Жеке пікірді қай кезде іште сақтаған абзал?

Жарияланды
Пікіріңізді көрінген жерге тықпалау — дөрекілік

Әр адамның жеке пікірі болады. Тіпті өз позицияңызды айқын көрсете білуіңіз керек. Дегенмен кей жағдайларда жеке пікірді басқаға таңу, тықпалау — артық. Бүгінгі материалымызда артық кетіп, екеуара қарым-қатынасты құртып алмаудың жолдарын бөлісеміз.

Ойға келгеннің бәрін айта берудің қажеті жоқ

Қазір көпшілігі жеке пікір, шекара мәселесінде еркін болу керек дейді. Иә, ол өте дұрыс. Өйткені тәуелсіз, мықты тұлға болу үшін өзіндік пікіріңіз болғаны жақсы. Айналада болып жатқан дүниелерге анализ жасап, соған қатысты ойыңызды қалыптастыруыңыз керек. Кей жағдайда жеке ұстаным болмаса, бұғып қалатын болсаңыз, ол қылмыспен пара-пар болып кетуі мүмкін. Ал біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз болса, үндемей қалған жөн болатын сәттер хақында.

Жалпы адамдар өз арасында бір-бірін талқылағанды жақсы көреді. Өзіне ұқсамайтын, көзқарасы басқа адамды табалауға да «шебер». Соның ішінде, шашы басқа түске боялған, бойы ұзын не қысқа, киім кию стилі өзгеше және т.б. себептермен әңгіменің астында қалады. Негізі ойындағысын сол күйі лық еткізе салу балаларға тән. Айналада болып жатқан жағдайда таңырқай қарап, «Анашым, ана қыздың шашын қарашы, қып-қызыл екен», «Әкешім, ана бала топ-томпақ» дей салады. Бұлай болатыны — балаларда әлі эмпатия жоқ, тәжірибе жетіспейді, ретін білмейді. Таңданса, жасыра алмайды. Ал енді ересектің басты айырмашылығы сол — ол өзін басқара алады. Егер басқара алмаса, онда ол әлі «өспеген» деген сөз. Барлық реакцияны сыртқа шығара берудің қажеті жоқ. Олай ету арқылы сіз өзіңіздің кемшілігіңізді көрсетесіз.

Қай кезде үндемеген абзал?

Біз біреу туралы айтып жатсақ, демек ол пікір емес, бағалау болады. Осыны ескеру керек. Жақсы айтып тұрсыз ба, жаман ба — маңызды емес. Өйткені қалай болған күннің өзінде сіз ол адамнан гөрі қалай дұрыс болғанын жақсырақ білетін адамның позициясына көшіп тұрсыз. Өз тәжірибеңіз бен түйгеніңізге сүйеніп, оған бағыт бергіңіз келеді. Ал асылында бөгде адамға сіздің пікіріңіздің мүлдем қажеті жоқ. Ол сіздің құптауыңызға, бағаңыз бен бақылауыңызға тіпті де мұқтаж емес.

  • Сырт келбетке қатысты. Әр адам қалауына қарай боянып, киінеді. Демек, басқалардың айтқанына қарап өзгеруге міндетті емес. Бойы, салмағы, арық не толық болғаны, стилі — бәрі осыған кіреді.
  • Жасына қатысты. Ешкім жасын таңдап ала алмайды. Сондықтан жас көріну жолдарын айтып, қажетсіз кеңестеріңізді тықпаламаңыз.
  • Жеке көңіл қалауына қатысты. Біреу балық жақсы көрсе, енді бірі иісін сезсе болды құсқысы келеді. «Қалай балық жеуге болады? Ол деген сасық қой» деген сынды комментарий айтпаған жөн. Кітап, музыка, фильм, қызығушылықтарды да талқылауға болғанымен, «мұны қалай тыңдауға болады?» деген сыңайдағы айыптау сөздерін айтуға рұқсат жоқ. Мысалы, достарыңыздың бірі үй алды. Жөндеу жұмысын қалауынша жасады. Ал сізге оның түсқағазының өрнегі мүлдем ұнамай тұр делік. Мұндайда талғамына қатысты сөз қозғап, сіздің пікіріңіз дұрыс, ал оның таңдауы нашар деп сөз қозғауға болмайды. Сол секілді үйленген адамдардың балалы болуға асықпауы, жасы қырыққа келсе де тұрмысқа шықпауы, 18 жаста үйленуі — жеке таңдау. Оған сіздің ойыңыз қажет емес. Ойыңызды айту арқылы сіз біреудің өміріне араласып тұрсыз. Оның жеке шекарасына өттіңіз. Айтып тастағаныңыз келіп тұрған кезде өзіңізден «мұның маған қатысы қанша?» деген сауалды қойып көріңіз. Қатысыңыз жоқ болса, айтпай қоя салыңыз.  

