Елімізде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтерілді

Жарияланды
38 мың қызметкердің жалақысы 25%-ға артты

Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы 25%-ға артты. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

Жалақының өсуі қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналдарға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға, ал 2022 жылы – 25%-ға өскенін естеріңізге сала кетейік.

Сондай-ақ, 2021 жылы лауазымдық жалақының  30%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерінде қосымша өсуі арқылы әкімшілік және көмекші персонал, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылар үшін жалақыны арттыру жүзеге асқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз