Биылдан бастап кәсібі бар немесе кәсіп бастағысы келіп жүрген жастарға жылдық 2,5 пайызбен микронесие беріле бастайды. Бастама 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынып отыр. Онда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс негізінде микрокредит беру көзделген.
Микронесие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды
Ең жоғары қарыз сомасы 5 млн теңгеге дейін және кепіл болуы міндетті.
Микрокредитті кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредит мерзімінің үштен бірінен аспайды.
Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
- Жергілікті атқарушы органдармен кредит шарттарын жасасу;
- «Аграрлық несие корпорация» АҚ-мен жергілікті атқарушы органдардың тапсырма шартын жасасу;
- Бизнес-жобаларды қарау бойынша өңірлік комиссиялар құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр
«Сіз хабарласатын, несие беру және бизнес-жоспарларды бағалайтын оператор – «Аграрлық несие корпорациясы». Оның барлық облыстарда, ірі қалаларда желісі бар, ең бастысы, несие ұсыну қызмет жақсы жолға қойылған. Бұл бізге процестің жылдам әрі кедергісіз жүзеге асатынын түсінуге мүмкіндік береді», деді вице-министр Олжас Ордабаев.
Оның айтуынша, егер жас кәсіпкер бизнесін агроөнеркәсіп кешені аясында жүзеге асыратын болса, онда несие 7 жылға, ал егер өзге салалар бойынша кәсіп ашса, онда 5 жылға беріледі.
«Микронесиенің бұл жаңа түрі жастар үшін өте қолжетімді болады және мұндай несиенің Қазақстан қаржы нарығында баламасы жоқ. Сондықтан енгізіліп отырған қаржы құралы жастар кәсіпкерлігін дамытуға тың серпін береді деп сенеміз. Сонымен бірге жастардың жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы заң жобасы қазір Сенатта талқыланып жатыр. Егер бұл жүзеге асса онда несиенің жаңа жобасының мақсатты аудиториясы да кеңейе түседі», дейді ведомство өкілі.
Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың сөзінше, жаңа несие бағдарламасы аясында несие каникулы да қарастырылады. Оның мерзімі – 1,5 жыл. Аталған мерзім ішінде қарыз алушы несие бойынша төлемдерді төлеуден босатылады.
«Несие каникулы жас кәсіпкердің бастапқыда өз кәсібін аяғынан тұрғызып алуына мүмкіндік береді. 2023 жылы бұл микроредитті 5,8 мың жас кәсіпкер алады деп жоспарланып отыр», дейді Асқар Ниязов.
Алматы қалалық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, жастарға ұсынылып отырған жеңілдетілген несие тез және сапалы нәтиже көрсетуі әбден мүмкін.
Аталған мақсат үшін биыл республикалық бюджеттен 28 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Жастар кәсіпкерлігі дегеніміз – бұл қаржылық сауаттылық, ұйымдасу және креатив ойлау көрінісі. Адам өз шаруасына өзі қожалық ете жүріп дамиды және бұл еліміздің адами капиталын дамытуға үлкен үлес қосады. Жастарға жылдық 2,5 пайызбен несие беру – кәсіпкерлікке құлшынып жүрген жастар үшін тамаша қолдау. Бұл ретте мен механизмнің тиімді жүзеге асуы үшін «Жас Кәсіпкер» жобасы сияқты кәсіпкерлік негіздеріне міндетті оқытуды енгізу қажет деп ойлаймын. Бұл бағытта мыңдаған балаларды оқытқан, олардың алғашқы стартапын жүзеге асыруға көмектескен бизнес-тренерлер пулын құрған «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі мол. «Жас Кәсіпкер» жобасы 2019 жылы пилоттық режимде іске қосылған еді. Жобаның мақсаты – халықтың экономикалық белсенділігін көтеру және 18-29 жас аралығындағы жастарды кәсіпкерлік салаға тарту», дейді ол.
- Бизнес-жобаны іріктеудің басты критерийі ретінде – жобаның өзектілігі, аргументтілігі, экономикалық негіздемесі, қоғамдық маңызы, бұрын атқарған жұмыстары, жоспары және бизнес-жобаның өмір сүруге қабілеттілігі ескеріледі.
- Комиссия бағалау қағазында несие ұсыну шешімінің (ұсынбаудың) себебін атап көрсетеді. Конкурстық комиссия үміткерлердің бизнес-жобасын қарастырып болғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде қорытынды шығарады.
- Бизнес-жобасы озық шыққан үміткер микронесиені алу үшін микронесиені ұсыну туралы келісімшартқа және халықты жұмыспен қамту бойынша жергілікті атқарушы органмен кепіл келісімшартына қол қояды. Өкілетті органда кепіл келісімшарты тіркелгеннен кейін тексерілген агент 5 жұмыс күні ішінде микрокредит сомасын оның шотына аударады.
- Халықты жұмыспен қамтумен айналысатын жергілікті атқарушы орган тексерілген агент арқылы (займ келісімшартында қол қойылған шарт негізінде) микронесие займының мақсатты пайдалануын бақылайды.