Қазақстан суармалы алқаптардың қуаңшылығына қатысты оң шешім қабылдады. Дәлірек айтқанда, іргелес Қырғыз елімен өзара келісім жасалды. Жуырда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Энергетика министрлері Бішкек қаласында бас қосып, «Қамбар ата ГЭС-1 құрылысы» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.
Бұл жоба бойынша, Қазақстан «Қамбар ата ГЭС-1» құрылысына инвестор болмақ. Мұндай келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Қырғызстанға ресми сапары барысында қол жеткізген.
Ал, шілде айынша Чолпон-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қамбар-Ата-1 ГЭС-ін іске қосу Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады» деп мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану үшін бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән береді және өңірдің сумен қамтамасыз етілуін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Аталған жоба Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар бірқатар өңірлерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Жол картасы шеңберінде тараптар бірқатар шарттарды орындауға уағдаласты. Соның бірі бірі — су электр станциясының Жоғары-Нарын каскадын салу мен пайдалану жайындағы құжат болса, екіншісі – Қамбар-Ата-1 ГЭС-і туралы келісім.
«Қамбар ата-1 ГЭС»-нің маңызы қандай?
Егер «Қамбар ата – 1» гидроэлектр станциясы салынатын болса, оның қуаттылығы Орталық Азияның бірқатар елін электр энергиясымен еркін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.
Қырғызстандағы ең ірі ГЭС ретінде бой көтеріп, қуаты –1860 МВтты құрайтын, жыл сайынғы көлемі 5,6 млрд кВт/с-қа жететін электр энергиясын өндіретін болады.
«Және өңірді сумен қамтамасыз етуді тұрақтандырады», – дейді ҚР Энергетика министрлігі. Әйтсе де, қаражат тапшылығына байланысты «Қамбар Ата-1 ГЭС» құрылысы тұралап қалған.
Канадалық SNC-Lavalin International Inc консорциумы әзірлеген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес және ресейлік «Оңтүстік энергетикалық инжиниринг орталығы»-ның есептеуі бойынша ГЭС құрылысына 2014 жылғы бағамен 2,9 млрд доллар қажет болған. Өзге де шығындар ескерілген жағдайда тағы да 3-4 млрд доллар кетуі мүмкін деп болжанған.
Жобаны қаржыландыруға қатысты алғашқы келісім 2012 жылы Ресей үкіметімен жасалған. Бірақ Қамбар-Ата-1 және Жоғарғы Нарын ГЭС каскадының төрт нысанын салу туралы келісім мәресіне жете алмады. Құрылыс жұмыстары тоқтап қалуына байланысты Қырғызстан біржақты шешіммен келісімді бұзған.
2020 жылы жобаны қайта қарастырып, электр стансасының құрылысына инвестор ретінде Қытайдың B&J Corporation компаниясын тарту мақсатында меморандум жасалады. Бірақ, Қырғызстан Ресрубликасындағы саяси оқиғалардың өрбуі мен биліктегі өзгерістерге байланысты бұл келісім де жарты жолда қалып қойды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2022 жылдың 8 маусымында Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысын қайта қолға алып, жобаның бастапқы жұмыстарына шамамен 20 миллион доллар бөлді.
Құрылыс мерзімі шамамен 8-10 жылға белгіленген.Су электр станциясын Жалал-Абад облысының Тоқтоғұл ауданындағы Нарын өзенінде салу жоспарланып отыр.
«Қамбар Ата-1 ГЭС»- тің Қазақстанға берері қандай?
Электр қуатына зәруміз бе? Керісінше, Қырғызстан электр қуатын бізден алады. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түтебаев Қазақстан Қырғызстанға 400 МВт электр энергиясын экспорттағанын мәлімдеген.
Мұны айырбас деуге болады. Яғни, біз электр қуатын ұсынамыз, ал Қырғызстан ауылшаруашылығы дақылдарын суаруға қажетті су мөлшерін өз су қоймаларынан жіберуі тиіс.
Аптап ыстықтағы қуаңшылықтың қос бүйірден қысуы осындай шешім қабылдауға мәжбүрлеп отыр. «Қамбар Ата-1 Гэс» құрылысына инвестор болудың да мәні осында жатыр.
«Қамбар Ата-1 Гэс» құрылысын қаржыландыру су тапшылығының орнын толтыра ала ма?
Дереккөздерге жүгінсек, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында су ресурстары тапшы, қолда бар қор таусылған.Қазақстанның оңтүстігі, әсіресе Жамбыл облысы Қырғызстаннан келетін суға тәуелді. Судың 80 пайызын Қырғызстаннан алады. Соның салдарынан жылда жаз маусымында қуаңшылық қысады.
Әуелгіде Қазақстан мен Қырғызстан арасында өзен суларына қатысты КСРО кезінде, яғни 1983 жылы бекітілген келісімшарт болған. Талай жылдар бойы қос тарап осы келісімшарт шеңберінен шықпады.
Атап айтқанда, Шу өзенінің суының 58%-ы қырғыздарға, 42%- ы қазақтарға бөлінген еді. 2000 жылы келісімшарт қайта жаңартылғанымен, су үлесі сол күйінде қалды. Келісім бойынша, Қырғызстан суды бөгемей, үздіксіз беруге уағдаласса, Қазақстан өз тарапынан су қоймаларын жақсартуға қаржы бөліп тұруы тиіс еді.
Десе де, бұл мәселе әлі күнге шикілігін байқатып келген.
Қырғызстан суару маусымында елімізге келетін су арналарын жауып тастап, шаруашылыққа зиянын бір тигізсе, ал қыста керісінше суды ашып жіберіп, үлкен қиындықтар туғызғаны байқалған. Суды бұрып алу, заңсыз бөгеттер жасауы ел тұрғындарының шамына батты. Бір өкініштісі, мамандар алдағы жылдары су тапшылғы ұлғая түсетінін болжап отыр.
Гидрологтардың соңғы есебі бойынша еліміздегі өзендер мен уақытша ағын сулардың көпжылдық орташа жиынтық көлемі 100,5 км3 көлемінде екен. Оның 56 жарым км3 ғана республика аумағында түзіледі. Қалған 44 км3 көршілес мемлекеттерден келеді: Қытайдан 18,9 км3, Өзбекстаннан – 14,6 км3, Қырғыз Республикасынан – 3,0 км3 және Ресейден 7,5 км3.
Сондықтан Қырғыз елімен өзара ынтымақтастықтың маңызы орасан. Тағы бір атап өтерлігі, Қырғызстан судың 10 пайызын қолданса, қалғанын ГЭС-ті қаржыландырған елдерге жіберерін басып айтқан еді. Ендеше, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су мен шекара мәселесін айқындайтын сәт те келді.