Қоғам

Тіл үйренудің төте жолдары

Қарапайым, бірақ нәтижелі 11 әдіс

Тіл үйренгісі келген адам түрлі тәсілді қарап көреді. Біреу курсқа барып, грамматикадан бастайды. Енді бірі арнайы сервистер арқылы үйден оқиды. Бүгінгі материалымызда тіл үйрену процесін жеңілдететін жолдар туралы айтамыз. Ол үшін айтарлықтай қаражат пен уақыт та қажет емес. Бұл не қылған батпанқұйрық деп отырсаңыз, соңына дейін оқып шығыңыз.

  1. Карточкалар жасаңыз. Бұл әдіс сонау мектеп кезінен бері түрлі бағытта қолданылады. Соның ішінде ітл үйренген кезде әжептәуір көмектеседі. Сізге бар болғаны картон қағаз бен қалам керек. Картоннан шаршылар қиып аласыз да, бір жағына — сөзді, артына аудармасын жазып қоясыз. Бұл әдістің жақсы тұсы сол — карточкаларды қиып, жазып жатқан кезде-ақ сөздер жаттала бастайды. Әйтсе де, шегелеу үшін оқып, қайталаған дұрыс. Сөз жаттау оңай, әрине. Дегенмен сөз тіркесі түрінде жаттаған дұрысырақ. Олай дейтініміз, дұрыс қолданыс үшін тіркес ретінде құраған жөн. Сондықтан карточкаға сөздерді тізе бермей, тұрақты тіркес, мақал-мәтелдерді де жазып отырыңыз. Жалпы алғанда өзіңізге қызық тақырыпты таңдап алып, сол арқылы тіл үйренгеннің әсері мол. Әр карточканы қайталаған сайын жадыңызға мықтылап бекітіп аласыз. Миыңыз да белсенді түрде жаттай бастайды. Осылайша сөйлесе бастаған кезде жаттағандарыңыз ойыңызға жылдам оралады. Тіпті ойланып отырмай, сөйлеп кетуіңіз мүмкін.  
  2. Сөздерге микс жасаңыз. Жаңазеландиялық психолог, лингвист әрі педагог Крис Лонсдейл TEDx-тегі сөйлеген сөзінде былай дейді: «Тіл — шығармашылық процесс». Сол үшін аздан бастап, біртіндеп күрделендіре бересіз. Алдымен сөз үйреніңіз де, ода тіркес құрауға машықтаныңыз. Егер сіз 10 зат есім, 10 етістік, 10 сын есім білсеңіз, оның мыңға жуық комбинациясын жасай аласыз. Анаграмма принципін қолданып көрсеңіз болады. Ол дегеніміз — әріптерден неғұрлым көп сөз құрайтын әдіс. Тіл үйренуде пайдаланып көріңіз. Ол үшін әртүрлі сөз табынан тұратын сөздерді алыңыз да, солармен барынша көп тіркес құрауға тырысыңыз. Қайсысын өмірде қолданбайтын болсаңыз, алып тастаңыз. Қандай да бір тіркестің өмірде бар-жоғын сөздіктерден қарап, тексеруге болады.  Longman Dictionary арқылы әр сөздің қасына Collocations деген баған қояды. Оның ішінде ең жиі қолданылатын сөз тіркестері тұрады. Осындай практика арқылы тілді дамытып, өзіңіз білген таныс элементтерді одан әрі бекітуге мүмкіндік бар.   
  3. Сөздерді жазып жаттығыңыз. Бастауыш сыныпта бір әріппен не бір сөзбен бет толтырып жазатын едік, есіңізде ме? Әрине, енді әріп таныған кездегідей істеңіз дей алмаймыз. Десек те, бір сөзбен бір бетті толтырып жазып шығудың тіл үйренуге тигізер оң әсері бар. Әсіресе, біз секілді кириллица немесе басқа да әліпбиді қолданатын, латын әліпбиін пайдаланбайтындарға жақсы. Осылай істеген кезде механикалық деңгейде жадыңызда сақталады да, жаттаған сөзді қағазға түсіріп жатқан кезіңіз бірден көз алдыңызға келеді. Оған қоса, көру арқылы есте сақтау да қосылып, екеуара керемет тандем шығады. Осылайша жазған, көрген сөзіңізді мүлдем ұмытпайсыз. 
  4. Native speaker-лерге жазылыңыз. Туған тілі ағылшын блогерлердің өмірін қарап-ақ, тіл үйренуге болады. Жалпы қалаған тіліңізді осылай үйрене беріңіз. Бар болғаны таңдауда қателеспеңіз. Яғни ол адам тілді жақсы білетін, мәтінге мән беретін, сауатты жазатын адам болсын. Әйтпесе, селфи ғана сала берсе, одан сізге пайда бола қоймас. Нейтив спикерлердің артықшылығы сол — олардан ауызекі лексиканы жақсырақ үйрене аласыз. Сленгтерді де содан білуге болады. Оқулықтардағы кей қолданыс шынайы өмірде тіпті пайдаланылмауы мүмкін. Ал бұл тәсіл арқылы әжептәуір төселе аласыз. Жазбаларын оқып қана қоймай, күнделікті stories арқылы сөйлеуді де дамытуға әбден болады. Назарыңызға бірнеше ағылшын тілді аккаунт ұсынайық.
  5. Passion Passport — әлемнің түкпір-түкпірін аралап, суретке түсіріп жүреді. Оған қоса, сол түсірген суреттерінің тарихын, сипаттамасын да әдемі келтіреді.
