Қоғам

2023 жылы қаржылық жағдайыңызды реттеуге көмектесетін бес жаңа әдет

Табысыңызды арттырғыңыз келсе

Біздің күнделікті әдеттеріміз өмірімізге тікелей әсер етеді. Өйткені қайталанатын әдеттер белгілі бір бағдарлама болып түзіледі. Яғни қандай да бір қадамдарды жасау арқылы нәтижелерге жетеміз. Егер қазіргі уақытта өзіңізде бар әдеттер сіздің дамуыңызға оң әсер етіп жатса, демек ештеңе өзгертпесе де болады. Ал енді «бірдеңе дұрыс емес секілді» деген ойда жүрсеңіз, демек күнделікті әдеттерді ауыстырып көру керек деген сөз. Бүгінгі материалымызда қаржылық жағдайымызды реттеуге көмектесетін жаңа әдеттер қалыптастыру жолдары туралы болмақ.

Адамның тұрмыстық машығы көбіне балалық шақтан қалыптасып, бекітіледі. Ал сәл өсе келе, сол машықтардың ішіне қаржылық түрі де ене бастайды. Өйткені «еңбектің наны тәтті» болатынын түсіне бастаймыз. Бұл ретте қаржылық әдеттерді қалыптастырудың неден бастау керегіне мән берген жөн. Яғни ең бірінші біліп, түсінуіңіз керек дүние: ақша — энергия. Бұл дегеніміз біз сол энергияны қалай басқаратынымыз, айлықтан айлыққа әрең ілініп жүруіміз де, баршылықта өмір сүруімізге де соған байланысты.   

Бірінші әдет: Қатты шаршамау

Табыстың көп болуы үшін міндетті түрде күні-түні еңбек ету керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені үй көрмей жұмыс істеп, сенбі-жексенбіде де бос болмауыңыз сізге мол айлық әкелмеуі мүмкін. Қайта керісінше, жақсы табу үшін жақсы ресурстық жағдайды ұстап тұруға тырысу керек. Қаржылық жағдайды реттеуге бірден-бір көмектесетін әдіс — осы. Шаршамай, қуатты халде жүру үшін оған баратын жолды дұрыстап салуымыз керек. Яғни сізге энергия сыйлайтын дүниелер жайлы ойланыңыз. Мысалы мынадай қарапайым практиканы қолданып көрсеңіз болады. Қолыңызға қағаз алып, оны екіге бөліңіз. Бір жағына сізге бақыт сыйлайтын, қуантатын, күш қуат әкелетін 50 түрлі іс не қадам жазып шығыңыз. Оның ішінде фитнес, йога сынды түрлі ритуал болуы мүмкін. Болмаса, таңертең тұрып кофе әзірлеп, асықпай таңғы ас ішу дегендей. Енді бір адамға массаж, өзіне күтім жасау, шоппиң ұнайды. Әркімнің өз қалауы бар. Өзіңіздікін тізіңіз.

Екінші бағанды толтыру үшін осыдан 1-2 апта бұрынғы сәттерді еске алыңыз. Сіздің энергияңызды қатты алатын нәрселер туралы ойланыңыз. Мысалы, жұмысқа барар жолдағы кептеліс шаршата ма? Онда соны жазыңыз. Болмаса, белгілі бір аура немесе орын ұнамай ма? Жақсылап ойланып, жазып шығуыңыз керек. Күшіңізді алып қоятын нәрселерді анықтап алғаннан кейін не өзгертуге болады, соны ойланып көріңіз. Алып тастауға болатынын алып, мүмкін болмаса жеңілдетудің жолын қарастырыңыз. Егер үй жинауға көп күшіңіз кететін болса, онда бәлкім сізге көмек сұрап, жолдасыңызбен немесе үйдегілермен шаруаны бөлісу керек болар? Бұл жерде маңыздысы — күш-қуатыңызды алып қоятын дүниелерді барынша азайту.    

