Жаңалықтар

«Жұмысқа кіргізіп беремін» алаяққа алданған әйел сан соғып қалды

Жәбірленуші алаяққа 1 млн теңге көлемінде ақша берген

Шымкент тұрғыны жұмысқа тұрамын деп ақшасынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арыздарында бейтаныс азамат мегаполистегі медициналық мекемелердің біріне фельдшер ретінде жұмысқа кіргізіп беремін деп алдын ала 1 млн теңге алып, осы уақытқа дейін уәдесін орындамай, ақшасын қайтармай алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Еңбекші АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 27 жастағы жергілікті жердің тұрғыны анықталып,  полицияға жеткізілді.

Тергеу барысында күдіктінің бұдан бөлек тағы бір алаяқтық жайтына қатысы бары анықталды. Онда да денсаулық сақтау мекемелерінің біріне жүргізуші етіп, жұмысқа орналастырып беремін деп 24 жастағы тұрғынның 615 мың теңге қаражатын заңсыз алып, қайтармай жүргені белгілі болды.

Қазіргі кезде ұсталған азаматқа күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылып, қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.