Үйсіз үлескер атанбас үшін не істеу керек?
Мемлекет «7-20-25» бағдарламасын одан әрі жалғастыруға шешім қабылдады. Бірақ бөлінетін қаражат аса көп емес: 100 млрд теңге. Сарапшылар бұл қаражат айналасы 5-6 айдың ішінде таусылуы мүмкін деп болжам айтады. Бағдарлама аясында болсын, басқа да жобалар арқылы азаматтардың баспана алып қалуға биыл да жанталаса кірісері түсінікті. Өйткені үй бағасы ай санап өсіп бара жатыр. Бірақ үй алу кезінде мүлт кетуге тағы болмайды. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінде құрылыс қарқынды жүріп жатқанымен, құрылыс компанияларының барлығында бірдей тиісті лицензия жоқ. Күмәнді құрылысқа ақша құйып, үйсіз қалып жатқан үлескерлер қаншама.
Тек бір Астана қаласының өзінде 80 құрылыс компаниясы тиісті рұқсатсыз үлескерлер қаржысын тартып, құрылыс жүргізіп жатыр.
2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында Қазақстанда 432,2 мың сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға төмен. Еnergyprom мәліметі бойынша, мәміленің ең көп саны (606,1 мың) 2021 жылы тіркелді. Сатылымның көбеюіне сол жылы зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі серпін берген. Нарықтағы дүрбелең өткен жылдың сәуіріне дейін созылды, яғни, сол айдан бастап зейнетеқы қаржысының жеткіліктілік шегі өсіп кетті. Сол уақыт аралығында мыңдаған адам баспаналы болып үлгерді. БЖЗҚ дерегінше, 2022 жылдың 19 желтоқсанына таман тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жалпы сомасы 3,2 трлн теңге болатын 1,3 млн өтінім мақұлданыпты.
«2022 жылдың 11 айында ең көп сатып алу-сату мәмілесі Алматы мен Астанада тіркелді: 64,6 мың және 60,5 мың. ТОП-5-ке Қарағанды облысы (56,2 мың), Маңғыстау облысы (29,5 мың), Алматы облысы (26,3 мың) кірді. Тұрғын үйге деген сұраныспен қатар ұсыныс та өсіп жатыр. Алайда адал ниетті емес компаниялардың нарықта көбеюі көптеген жанды үйсіз қалдыруда. Қазіргі уақытта күмәнді құрылыс компанияларының мәселесі әлі өзекті, кез келген адам олардың еншілес ұйымдарына ұрынып қалуы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, қазір үлестік құрылысты бақылау – құрылыс салушыларға мониторинг жүргізу және заңнаманы сақтамағаны үшін төмен көлемдегі айыппұлмен ғана шектеледі. Бұл кейбір компанияларға көлеңкелі схема бойынша жұмыс істеуге және азаматтармен заңсыз келісім-шарттар жасауды жалғастыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдейді Еnergyprom.
Қазір Қазақстан бойынша алты өңірде елу шақты проблемалық нысан бар. Астанада – 21, Ақтөбе облысында – 11, Атырауда – 6, Маңғыстауда – 5, Ақмола облысында – 4, Алматыда – 3. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 27 нысанның проблемасы 2023 жылы толықтай шешімін табады деп жоспарланып отыр.
«Алданып қалмас үшін құрылыс жүргізуші компания тарихына мән беріп, нарықта қанша уақыттан бері және қалай жұмыс істеп келе жатқанына көңіл аудару қажет. Дефолттың болмауы, өзге секторларда (инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік) жобаларды қалай жасағанын зерттеу керек. Сонымен қатар, құрылыс салушыларға қойылатын мемлекеттік талаптар күшейіп келеді: құрылыс салушы нысанды аяқтауға жеткілікті қаражаты болмаса (оның ішінде тұрғын үй кешенінің қаңқасы салынбаған болса) пәтерлерді сатуды аша алмайды. Сонымен қатар, Бірыңғай оператор мен банктің кепілдіктері болуы керек, оларды берген кезде компанияның жағдайы бағаланады», дейді сарапшылар.
Сонымен қатар Астана әкімдігінің сайтында әрдайым сенімсіз құрылыс компанияларының тізімі жарияланып тұрады. Маңыздылықтың ауқымын түсіну үшін 2022 жылдың 7 қарашасында жарияланған үлескерлерден ақша тартуға құқығы жоқ компаниялардың соңғы тізімін зерделеу жеткілікті. Бұл тізілімге бірден 80 құрылыс жүргізуші енген.
Астанада аяқсыз қалған құрылыс нысандарының мәселесі мемлекет қаражаты есебінен шешіліп келе жатыр. Бұған дейін әкімдік 150 көпқабатты тұрғын үй кешенінің 120-сының құрылысын аяқтаған болатын. Сөйтіп, мыңдаған адам өздерінің көптен күткен пәтерлеріне кірді. 2022 жылдың 16 желтоқсанында 300 үлескер-отбасы пәтер кілтіне ие болды. Қалған 15 нысан бойынша (30-дан астам тұрғын үй кешені) құрылыс қарқынын жеделдету міндеті қойылып отыр.
Жалпы, үй сатып алу кезінде сенімді құрылыс салушыны таңдау басты міндет деп айта аламыз.
Күмәнді немесе адал құрылыс компаниясын қалай танимыз?
1. «Тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы» заңды оқыңыз. Құрылыс салушыда (өкілетті компанияда) үлескерлер қаржысын тартуға қатысты әкімдік рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың («Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ) кепілдігі болуы керек.
Мәміле тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы келісімшарт бойынша рәсімделеді.
2. Құрылыс салушыдан құжаттарды сұраңыз.
- Үлескерлер қаржысын тартуға байланысты әкімдік рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі;
- Реквизит және мекен-жаймен бірге өкілетті компанияның ақпараты;
- Мемлекеттік тіркеуді растайтын анықтама;
- Жер учаскесінің құжаты;
- Нысан және жүзеге асырылған жобалар туралы ақпарат (үйдің параметрі және орналасуы, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы, аяқтау мерзімі, тартылған мердігерлер және тағы басқа).
3. Келісімшартты мұқият оқыңыз.
- Тараптардың реквизиті, құрылыс нысанының мерзімі, мекен-жайы, жалпы аумағы, бағасы;
- Келісімшарт жасау үшін негіз (әкімдік рұқсаты немесе Бірыңғай оператор кепілдігі);
- Үлескер қаржысын басқа банктік шотқа тартуға жол берілмейтіні жайлы тармақ;
- Пәтер беру-қабылдау тәртібі (жеке келісімшарт аясында жүзеге асырылады);
- Кепілдік мерзімі. Пайдалануға берілген уақыттан бастап екі жылдан кем емес;
- Нысан сипаттамасы және үлес нысан-жобасы;
- Төлеу тәртібі. Ақша құрылыс компаниясының шотына жіберіледі;
- Тараптардың міндеттемелері.
4. Келісімшарттың тіркелуіне көз жеткізіңіз.
Есептік жазба туралы үзінді көшірме почта арқылы жіберіледі немесе қолхатпен жеке тапсырылады. Тіркеуді растау болмаған жағдайда құрылыс компаниясына хабарласыңыз.
Үлескерлік қатысу туралы келісімшарт та «Қазреестр» ақпараттық жүйесінің көмегімен іске асырылады. Деректер базасындағы үзінді көшірмені әкімдіктен немесе құрылыс компаниясының өзінен алуға болады.