Талдықорғанда оқушы қызды соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-анасына айыппұл салынды
Талдықорғанда оқушы қызды соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда құрбысын ұрды деп айыпталған мектеп оқушыларының ата-аналары сотқа тартылды. Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен әрбір отбасына 20 АЕК айыппұл салынды, бұл 69 мың теңгені құрады.
Құқық бұзушы қыздарға қатысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу әлі де жалғасып жатыр. Жәбірленуші оқушы қыздың өкілі (оның әжесі) бастапқыда арыз беруден бас тартқан. Алайда кеше қалалық полицияға арызданды. Қыз емделу және толық медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқызылды. Іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалды
Полиция жанжалға қатысушыларға қатысты басқа да фактілерді тексеріп жатыр. Бейнежазбаның авторы кәмелетке толмаған қыздардың 19 жастағы танысы болып шықты. Ол да анықталып, полицияға жеткізіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмаған құқық бұзушы қыздардың әрекеттерін білім беру органдары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен тұратын арнайы құрылған комиссия қарастырады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты балағат сөздермен бейне-үндеу жариялаған тағы бір кәмелетке толмаған қыздың ата-анасына айыппұл салынды. Сондай-ақ қыздың өзіне қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша материал жиналды.