Тәлім Нұрас: Бұл саланың ауыл шаруашылығына тигізер пайдасы мол

Жарияланды
Алматылық кәсіпкер топырақ пайдаланбай-ақ, жем-шөп өсіріп отыр

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Тәлім Нұрас. Жас кәсіпкер топырақ пайдаланбай-ақ, жем-шөп өсіріп отырған жайы бар. Гидропоника – топырақты пайдаланбай, құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өсімдік өсіру тәсілі. Нұрас үш жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша байқауға қатыстып, 2,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Оның көктеп келе жатқан дәнді пайдаланып, гидропоникалық жасыл жем-шөп өсіру жобасы инновациялық деп танылды.

– Нұрас, өзіңіз жайлы қысқа мәлімет берсеңіз?

– Жасым –27-де. Алматы облысы Талғар ауданының Қарабұлақ ауылының тұрғынымын. Негізгі мамандығым – инженер-техник және автоэлектрик. Сонымен қатар діни білім алдым. Бірақ, бұл мамандық бойынша ұзақ жұмыс істемедім. Өйткені, өзіме жұмыс істеп, кәсіп ашуды армандадым. Жалпы, бала кезден ауыл шаруашылық саласына өте жақын болдым.

– Гидропоника жайлы толық айтып кетсеңіз?

– Бұл саланың басты мақсаты – суды үнемдеу. Яғни, топырақсыз жем-шөп өсіру. Арнайы жылыжайда белгілі бір температураны қадағалап отырып, 1 келі өнімнен, 7-8 келі өнім аламыз. Бұл жерде топырақ қолданылмай, су бүрку арқылы жеп-шөп өсіреміз.

– Неге нақты осы кәсіп?

– Бұл саланың ауыл шаруашылығына берер пайдасы өте көп. Бұл сала заманауи тұрғыда, мал шаруашылығын өте жеңілдетеді. Басында айтып кеткендей, ауыл шаруашылық саласы өзіме жақын. Бұл технология тиімді. Пайдасы мен берері мол сала.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Негізі бастапқы кезде бұл кәсіпті 500 мың теңгемен бастадым. Содан кейін, мемлекеттік жобаға қатысу арқылы қайтарымсыз 2,5 млн теңге грант ұтып алдым.

– Бұл саланың артықшылығы мен кемшілігіне тоұтала кетсеңіз?

– Бұл саланың артықшылығын айта кетсем, 365 күн бойы жасыл жем-шөппен ауыл шаруашылығын дамыту. Айтарлықтай кемшілігі жоқ. Тек, бастапқа кезде әрине, шығын болады. Мекеме табу, жылыжайда арнайы температура сақтап отыру қажет. Құрылғыларды орналастыру кезінде кейбір қиындықтар туындады. Кейбір дүниелер елімізде болмағандықтан, шетелден алдырттық.

– Гидропоникамен айналысу үшін жылыжайда қандай жағдай жасау қажет?

– Ең бастысы – тұқымы дұрыс болуы қажет. Дұрыс климатты қалыптастыру үшін жылыжайдың температурасы – 16-18 градус болуы тиіс.  Жылыжайда табиғи климат қалыптастыру үшін  арнайы фитожарықтар қойылады. Бұл жарық күн энергиясы сияқты жарықты да, жылуды да беруімен ерекшеленеді. Тұқымдар арнайы ыдыстарға егіліп, стеллаждарға қойылады. Стеллаждың аралық биіктігі – 30-40 см. Шөп суғару процесі автоматтандырылған. Су форсункамен әрбір  2-3 сағат сайын өзі шашырап тұрады. Су міндетті түрде шөптің тамырына жетуі тиіс.

– Бұл саладағы бәсеке жағына тоқталып кетсеңіз?

– Еліміз бойынша бұл салада  бәсеке жоқ. Иә, әрине жылыжайда өнім өсіру жақсы дамыса да, гидропоника саласында айтарлықтай бәсеке бар деп айта алмаймын. Қазіргі таңда кәсіпті автоматтандыру жағын қолға алып жатырмыз. Сұраныс жақсы.

– Гидропоника тәсілімен өсірілген шөпті, малға қалай дұрыс беру керек?

– Бастапқа кезде бұл шөпті малға көп беруге болмайды. Кей жағдайларда малдың іші өтуі мүмкін. Сол үшін бұл шөпті аз мөлшерде береміз де, ақырындап қоса береміз. Сүт беретін сиырлар бұл шөпті шамамен 13 келідей жейді.

– Сіз шығаратын өнімнің пайдасы мен ерекшелігіне тоқталып кетсеңіз?

– Жалпы бұл саланың пайдасы, малға қажет жем-шөпті тез арада өсіріп беру. Мал етінің құнарлығын арттыру. Гидропоникада өсірілген жасыл шөпте малға қажетті барлық қоректік заттар бар. Гидропоникада өскен шөпті жеген мал тез семіреді. Әрі төрт түліктің сүтін көбейтеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға өте тиімді. Мал жаятын жайылым болмаған кезде, таптырмайтын өнім. Гидропоника тәсілінің ең басты ерекшелігі – мұнда топырақ пайдаланылмайды. Гидропоника – құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өсімдік өсіру тәсілі. Бұл жем-шөп мал шаруашылығымен айналысатын жандарға қаржы үнемдеудің ең бір жақсы тәсілі.

Сұхбатыңызға рақмет

Сондай-ақ оқыңыз