Сарапшы: Қытаймен сауда қатынасын дамыту ел экономикасын өрге сүйрейді
Қытай елінде пандемияға байланысты шектеулер алынып тасталғаннан кейін, соңғы бірнеше күннен бері «Қорғас» бекетінің жұмысы қайта жандана бастады. Сондай-ақ жақында «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығы да өз жұмысын белсенді бастайды деген жоспар бар. Осы орайда қытайтанушы-синолог Нұрсейіт Түркістанмен сұхбат құрып, «Қорғастағы» Арнайы экономикалық аймақтың қазақ экономикасы үшін маңызы туралы пікірлескен едік.
– Бірнеше күннен бері Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара ашылып, «Қорғастың» өз жұмысын қызу қарқынмен бастайтыны белгілі болды. Шекаралардың ашылып, сауда қатынастарының көбеюі Қазақстан экономикасына қандай пайда алып келеді?
– «Қорғаста» арнайы экономикалық аймағының (АЭА – ред.) ашылуы біздегі кіші және орта кәсіпке үлкен жол ашып береді. Яғни, АЭА-дағы қытайлық тауарларға біздің қолжетімділігіміз артады. Одан кейін, пандемияның салдарынан үш жыл бойы жабық тұрған «Қорғас» шекара маңы орталығының қайтадан жұмыс істей бастауы көп адамның жұмыс табуына, өзара сауда-саттықтың артуына, екі ел арасындағы қарым –қатынастың жандануына үлкен сеп болады. Мұндай байланыс отандық экономикалық әлеуетке сөзсіз мол үлес қосады. Ол жерде тек Қытайдың тауарлары ғана емес, Қазақстанның да тауарлары бар. АЭА-да жұмыс істейтін кәсіпорындар бірқатар салық түрлерінен босатылған. Демек, Қытайдан келетін тұтынушылар мен кәсіпкерлер Қазақстанға кірмей-ақ, «Қорғас» арқылы алып-сатуды, тауар таңдауды немесе серіктес іздеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көп басымдықтарға қол жеткізеді. Бұл процесс Қазақстанның инвестициялық климатына жақсы әсер етеді. Елімізге инвестиция тартудың алтын бесігі «Қорғас» болар еді деп айтсақ қателеспейміз.
– Қазақстанға инвестиция тартуда «Қорғас» үлкен көзір бола ала ма? Ол жерде қазіргі уақытта түрлі оңтайландырылған тиімді факторлар жұмыс істейді, атап айтқанда – «Қорғастағы» арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындар корпоративті табыс салығынан; жер салығынан; мүлік салығынан; қосылған құн салығынан босатылады. Сіздіңше, тағы қандай жеңілдіктер ұсынуға болады?
– Меніңше, Арнайы экономикалық аймақта кәсіп істейтін кәсіпорындарды тек салықтан босатып қоймай, сонымен бірге қытайлық және басқа да шетелдік инвесторлармен, бизнесмендермен жұмыс істеу кезінде оларды заңдық тұрғыда қорғайтын, қолдайтын арнайы заңгерлік органдар сол жерде жұмыс істесе, кәсіпкерлер арасындағы инвестицияны заңдастыратын немесе соған кепілдік беретін ұйымдар жұмыс атқарса дұрыс болады деп ойлаймын.
– Қазақстан – негізінен тауар импорттаушы ел. Көптеген тұрмыстық өнімдер мен тауарларды көршілес Қытайдан сатып аламыз. «Қорғастың» қайта ашылуы отандық өндірістің дамуына, отандық тауарлардың экспортқа шығарылуына қаншалықты ықпал етеді?