Пікір емес, дөрекілік екенін қалай білуге болады?

  • Көңіліңе алып қалмашы, бірақ… Осылай басталған әңгіменің сыңайы мынадай: қазір саған айтатын нәрсем саған мүлдем ұнамайды. Ренжіп қалуыңыз мүмкін. Айтқаным орынсыз екенін біліп тұрмын. Бірақ сонда да жақсы атты болу үшін айтқым келіп тұр. Қазір мен ойымдағының бәрін айтып тастаймын да, ашуланып шықсаң жауапкершілікті өзіңе арта саламын. Өйткені мен әу баста көңілге алмауыңды сұраған едім.
  • Бұл менің жеке пікірім ғана. Бұл сөздің аудармасы мынадай: егер әлдебір жабылған жалаға мұның факт емес, пікір екенін қосса, онда жауапкершілікке тартуға болмайды деп естігем. Мына жағдайда да солай: мен ойымдағыны айтуға құқылымын. Тіпті олай айтуға еш негіз болмаса да айта беремін. Ал енді айтқаныма бұлқан-талқан болса, ол менің емес, қарсы тарапты мәселесі. Басқа адамдардың не сезінетініне мен жауап бермеймін.
  • Саған тіпті сөйлеуге де болмайды! Аудармасы мынадай: Мен аузыма келгенді айта аламын. Бірақ менің сөздеріме сондай жауап қайтаруыңа тыйым саламын.
  • Менің өзім әлі олай істей алмаймын. Сен мықты екенсің! Бір қарағанда мақтау сияқты естіледі. Бірақ өзін жоғары көрсету үшін айтылатын сөздер қатарынан. Мысалы, «Қысқа көйлекті қысылмай киіп алыпсың. Мен олай істей алмас ем. Толықтау болсаң да кию үшін мықтылық керек. Мен арықтап алған соң бір киемін деп жүрмін» деуі мүмкін.  

Бұл айтылған сөздердің қайсыбірін болсын қолдануға деген құштарлық жақсы емес. Өйткені жаны ашыған, жақсы ойлаған болып ар жағында қарсылықты білдіріп тұрасыз. Сонымен бірге өзін ақтап алатындардың ендігі бір тобы айтқан сөзінің себебін ауыстырып тастайды. Айталық, бодипозитив жайлы әңгіме қозғалып жатыр делік. Мұны құптамайтындар міндетті түрде шығады. «Артық салмақ жақсы емес. Ол денсаулыққа зиян» дейді. Бодипозитив жайлы бұрыс түсінікті былай қоя бергенде бұл жерде басқа да ньюанстар бар.

  • Иә, артық салмақтың болуы адамның денсаулығына байланысты болуы мүмкін. Дегенмен толық адамның бәрі ауырады деген сөз емес. Сонымен бірге арық адам біткен дені сап-сау дей алмаймыз.
  • «Артық салмақ» деп ойлағанымыз шын мәнінде еш артық болмай шығуы мүмкін. Өйткені қоғамдағы 90-60-90 стандарты мен медициналық стандарт екі түрлі.   Жалпы біреудің денсаулығына қатысты пікір айтпаған абзал. Өйткені сізден ешкім ойыңызды, пікіріңізді сұраған жоқ.