Осы практиканы жасап көру арқылы сізге ресурс сыйлайтын және керісінше қуатыңызды кетіретін дүниелерді біліп алуға болады. Ал одан кейін сол қуаныш сыйлайтын нәрсені көбірек жасауға ұмтылып, ресурс алатындарын азайтамыз. Энергия беретін нәрсенің бәрі ақша кетіретін болуы міндетті емес. Бар болғаны энергия таусылып қалмауы керек.

Екінші әдет: Энергия сыйлайтын сәттерді жоспарлаңыз

Адам ай сайын өзі істейтін шаруаларының жоспарын жасап, шамалап болса да білгені жақсы. Өйткені егер сізде еш жоспар болмаса, онда өміріңіз сол сұрқай кейіпте өте береді. Соған сәйкес, ақша да тұрмыстық қажетті өтеуге ғана жеткілікті деңгейде болады. Біз ұсынып отырған екінші әдет — қуаныш сыйлайтын істерді жоспарлау. Осылайша сіз өзіңіз қалаған, қиялыңыздағыдай өмірге жақындай түсесіз. Энергия беретін жобалар, істер атқарған сайын сіз ақшаңызды қуана жұмсай бастайсыз. Бұл болса, қаржылық жағдайыңызға еш кері әсер бермейді. Өйткені ақша келуі үшін адамда белгілі бір арман, мұрат болуы керек.

Мысалы, сіз жоспар құрғалы жатсыз. Ол жерде нақтылық керек. Айталық, «наурызда Стамбулға 2 аптаға бала-шағаммен барып, қыдырып келемін», «алдағы үш айда үйге ойымдағыдай жөндеу жасатып, теледидар аламын» және т.б. Оның ішіне қанша ақша кететінін де жазып қойған жөн болады. Өйткені ойда жүре бергеннен гөрі жазылып, жоспарлған дүниенің орындалу ықтималы артады. Өзіңізге шектеу қойып, «мынау мүмкін емес» демеңіз. Бұл жерде маңызды нәрсе — арман-мақсатты қалыптастырып, соған қарай кішігірім болсын қадам жасау. Олай дейтініміз, әр қадам сізді алға жетелейді. Мықтап бекіткеннен кейін өзіңіз де ұмтыла бастайсыз, орындалатынына сене бастайсыз.   

Үшінші әдет: Қаржылай шектеулерден арылыңыз

Үнемі өзіңізге «мен мынаның бағасын білемін бе?» деген сауал қойып жүріңіз. Айталық, ең қымбат пәтердің құны қанша, мекенжайы қандай? ең қымбат көлік қанша тұрады? Ол кімдерде бар? Ең қымбат қонақ үй, оған баратын қонақтар қатарында кімдер бар? 

Әлемдегі ең қымбат дүниелерді білу арқылы сіз өзіңіздің табысыңыз тым аз екенін шын түсінесіз. Ал ол сізге ұмтылыс сыйлайды, құлшыныс пайда болады. Әлдебір арманның орындалуына сену тұрмақ, армандаудың өзіне рұқсат етпеуіміз мүмкін. Біреу Дубайдағы жет жұлдызды қонақ үйге аялдағысы келеді. Бірақ бағасы қымбат, ақшам жетпесі анық деп ойынан шығарып тастайды. Ал негізі адамның тапқанын адам таба алады. Ондайда сол қалауыңыздың қанша тұратынын біліп, соған жету үшін не істеу керегіне бас қатырған дұрысырақ. Адам көп нәрсеге қызығады. Ондай қасиетін дұрыс пайдалан білсе, біраз арманын іске асыруға қауқарлы. 

Төртінші әдет: қаржылық тәртіпке бағыну керек

Қолға түскен ақшаны басқарудың бүгінде бәленбай тәсілі мен моделі бар. Егер бастапқы деңгейдегі адам болсаңыз, онда минимал түрінен бастаңыз.

