Қазақстан Республикасыныі Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/- 1п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім инфляцияның Ұлттық Банк болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданған.
«Ішкі және сыртқы инфляциялық процестер динамикасы, сондай-ақ экономикалық өсу траекториясы Ұлттық Банк болжамының базалық сценарийіне сәйкес қалыптасуда. Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық тәуекелдердің балансы проинфляциялық күйін сақтап қалды, себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәндерде ұстап тұруды талап етеді» делінген хабарламада.
Инфляция Ұлттық Банктің күтулеріне сәйкес қалыптасып отыр. Айлық инфляция динамикасы үш ай қатарынан баяулауды көрсетіп, 2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан желтоқсанда 1,2%-ға дейін төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден айтарлықтай асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда – 0,7%), жоғары қалпында қалды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 ақпанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.