– Жалғыз біз емес, бүкіл әлем халықтық тұтыну тауарларын Қытайдан сатып алады. Әдетте біз Қытайдан импорттайтын тауарларды контейнермен, вагонмен, автокөлікпен тасымалдап жатамыз. Ал ендігі кезекте Қытайдан келетін тауарлар «Қорғастағы» қоймаларда сақталады және салықтан босатылады, сондықтан оны сатып алу, ол тауарлармен жұмыс істеу біздің шағын және орта бизнес субъектілеріне өте тиімді болады. Алыс-беріс жанданған соң экономика да өрістей бастайды, үлкен ақша ағыны пайда болады. Бұл үдеріс екі елдің де экономикасына оң әсер етеді. Сондай-ақ «Қорғас» маңында салынып жатқан «Нұркент», «Жаркент» сияқты елдімекендер, шағын қалалардағы халық үшін де жұмыс табыла бастайды. Тауар өндірмейтін біз сияқты елге мұндай орталықтың болуы аса қолайлы деп есептеймін. Өндіруші Қытай үшін де қолайлы.
– Қазақстан көптеген бағыт бойынша Қытаймен тығыз экономикалық байланыста болатын ел. «Қорғас» жұмысын жандандыра отырып Қытайдың алып экономикасына жұтылып кетпеу жағын ойлау керек пе?
– Біз ешқашан қорықпауымыз керек. Қытаймен сауда жасаудан қаймығудың қажеті жоқ. Соның ең бірінші нүктесі – «Қорғастағы» Арнайы экономикалық аймағы. Мәселен, 20 мың шаршы метр аумаққа «Қолөнершілер қаласы» салынбақ. Бұл – үлкен инвестициялық жоба. Демек, біз жақтан да Қытай тарапына бірқатар тұтынушылық заттар, ауыл шаруашылық тауарлары, қолөнер бұйымдары жіберіле бастайды деген сөз. 500-ге жуық адам жұмыс істейтін бұл кешенде Қазақстанның ерекше әрі түпнұсқа тауарлары Қытайға таныстырылады, әрине, одан кейін сатылады.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, Қытайдан келетін тауарларды бондовый қоймаларда сақтап, Еуропаға, Азияға, Таяу Шығысқа жөнелту мүмкіндігі де туындайды бізде. Бұл да қосымша жұмыс орындарын ашуға себеп болады. Қазір ең маңызды нәрсе – шетелдіктердің Қытайға кірмей-ақ, Қазақстанға келіп қытайлық тауарларды алып кетуіне жағдай жасайтын орталықтар салуымыз керек.
Ең жаман қытай – әлсіз Қытай! Қытай күшті боп тұрғанда біз де күшейіп алуымыз керек. Ол әрине, қытаймен сауда жасау арқылы ғана жүзеге асады.
Қытай басшылығына ең керекті әрі маңызды фактор – Қазақстандағы тұрақтылық. Өйткені бірнеше ірі қытайлық кәсіпорындар Қазақстанға инвестиция құйып, бірнеше жылдан бері бізде жұмыс істеп жатыр. Экономикалық экспансияға түсіп қалмас үшін біз де оларға тауар сатуымыз қажет. Көбіне олар тарапынан біздің ауыл шаруашылық өнімдерімізге сұраныс бар. Соны ескеріп, қазірден бастап тек Қытайдың нарығына лайықтап, Қытай стандарттарына сай етіп ауыл шаруашылығын өндіру және сату жұмысына маманданған жөн болар еді. Қытайға қандай тауар керектігін арнайылап зерттеу қажет болады. Қытай – үлкен нарық, үлкен тұтынушы. Оны пайдаланбай отыру қателік болар еді. Сөйтіп, осы саланы жолға қойсақ, бұрыннан сатып келе жатқан энергетикалық, қазба-байлық тауарларымыз бар, өз кезегімізде бұрынғыдай халықтық тауарларын аламыз олардан, сөйтіп екі ел арасында баланс сақтаймыз. Жалпы, экономикалық тұрғыда Қытайдың бізге деген көзқарасы түзу. Оған 63 мемлекетті қамтитын 8 триллиондық қаржылық қоры бар «Бір белдеу – бір жол» жобасының да алғашқы нүктесі Қазақстаннан басталатынын қосыңыз. Сондықтан қорықпай, өз мүддемізді ұмытпай Қытаймен сауда қатынастарын өрістете беру керек.
– Рақмет.