Қоғамда талқыланған мына оқиға тұздық болсын. 2016 жылы мексикалық гимнаст қыз Алекса Мореноны жұрт дене бітіміне қатысты көп сынға алды. Оның бойы — 147 см, салмағы — 45 келі. Оған көбі «толықсың» деп хейт жасады. Салмағының денсаулығына кері әсер беріп тұрмағаны анық. Өйткені ол Олимпиадаға іріктеуден өткен. Тіпті анау айтқандай томпақ емес еді. Ол бар болғаны басқаларда ерекшеленді. Сол үшін сөздің астында қалды. Мұндай сыншыл адамдардың тағы бір жиі айтатын сөзі «Мен айтпасам, ешкім айтпайды. Жаным ашығасын айтып тұрмын». Бұл жерде қамқорлық табы байқалғандай естіледі. Шашы сирей бастаған, ақ түсе бастаған, бет терісі құртыла бастаған адамға оны айта берудің қажеті жоқ. Ол онсыз да бұл мәселеден хабардар. 

Ойыңызды дұрыс жеткізгіңіз келсе…

  • Сіздің ойыңызды сұрады ма? Осыны алдымен анықтап алыңыз. Әлдебір «нәзік» тақырыпты қозғамас бұрын осылай айтуға құқығыңыз бар ма ойланыңыз. Құқық дегенде сіздің туыс, дос болуыңызды айтып тұрған жоқпыз. Ол адам сізден сұрап, ойыңызды бөліссеңіз — орынды. Сонымен бірге кейінгі кезде таралған тренд — әлеуметтік желідегі жазбалардың астына оңды-солды пікір жазу. Желіге жүктеген соң, сынға дайын болу керек деген ұстаным бар. Дегенмен желідегі сурет сізге сыншы болуға құқық бермейді. Бірақ енді тікелей бір сауал қойылса, онда сол мәселеге көзқарасыңызды білдіре аласыз.  
  • Қарсы тараппен тең дәрежеде болыңыз. Экологиялық әңгіме қандай болады? Ол — жеке шекараны аттамау. Талқылаймын деп артық кетпеу маңызды. Сіздің ойыңызбен келіспеген адамды жау көрмеңіз. Оның ойы дұрыс емес, қате деп дәлелдеуге тырыспаңыз. Жұрттың бәрі сіз тыңдаған музыканы, сіз көрген сериал мен оқыған кітапты білуі, жақсы көруі міндетті емес. 
  • «Ақ дегенім — ақ, қара дегенім — қара» ұстанымынан аулақ болыңыз. Сіз сөздеріңіз — пікір. Ол барлығына бірдей ортақ жөн сөз бола бермейді. Айталық, ерінді қып-қызыл далаппен бояу туралы әңгіме бола қалса, «Маған қызыл түс ұнамайды, нюд түстерді жақсы көрем» десеңіз дұрыс. Ал енді «қызыл түсті тек бұзылған қыздар жағады» деу — қате.
  • Сөйлеген сөзіңізге абай болыңыз. Әлдекімнің бір қылығы қанша жерден ұнамай тұрса да, оған белгілі бір сипаттама беріп, топқа жатқызуға болмайды. Мәселен былай айтсаңыз жөн: «Қысқа белдемшенің қолайсыз тұстары бар. Өйткені эскалатормен мініп-түскен кезде ішкиім көрініп қалуы мүмкін. Желді күні де ашылып қалады». Ал енді: «Қысқа белдемше киюге мүлдем болмайды, сен жайлы жаман ойлайды» деген жөн емес. Пікір айтқан кезде белгілі бір негіз болсын. Оның ойға қонымды болуы шарт. 
  • Өсекке құмар болмаңыз. Адамның бетіне емес, сыртынан сөз айту қашан да оңай. Өйткені естіп, көріп тұрған жоқ. Өйткені жақсы, тәрбиелі адам ешкімнің сыртынан сөйлемейді. Жақсы адам болып көріну мен шынында сондай адам болудың арасында үлкен айырма бар. Ал «өзі жоқтың көзі жоқ» деп талқылау — түр жасайтын адамдардың қасиеті.
Сондай-ақ оқыңыз