  6. Alex Zouaghi — лондондық блогер. Сүйікті қаласы туралы керемет әңгімелейді. Француз тілін үйрену ойыңызда жүрсе, бір оқпен екі қоян ата аласыз.
  7. Juniper деген түлкінің аккаунтын да ұсынуға болады. Қожайыны жабайы аңдапмен өмір сүру, оларды үйрету туралы айтады.
  8. Sharmili — Нью-Йоркте тұратын бьюти-блогер. Бояну, косметика жайлы көп қызық ақпаратты бөліседі.
  9. Humans of New York — Американың ең әдемі қаласының тұрғындары туралы сыр шертетін өте қызық жоба.
  10. Көру арқылы есте сақтау қабілетін дамытыңыз. Сөздерді бағандарға бөліп, олардың қалай жазылып, қалай айтылатынын жазу арқылы ақпаратты визуал қабылдауға дағдыланасыз. Ол үшін белгілі бір тақырыптарға бөліп, кесте жасаңыз. Яғни оның ішінде аудармасы, транскрипциясы болсын. Көру арқылы есте сақтауды дамыту үшін алдымен сөздерді ретімен жаттаудан бастаңыз. Одан кейін орындарын ауыстырып, бағандарды алмастырыңыз.
  11. Аудармасы бар бағанды алып тастаңыз да, не мағына беретінін жазылуы мен айтылуына қарай ретке келтіріңіз;
  12. Тек транскрипциясын қалдырып, соғн қарап сөздің өзін, қазақша эквивалентін еске түсіріп көріңіз;
  13. Әр бағандағы жолдарды араластырып, тиісті аудармасын мағынасы сәйкес келетін сөзбен сызық арқылы қосып, байланыстырыңыз. Негізі мұны қағаз бетіне түсіріп жазған қолайлырақ. Өйткені бұл схема арқылы көру қабілетін арттырады. Ал бағандар мен жолдарды ауыстырып отыру арқылы есте сақтаудың уақытша қысқа түрінен ұзақ мерзімді түріне ауысасыз. Яғни ұзақ мерзімді жадтың көлемі де, нақтылығы да жоғары. Егер қалам мен қағазды қолданудан мүлдем қолыңыз шығып қалған болса, оны Word немесе Excel-ге сала аласыз. Бірақ сізге оны шығарып, сөздерді қолмен байланыстыруға тура келеді.
  14. Стикерлер жабыстырыңыз. Арты жабысатын қағаздарды қолдану тіл үйренуде жиі қолданылады. Енді-енді тіл үйрене бастап жүрсеңіз, стикерді алыңыз да, көрінген жердің бәріне жабыстыра беріңіз. Ішінде ойға келген сөзді емес, қай жерге жабыстырсаңыз, соның атауын жазыңыз. Мысалы, тоңазытқыш — refrigerator. Осылайша сүт не жұмыртқа алуға барған сайын жазуға көзіңіз түседі де, есіңізде жақсы сақталады. Егер тұрмыстық заттардың атын жаттап алған болсаңыз, онда күрделі лексемаларды қолданыңыз.
  15. Түрлі ассоциация ойластырыңыз. Сөзді жаттау үшін міндетті түрде оның мағынасына сай бірдеңемен байланыстыру керек десеңіз, қателесесіз. Тілдің шығармашылық екенін жоғарыда айттық. Демек, бұл тұрғыда сізге ешкім шектеу қоя алмайды. Айтылуы, жазылуы ұқсас сөздерден параллель құрастыруға болады. 
  16. Сөйлеуді реттеу үшін суреттер қараңыз. Әрине, жай ғана суреттер көмектесе қоймас. Ал белгілі бір дыбыстың айтылуын, артикуляциясы ерекшелігін көрсететін иллсютрациялардың пайдасы зор. Әр тілде сөздің айтылуына қатысты өз ньюанстары болады. Сөйлеу аппаратының қойылуы да сан алуан. Нэйтив спикерлерге барынша ұқсас сөйлеп үйрену үшін осындай картинкаларды қолданып көріңіз.
  17. Ұялы телефоныңыздың тілін ауыстырып қойыңыз. Жаңа сөздермен еріксіз танысудың төте жолы осындай. Алғашқы кездері үйренісу қиын болуы мүмкін. Техникалық терминдерді түсінбей қиналуыңыз ғажап емес. Бірақ тіл үйренуіңізге жақсы көмектесетіні анық.
  18. Түрлі видео не аудиоларды қосып қойып, тыңдап жүріңіз. Әлденені тыңдап не көру үшін міндетті түрде барлығын түсіну керек деп жүрсеңіз, қателесесіз. Өйткені тіл үйрену үшін алдымен айналаңызды сол тілмен қоршауыңыз керек. Радио қосып қойыңыз, жаңалықтар қараңыз, сериалдар көріңіз. Тамақ істеп жатқанда, үй жинап жүргенде фонда қосылып тұра берсін. Осылайша сіз сөздердің айтылуын, темпін, ерекшелігін байқайсыз.
  19. Қатемен жұмыс істеп үйреніңіз. Адам қателеспей өмір сүруге емес, қатеден сабақ алуға ұмтылғаны дұрыс. Мысалы, тіл үйреніп жүргенде мүлдем қатесіз сөйлеу мүмкін емес. Бұл сіздің ана тіліңіз емес. Сондықтан қателесуіңіз заңды. «Бәрі мінсіз болсын» деген жөн болмайды. Әлденені қате жазып қойдыңыз ба — дереу түзетіңіз. Сөйлегенде де солай. Дұрыс нұсқасын қайта жазыңыз, қайта айтыңыз. Осылай ету арқылы алдағы уақытта ол қатені қайталамайсыз. 

