Туризм бойынша үздік елдер рейтингінде Қазақстан 84-ші орында

Жарияланды
Еліміздің туризм секторында айтарлықтай оң өзгерістер байқалмайды

2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанға сырттан келген туристер саны 3,4 млн адам болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе көп. Алайда, ҚР-ға келгендер санының айтарлықтай артуы елдегі туристік кластердің жақсаруымен байланысты емес.

Шетелген келген туристер санының артуын екі фактормен сипаттауға болады. Біріншіден, бұл коронавирустық пандемиямен байланысты жағдайдың жақсаруы және карантиндік шектеулердің барлық түрлерінің алынып тасталуы. Екіншіден, мұндай айтарлықтай өсімге Ресейдегі мобилизация және жалпы Украинадағы соғыс себеп.

Дегенмен, Қазақстаннан шетелге шығушы туристер келуші туристерден көп. Мәселен, 2022 жылдың тоғыз айында 5,6 млн қазақстандық басқа елдерге демалуға кеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе артық.

Ішкі туризм (яғни ҚР аумағында) де өсті: бір жылда 25,1% көбейіп, 4,9 млн адамға жетті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылға арналған бюджеттік бағдарламаларының (кіші бағдарламаларының) орындалуына жүргізілген мониторингтің қорытындысы туралы есебіне сәйкес, ведомствоға «Туризмді және туристік қызметті дамытуды ынталандыру» санатына 402 млн теңге ұсынылған. Бұл өте аз сома, соның өзінде қаржының небәрі 21,3%-ы ғана орындалған, ал игерілмеген сома 316,2 млн теңге. Оның ішінен:
• кіру туризміндегі туроператорлардың әрбір шетелдік туриске кеткен шығындарын субсидиялау жоспарының 10,3% орындалды;
• ҚР аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау үшін туристік өнімге енгізілген билет құнын субсидиялау жоспары 36,1% орындалған.

Еліміздегі туризм саласын дамытуға жауапты тұлғалар тарапынан мұндай немқұрайлылықпен, шынын айтқанда, мақтанатын ештеңенің болмауы таң қаларлық емес. Отандық туристерді сақтап қалу керек, шетелден туристердің келуін жан-жақты ынталандыру керек, ал қазақстандық туристердің шетелде қалай ақша жұмсайтынын ол жақтағы компаниялар онсыз да жақсы біледі. Айтпақшы, Қазақстанда патриотизмге тәрбиелеудің маңызы туралы үнемі айтылып келеді. Оны ең алдымен ҚР-ның көрікті және маңызды жерлерін ең болмағанда қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі тартымды етуден бастаса дұрыс болар еді. Алайда бұл да қазір елімізде кенже қалып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз