Үлестік құрылыс жүргізетін компанияларға қойылатын талап төмендей ме?
Үлескерден қаржы тартуға құқы болмаса да құрылыс нарығында белсенді жұмыс істей беретін компаниялар көп. Солардың тиянақсыздығы салдарынан жыл сайын қаншама үлескер баспанасына уақытында кіре алмай қалады. Астана қалалық әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс компаниялар үлестік қатысу туралы заңды бұзуын тоқтатар емес.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың айтуынша, проблемасы бар үлестік құрылыс нысандарының пайда болуының екінші толқыны аясында елордада 52 нысанда 150 үй тіркелген. 16 мыңнан астам үлескер алданып қалған.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылдан қазірге дейінгі кезеңде 120 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 14 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Қалған 30 үй 2023 жылы және 2024 жылдың басында аяқталады деп жоспарланған», деді Дәулет Досқұлов. Оның сөзінше, қазір қала әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссия аясында қаралған 10-нан астам нысан басқарманың бақылауында тұр. Бұл нысандар инвесторларды тарту арқылы салынып жатыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың айтуынша, үлестік құрылыс нарығының 28 пайызы ғана заң аясында жұмыс істеп жатыр.
«Нарық жоғары қарқынмен дамып жатыр. 2021 жылы тұрғын үй құрылысының көлемі ЖІӨ-нің 5,8 пайызын құрады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 5 жылда 53 пайызға өсіп, инвестиция 2,4 трлн теңгеден асып түсті. 2017 жылдың көрсеткішінен 145 пайызға жоғары. Қазір еліміздегі үлестік құрылыстың үштен екісі көлеңкелі жүріп жатыр. Республика бойынша 2021 жылы әкімдіктер мен Бірыңғай оператор үлескерлерді тарта отырып, ауданы 2,1 млн шаршы метр болатын көппәтерлі үйлер салуға рұқсат берсе, шын мәнінде 7,5 млн шаршы метр немесе үш есе көп көлемде тұрғын үй салынған. Демек, қалған 5 млн шаршы метр – көлеңкелі нарық. Құрылыс компаниясында жер теліміне, коммуникацияға рұқсат бар, бірақ олар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды белден басқан. Яғни, ресми рұқсаты жоқ», дейді Рустам Ахметов.
«Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, қазіргі басты міндет – заңды барынша тартымды етіп, «көлеңкелі» нарықтан басымдықты арттыру.
«Егер заң аясында жұмыс істесең, саған жеңілдіктер қолжетімді болады. Мысалы қандай бір ипотекалық өнімдер, жұмыс күшін арзан ставкамен тарту немесе пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Қазақстан Тұрғын үй компаниясында пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар. Мәжбүрлемейтін, керісінше артықшылық беретін механизмдер болуы керек», дейді ол.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысы барысында үлескерлердің ақшасын үш жағдайда тарта алады:
- Бірыңғай оператордың (ҚТК) кепілдігі болған жағдайда;
- Әкімдіктің рұқсатымен, екінші деңгейлі банк жобасына қатысқан кезде;
- Әкімдіктің рұқсатымен, үй қаңқасы салынғаннан кейін.
Компаниялар неліктен бұл тәсілдерді айналып өткісі келеді?
«Екі себебі бар. Біріншіден, бұл қымбат. Екіншіден, оны ешкім бақыламайды. Үлестік құрылыс туралы Заңның нормасы қабылданған сәттен бастап тұрғын үй салу Кезінде үлескерлердің қаражатын негізсіз тартқаны үшін бірде-бір құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Осы уақытқа дейін тексеру парақтары бекітілмеген, бірде-бір тексеру жүргізілмеген. Әкімдіктер заңсыз жұмыс жүргізген құрылыс компанияларының тізімін жариялап отырумен ғана шектеледі. Негізі сол тізімдегі әр компания жауапкершілікке тартылуы тиіс», дейді Агенттік басшысының орынбасары.
Қазақстан тұрғын үй компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов рәсімдерді жеңілдету және кедергілерді азайту бойынша бірқатар өзгеріс әзірленгенін айтты. Мысалы, құрылыс салушылардан құжаттар тізімін екі есеге қысқарту ұсынылады. Қазір 43 құжат бар, тізім бірден 20-ға қысқаруы мүмкін.
«Елімізде 2016 жылдан бастап 160-тан астам тұрғын үй құрылысы келісімшарты жасалды. Әкімдіктер үлескерлердің қаражатын тартуға 450 рұқсат берді. Бірақ бүгінде олардың басым бөлігі заңды бұза отырып тартылып жатыр, тәуекелдер бар. Жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар құқықтық салада қолайлы жұмыс жағдайларын жасауға әсер етеді. Мәселен, кіріс талаптарын азайту, бірыңғай жүйе арқылы келісімшарттарды есепке алу, қосымша шоттар ашу, аванстық төлемдерді арттыру. Біз бизнеспен және салалық қауымдастықтармен ұсыныстарды пысықтауға дайынбыз», Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов.
Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, елімізде 585-ке жуық тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қауымдастықтың бағалауы бойынша соның 486-сы мемлекеттік сақтандырусыз салынуда. Бизнес-қоғамдастық бірнеше рет құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды азайту, қолданыстағы тәсілдерді жетілдіру, сондай-ақ ақша тартуға рұқсат алудың қосымша механизмдерін енгізуді ұсынды.
«Құрылыс салушылардың 83 пайызы үлестік қатысу туралы заңның талаптарын орындай алмайды. Қазір 17 пайызы ғана үлестік қатысу заңының шеңберінде жұмыс істейді. Оның 6 пайызы «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы, ал 11 пайызы әкімдіктер мен екінші деңгейлі банктердің жобалары арқылы жұмыс істейді. Үлестік құрылыс туралы заң нормаларының орындалмауына келетін болсақ, басты себептер мыналар: мемлекеттің кепілдік беру туралы қарауына негізінен 6-8 ай уақыт кетеді. Осы кезеңде құрылысшыларымыз тұрғын үй кешенін салып жатады», деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.