Қоғам

2030 жылға дейін сұраныста болатын ТОП-25 кәсіп қандай?

8 жыл көлемінде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 2 млн адамға жетпек

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) дайындаған 2023-2030 жылдарға арналған кадрларға қажеттіліктің орта мерзімді болжамы негізінде сарапшылар таяу жылдары неғұрлым талап етілетін қызметтердің ТОП-25 тобын анықтады. Ең маңызды мамандықтар қатарында – орта мектеп мұғалімі, бухгалтер, күзетші, инкассатор және соған байланысты кәсіптер, дүкен сатушылары және олардың көмекшілері бар.

ТОП кәсіптер тізімі былай қалыптасады:

  • Бухгалтерлер – 92 мың адам;
  • Күзетшілер, инкассаторлар және соған байланысты кәсіптер – 77,8 мың адам;
  • Дүкен сатушылары мен олардың көмекшілері – 70,2 мың адам;
  • Әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері – 45,2 мың адам;
  • Автокөлік жүргізушілері мен шопырлар – 45,1 мың адам;
  • Күтім бойынша орташа медициналық персонал – 40 мың адам;
  • Жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері – 37,9 мың адам;
  • Мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер – 36,1 мың адам;
  • Қонақүйлер мен осыған ұқсас мекемелердегі тазалаушылар мен қызметшілер – 34,6 мың адам;
  • Бастауыш сынып мұғалімдері – 32,3 мың адам;
  • Кеңселердегі тазалаушылар – 25,3 мың адам;
  • Шаштараздар – 24,6 мың адам;
  • Орта мектеп мұғалімдері – 23,2 мың адам;
  • Кеңсе қызметкерлері (жалпы бейіні) – 22,1 мың адам;
  • Көшелер мен базарлардағы саудагерлер – 21,7 мың адам;
  • Ғимараттарды қараушылар және күзетшілер – 20,6 мың адам;
  • Аспаздар – 20,5 мың адам;
  • Басқа біліктілігі жоқ жұмысшылар – 20,2 мың адам;
  • Аралас өнім өндіретін фермерлер мен жұмысшылар – 19,8 мың адам;
  • Дәстүрлі тәсілмен көкөніс өсіретін фермерлер мен жұмысшылар – 19,6 мың адам;
  • Жүк көлігінің жүргізушілері – 17,8 мың адам;
  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде біліктілігі жоқ жұмысшылар – 16,6 мың адам;
  • Аула сыпырушылар және ашық аумақтарды тазалаушылар – 16,5 мың адам;
  • Жылжымайтын мүлікпен және басқа да мүлікпен операциялар жөніндегі агенттер – 16,2 мың адам;
  • Штаттағы заңгерлер – 15,2 мың адам.

«Егер жиынтық көрсеткішке қарасақ, білім беру саласындағы кәсіби мамандар – барлық қажеттіліктің 12,5%, жылжымалы жабдықтың жүргізушілері мен операторлары – 8,2%, бизнес және әкімшілендіру саласындағы кәсіби мамандар – 6,8%, азаматтар мен меншікті қорғауды жүзеге асыратын қызметтердің қызметкерлері – 5,3%, тазалаушылар мен қызметшілер – 5,1% сұранысқа көп ие болатынын атап өтуге болады», дейді ЕРДО Болжау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.

Ең аз қажеттілік –

  • Әкімшілік саласындағы басқа қызметкерлер;
  • Жеке тұтыну үшін өнім өндіретін ауыл шаруашылығы, балық аулау және балық өсіру шаруашылығы фермерлері;
  • Қолөнершілер, дәл құралдар, полиграфия және картография бойынша жұмысшылар;
  • Өнім жинаушылар мен сынаушылар;
  • Аңшылар мен орман және балық өнімдері өндірісінің жұмысшылары топтарында күтіледі.

Болжам бойынша, жоғарыда аталған барлық мамандарға сұраныс 2030 жылға дейін шамамен 10,5 мың адамды құрайды.

Ал жақын келешектер, нақтырақ айтқанда 8 жыл көлемінде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 2 млн адамға жетпек.

Жаңа сұраныс экономикалық өсуге (кеңеюге) байланысты жалдамалы жұмысшылар санының өсуін білдіреді. Осы зерттеу шеңберінде жалдамалы жұмысшыларды ауыстыру бойынша сұраныс күтілетін зейнеткерлікке шығудан және жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылардың күтілетін өлім-жітімінен тұрады.

Болжамға сәйкес, жаңа сұраныстың үлесі – 45% (867 мың адам), ал ауыстыру бойынша сұраныстың үлесі 55% (1 млн адам) құрайды.

ЕРДО сарапшылары оптимистік сценарийі бойынша сұраныс көлемі 2,1 млн адам, ал пессимистік сценарийі бойынша 1,8 млн адам күтілетінін атап өтті.

Өңірлік бөліністе урбанизация мен мегаполистердегі халықтың шоғырлануы жалғаса бермек. Осылайша, жалдамалы жұмыскерлерге ең үлкен жиынтық сұранысы Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда – Алматы мен Шымкентте күтіледі. Болжам бойынша олардың қажеттілігі сценарийге байланысты 420-дан 536 мың адамға дейін, яғни жалпы республикалықтан 24-26% құрайды. Бұл ретте ең ықтимал қажеттілік 476 мың адамды құрайды. Ең аз сұраныс орталық, шығыс және солтүстік облыстарда қалыптасады.

«Жалдамалы жұмысшыларға сұраныс 2028 жылы күтілетін ең жоғары деңгейге жеткенге дейін артады, сол кезде болжамды қажеттілік 261 мың адамды құрайды. Бұл ішінара 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру тоқтатыла тұратындығына байланысты», деп атап өтті Қайырбек Аяшев.

Жалдамалы қызметкерлерге ең үлкен жиынтық қажеттілік білім беру (395,6 мың адам), ауыл шаруашылығы (196,3 мың адам) және сауда (193,2 мың адам) салаларында болады. Білім беру саласының кадрларға деген жоғары қажеттілігі елде 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан «бэби-бумға» байланысты.

Тауарларды тасымалдау және бөлу саласында (сауда, көлік және қоймалау, тұру және тамақтану қызметтері) көрсетілген кезеңде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 336-дан 384 мың адамға дейін немесе жиынтықтан 18-19% – ға дейін болады деп күтілуде.