Қоғам

Тұңғыш Президент жайлы заң күшін жойды

Бұл туралы ҚР Конституциялық соты хабарлады

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жойды. Мұндай шешімді ҚР Конституциялық соты қабылдады. Бұл туралы Конституциялық сот сайтында жарияланған.

«2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне ғұмыр бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауын Конституциядан алып тастады» делінген шешімде.

Конституциялық сот бұл шешімді бір топ депутттардың ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарай отырып шығарған. Депуттаттар «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма» деп сұраған.

2022 жылдың ақпанында Тоқаев кейбір конституциялық заңдарға бірінші президентпен саяси бастамаларды ақыласпауға мүмкіндік беретін түзетулерге қол қойды. Сол жылдың маусымында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тұңғыш президент Қазақстанның саясатына араласпайтынын мәлімдеді.

Былтыр 5 маусымында елде референдум өтіп, онда қазақстандықтар ел Конституциясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы норманы алып тастауға дауыс берген. Сондай-ақ, өзгерістер Назарбаевтың бұдан былай Қазақстан Республикасының президенті болып қайта сайлана алмайтынын айқындайды. Негізгі заңға өзгерту енгізуді дауыс бергендердің 77,18 пайызы қолдады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991-2019 жылдар аралығында мемлекет басқарды.