кейін өзінің Қазақстандағы франчайзиіне котлет үшін етті Ресейден сатып алуға тыйым салған. Бұған дейін аталған компанияның еліміздегі 24 мейрамханасы ет жеткізудің қиындығына байланысты былтыр қарашада жұмысын уақытша доғара тұрған болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, расымен McDonald’s-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындады. Осыған дейін біздің мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етіліп келген. Енді ол жол жабылғаннан кейін, компания өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Өйткені қазақстандық етті сатып алмайды. Бұған компанияның жоғары стандарттарды қоюы себеп.

«McDonald’s өкілдерінің өтініші бойынша, жергілікті шикізатқа көшкенге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болды, сондай-ақ қазір де дайын. Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald’s талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады және 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда, McDonald’s-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ», деп хабарлайды салалық ведомство.

Айта кету керек, бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді: мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ.

Министрлік дерегінше, қазір Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылы Қазақстанда 1,06 млн тонна ет өндірілді, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 0,4 пайызға өсті.

Қазақстан Франчайзинг Қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовтың айтуынша, McDonald’s-тың Қазақстаннан кетуі жәй ғана тамақтану желісінің біреуге азаюы емес, бұл – мемлекеттің инвестициялық тартымдылығына әсер етуші фактор.

«McDonald’s-тың бір елге келуі сондағы брендтік алаңды өркениетті ете түседі. McDonald’s – белгілі бір деңгейде сол елге деген сенімнің көрсеткіші іспетті еді. Егер бір қалада оның ғимараты тұрса (яғни, жұмыс істеп тұрса – ред.) онда ол нағыз мегаполис, өркендеген қала деген анықтаманы айқын ете түседі», дейді ол.

Ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, McDonalds – өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын бірінші орынға қоятын халықаралық компания.

«АҚШ, Азия және Қазақстандағы бургердің дәмі бірдей болуы тиіс. Бургерге арналған котлетті тек мұқият аудиттен өткен кәсіпорындар ғана әкеле алады. Ресейде оны италиялық компания атқаратын. Ол компанияның ет комбинаты Орынборда орналасқан. Ал жартылай фабрикаттар цехы – Подмосковьеде. Ондай кәсіпорындардың құрылысы миллиондаған доллар тұрады. Құрылыс туралы шешім қабылдамас бұрын инвестордың Ресей нарығының өлшеміне қарағаны белгілі», дейді ол.

Ал «Қазақстан ет одағының» атқарушы директоры Асқар Жұбатыров елімізде ет жеткілікті деңгейде өндіріліп жатыр дейді.

«Мәселе McDonald’s-тың өзінің талаптарында болып тұр. Олар негізінен – тамақтану қауіпсіздігі және ішкі стандарттары. Негізі қазақстандық ет өндіру кәсіпорындарының халықаралық деңгейдегі сертификаттары бар. Бірақ әр компанияның өзіндік ішкі талабы болады. Соған сай болу үшін біріншіден құрылғыларды жаңарту бойынша инвестиция қажет болады. Иә, біздің ет дәмді. Бірақ ол қаншалықты қауіпсіз, оған жауап беру қиын», дейді Асқар Жұбатыров.

«McDonald’s Қазақстанның» хабарлауынша, жақын арада жаңа атаумен жаңа жылдам қызмет көрсететін мейрамханалардың қайта ашылуы және ашылу мерзімі туралы жарияланатын болады.

«Мейрамханалар желісі ашылғаннан кейін келушілерге жоғары сапалы өнімдер, түрлі мәзір және қонақжай қызмет ұсынылады. Жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар қолданыстағы жоғары стандарттарға, құндылықтарға және бизнес принциптеріне сәйкес жұмысын жалғастырады», делінген хабарламада. 

Еске салайық, Қазақстандағы алғашқы McDonald’s мейрамханасы 2016 жылы ашылды. Жалпы, ел аумағында, атап айтқанда Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды қалаларында аталған брендтің 24 нүктесі жұмыс істеген. Оның аясында 2000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс істеген жылдары «Food Solutions KZ» ЖШС ел бюджетіне 3 млрд теңгеден астам салық төлеп, түрлі қайырымдылық шараларына 80 млн теңгеден астам қаржы бөлген.