  • Табысыңыздың 10 пайызын қорға жинаңыз. Қанша тапсаңыз да маңызды емес. Бастысы, соның үлесін алып қою;
  • Тағы бір 10 пайызын инвестициялаңыз. Өзіңіздің дамуыңызға салыңыз. Соның ішінде қаржылық сауатыңызды арттыруға арнасаңыз, тіпті керемет.

Айталық, инвестиция жасау не акциялар сатып ау жайлы курс алып көрсеңіз болады. Түрлі мастер-класс, мастермайндқа қатысып көріңіз. Құны қатты қымбат емес марафондарға қатысыңыз. Ең кем дегенде жақсы бір кітап сатып алыңыз. Сол арқылы қаржылық сауатыңызды көтеріңіз. Қазір ондай мүмкіндік өте көп. Ондайға мән бермей, жай ғана ақша құртудың бір жолы деп қарайтындар көбіне дамудан артта қалады. Ал керісінше, оқып, көкжиек танымын кеңейткендердің алға жылжи түскенін байқауға болады. Кез келген адам қаржылық сауат жайлы жақсы білуі керек. Өйткені табысын арттырып, кеңею үшін ең басты қадам содан басталады. 

Бесінші әдет: білетініңіз бен машығыңызға сенімді болыңыз

Адамның өзін қалай сезінетініне қарай ақша да ыңғайласады. Мысалы өз күшіне сенімді, кәсіби маман екенін жақсы білетін, құнын түсінетін, басшылыққа да, клиенттерге де пайдасы тиіп жатқанын ұғатын адамның ақшасы да сондай жоғары деңгейде тұрады. Күшіңізге сенуге көмектесетін мынадай жаттығуды ұсынамыз. Қағаз алыңыз да, соған өзіңіздің 100 түрлі машық пен жетістігіңізді тізіп шығыңыз. Туған кезден бастап қазіргі сәтке дейінгілерін жазыңыз. Мысалы, «бес жасымда кітапты судыратын оқитын болдым», «Алтын белгі иегерімін», «грантқа түстім», «халықаралық байқаудың жүлдегерімін», «домбыра тарта аламын», «бір айда 1 миллион теңге таптым» және т.б. Бұлай жазу арқылы сіз қандай ұзақ жолды жүріп өткеніңізді, жетістіктеріңізді бір еске аласыз. Сол арқылы бағаңызды түсіне бастайсыз. Өзіңізге сенімділік арта бастайды. Қаншалықты құны қызметкер екеніңізді ұмытып кетпес үшін осындай жаттығу жасап тұрған абзал. Яғни бұл жерде сіздің қолыңыздан келетін нәрселер, білігіңіз — бәрі тізіледі. Сөйтіп жағымды энергия пайда болады. Өзіңізге тереңірек үңілеп, бұрын елеусіз деп ойлаған кейбір дүниелердің маңызын түсіндіреді. 100 нәрсе көп секілді көрінуі мүмкін. Орта жолға қарай тоқтап, аялдап қалсаңыз, сәл демалып алыңыз да, әрмен қарай жалғастырыңыз. Әр ұсақ-түйекті еске алыңыз. Сонда фактілер өзімен-өзі пайда бола береді. Неғұрлым жетістігім жоқ деп, тиісті мән бермей, құнсыздандырған сайын энергияңыз да сондай сенімсіз бола бермек. Яғни неғұрлым төмен энергия болған сайын табысыңыз да сондай төмен болады. Алатыныңыз да тиісінше азғантай күйде қалады. Ал енді өзіңізге сенімді болған сайын, мықты тұстарыңызды білген сайын қанат біте бастайды. Жаңа жобалар алып, жалақыңызды неліктен көтеру керегін анық айтып, осылайша табысыңызды арттырасыз. Әрине, осылай жазған кезде бірден табысыңыз еселеп кетеді деп сеніммен айта алмайсыз. Сізге алға жылжып, еңбек ету керек. Бірақ өзіне сенімді адамның үні де сенімді, нық шығады. Бұл болса, жақсы әдет қалыптастырған кезде энергияңыздың көтерілетінін білдіреді. Іс жүзінде осы бес әдетті орындап көріңіз.