Жалпы алғанда тіл үйренудің тәсілі көп. Көңіліңізге жаққанын таңдаңыз. Бірақ процесс тезірек әрі нәтижелі болсын десеңіз, оған қарапайым, бірақ күнделікті жасалатын әрекеттер қосыңыз. Сонда нәтижес жақсырақ білінеді.

  • Флеш-карталар арқылы тұрақты тіркестер жаттаңыз;
  • Анаграммалар арқылы сөз тіркестерін үйреніңіз;
  • Сөздерді жазып жүріңіз;
  • Қай желіде көп отыратын болсаңыз, сол жерден нейтив спикер тауып, сол арқылы үйреніңіз;
  • Сөз жаттау үшін бағандар мен жолдарды кестеге тізіп үйреніңіз;
  • Сөздерді стикерлерге жазып, жабыстырып қойыңыз;
  • Сөздерде небір рифма ойлап табыңыз;
  • Айтылу заңдылықтары мен ерекшеліктерін үйреніңіз. Тіл, жақ — бәрін зерттеріңіз;
  • Айналаңызды сол тілмен «қоршап» қойыңыз. Телефоныңыздың тілін ауыстырудан бастаған абзал;
  • Фонға аудио-видеолар қосып қойыңыз;
  • Қатені бірден жөндеп отыруды әдетке айналдырыңыз.