Дамушы нарық валютасы оң динамика көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 13 қаңтарда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,2%-ға (463,31 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 462,29 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 6-13 қаңтар аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ-та жалақының өсуін бәсеңдету (сағаттық жалақының орташа айлық өсуі қарашадағы 0,6%-дан желтоқсанда 0,3%-ға дейін бәсеңдеді), қызмет көрсету саласындағы экономикалық белсенділіктің төмендеуі (ISM services индексі қарашадағы 56,5-тен 49,6-ға дейін төмендеді) АҚШ қазынашылық облигациялар кірістілігінің төмендеуіне және тиісінше АҚШ долларының әлсіреуіне алып келді. АҚШ-тағы инфляция жөніндегі деректер тұтыну бағалары индексінің өткен аймен салыстырғанда 0,1%-ға (қарашадағы 7,1%-дан 6,5%-ға ж/ж дейін) бәсеңдегенін көрсетті, бұл АҚШ ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерінің өсу қарқынының бәсеңдеуі мүмкін екені туралы белгі бере отырып, Америка валютасына айтарлықтай қысым көрсетті. Бұл факторлар көбіне дамушы нарықтардағы валюталардың оң динамикасын көрсетті.
Дамушы елдердегі АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- Ресей рублі бюджеттік қағидалардың жаңаруы аясында 4,6%-ға (72,12-ден 68,79-ға дейін) нығайды, Қытай юаны операциялардың негізгі валютасы болды;
- Индонезия рупиясы АҚШ долларының жаһандық әлсіреуі мен шетелдік капиталдың үздіксіз әкелінуі аясында 3,1%-ға (15633-тен 15149-ға дейін) нығайды;
- Бразилия реалы АҚШ-тағы инфляцияның бәсеңдеуі мен АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің өсу қарқынының төмендеуін күту аясында 2,5%-ға (5,23-тен 5,1-ге дейін) нығайды;
- Мексика песосы жаһандық тәуекел-сентиментінің қалпына келуі аясында 2020 жылғы ақпан айынан бастап алғаш рет 19 шегіне жетіп, 2%-ға (19,15-тен 18,77-ге дейін) нығайды;
- Үнді рупиясы шикі мұнайдың белгіленген бағасының төмендеуі аясында 1,7%-ға (82,73-тен 81,34-ке дейін) нығайды;
- Оңтүстік Африка ранды шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 1,6%-ға (17,11-ден 16,83-ке дейін) нығайды;
- Түрік лирасы 0,4%-ға (18,72-ден 18,79-ға дейін) әлсіреді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сөйлеген сөзінде президентті сайлау бастапқыда маусымға жоспарланған күннен мамырға ауыстырылуы мүмкін екенін білдірді.