2023 жылдың басым экономикалық міндеттері қандай?

Жарияланды
Экспорттан 77,6 млрд доллар табыс түсті

2022 жылы ел экономикасы 3,1 пайызға өсім көрсеткен. Нақты сектордағы өсім 3,2%-ды, ал қызмет көрсету саласында 2,5%-ды құраған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Оң өсу қарқыны әсіресе, құрылыс (+9,4%), ауыл шаруашылығы (+9,1%), ақпарат және байланыс (+8%), сауда (+5%), көлік және қоймалау (+3,9%), өңдеу өнеркәсібі (+3,4%) салаларында тіркеліп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны – 7,8%.

Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі:

  • Жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға;
  • Ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға;
  • Көлік және қоймалауда – 5,5%-ға;
  • Өнеркәсіпте 5,6%-ға ұлғайды.
  • 2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, 122,2 млрд долларға жетті.
  • Экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, 77,6 млрд доллар болса, тауарлар импорты 44,6 млрд долларға тең (+20,1%).
  • Жалпы, республиканың оң сауда балансы – 33,1 млрд доллар.
  • Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 15 трлн 668 млрд теңге сомасында кірістер түсті (жоспар 104,4%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге шамасында кіріс кірді.
  • Жергілікті бюджеттердің кірістері – 5,2 трлн теңге (107,3%);
  • Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,6%-ға (18,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ға (10,8 трлн теңге) атқарылды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіп салаларының өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел аумағында 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, есептік кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны құрады:

  • Теңіз кен орнында – 29,2 млн тонна;
  • Қарашығанақ кен орнында – 11,3 млн тонна;
  • Қашағанда – 12,7 млн тонна мұнай өндірілді.
  • Мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны құрады.

Былтыр 53,3 млрд текше метр газ өндіріліп:

  • Тауарлық газ өндірісі – 27,8 млрд текше метрді;
  • Ішкі тұтыну – 19,3 млрд текше метрді;
  • Экспорт – 4,6 млрд текше метрді құрады.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрағанын мәлімдеді.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Бұл ретте өндірістің шикізаттық емес секторына инвестиция тарту белсенді жүрді.

Әлихан Смайылов биыл барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бар күшін жұмылдыруы тиіс екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамалары қоғамның сұранысына және ағымдағы сын-тегеуріндерге негізделген. Осы міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды. Ең кемі 4% экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу керек. Сондықтан, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет. Халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрақты өсімге байланысты», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының пікірінше, бизнеске қатысты жаңа реттеу саясаты түсінікті әрі әділ болуға тиіс. 2023 жылы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн адамға дейін арттыру қажет.

«Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп қысқарту және барлығына тең мүмкіндіктер беру. Бұл кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы іске асырылуы тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін қысқартуымыз керек. Биыл жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ын орындау қажет», деді Әлихан Смайылов экономикадағы мемлекет рөлін қысқартуға байланысты айта келіп.

Одан бөлек, Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттер қатарында:

  • Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
  • «Инвестицияны тарифке айырбастау» бағдарламасын сәтті іске асыру;
  • Жаңа Салық кодексін дайындау;
  • Жаңа Бюджет кодексін әзірлеу;
  • Экономиканы цифрландыру жұмыстарын күшейту бар.

Сондай-ақ оқыңыз