Әйелдердің зейнет жасы қысқара ма?

Жарияланды
Аманжан Жамалов депутаттық сауал жолдады

Былтыр Мемлекет басшысы әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде тоқтата тұру туралы заңға қол қойған еді. Сөйтіп, зейнеткерлік жас шегі 2028 жылға дейін бекітілді. Жақында бұл мәселені мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов көтеріп, арнайы депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде (2028 жылға дейін – ред.) Үкімет зейнетақы жүйесін қайта жүктеу үшін оңтайлы шешімді табуы керек. Әрі бұл үшін зейнеткерлік жасты көтеру міндетті емес дейді.

«Еңбек және халықты қорғау министрлігінің зейнеткерлік жасты көтеру үшін мынадай екі негізгі дәлелі бар. Біріншісі – бұл өмір сүру ұзақтығының өсуі. Екіншісі – бұл зейнеткерлік жасты ұлғайту есебінен зейнетақының өсуі. Бірақ статистикаға жүгінсек, соңғы үш жылда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға төмендеген. Сондықтан қазақстандық әйелдердің өмір сүрген кезінде демалғысы келетіні де әбден заңды нәрсе. Ал зейнеткерлік жасты ұлғайту есебінен зейнетақыны арттыру – бұл итті өзінің кесіп тастаған құйрығымен тамақтандырумен бірдей», дейді.

Депутаттың айтуынша, олардың дәлелі кейбір позициялар бойынша қисынды, негізді әрі иланымды болып көрінеді. Депутат осыны негізге ала отырып, келесідей ұсыныс айтады:

«Әйелдер үшін төмендетілген зейнеткерлік жас кеңес дәуірінде жекелеген салалардың жұмыскерлері үшін белгіленген болатын. Содан кейін бұл салалар тізбесі оған барлық әйелдер кіргенше кеңейтілген еді. Сол жылдары әйелдер 5-6 бала туып, ауыр үй жұмысын орындаған, өндірісте еңбек еткен. Сондықтан зейнетке ерте шығу әйелдер мен аналардың еңбегі үшін әділ өтемақы болған. Қазіргі әлемде әйелдердің жұмыс және тұрмыс жағдайлары өзгерді. Біз гендерлік теңдікке ұмтылудамыз. Еңбек және өндіріс жағдайлары жақсарып жатыр. Үй міндеттері анағұрлым тең, жеңіл және қауіпсіз болуда. Алайда, бір факт өзгеріссіз қалды. Бұл – бала туу. Қазақстандағы бала туудың жиынтық коэффициенті 3,13-ке тең. Бұл әрбір әйел өз өмірінде орта есеппен үш бала туады дегенді білдіреді. Бала туу әйелдерді жұмыстан уақытша кетіп, дағдылары мен құзыреттерін жоғалтуға, мансабы мен кәсіби тәжірибесін құрбан етуге мәжбүрлейді. Осы кезеңде олар зейнетақы жарналарын аудармайды, тиісінше зейнетақысы жағынан ұтылады. Бұл шығындардың зейнетке ерте шығу құқығымен өтелуге тиіс екені сөзсіз. Бірақ бұл құқық қазіргі болмысты ескере отырып, әділ әрі негізді болуға тиіс», дейді Аманжан Жамалов.

Қазіргі тәртіп бойынша, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа дейін, дәлірек айтқанда, 53 жаста зейнетке 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана шығады.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет баласы бар әйелдер үшін зейнеткерлік жасты төмендету нұсқасын тұтастай қарастыруы қажет деп есептеймін. Әр баланы туғаны үшін зейнеткерлік жасты 2 жылға, бірақ 10 жылдан аспайтындай төмендету керек. Осылайша, үш баланы дүниеге әкелген әйелдің 6 жыл бұрын зейнетке шығуға құқығы болады. Бүгінгі таңда әйелдер үшін зейнеткерлік жастың тоқтатыла тұрғанын ескере отырып, бұл 55 жылды құрар еді. Егер әйелдер үшін жалпы зейнеткерлік жас 63 жасқа дейін өссе, онда ол 57 жасында зейнетке шыға алады. Бұл әділ шешім болады, біздің әйелдерімізді қолдайды және ең бастысы, бала тууды ынталандырады деп есептеймін», дейді депутат.

Оның айтуынша, қазақстандық әйелдерге, әсіресе, аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру жөн болады. Мұндай құқықты пайдалану немесе пайдаланбауды олар өздері шешуі тиіс. Аманжан Жамаловтың пікірінше, көптеген әйел үшін зейнетке ерте шығу – өз денсаулығы мен өмірінің жылдарын сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі.

Осыған ұқсас ұсынысты былтыр сенатор Дана Нұржігіт те көтерді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды. БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жас. Әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді. Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын «58» деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істемін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын», деді.

Фейсбук пайдаланушысы Айгүл Өтеғалиева 27 жылдық еңбек өтілімен (мұғалім), бес баламен зейнетке шығып, қазір небәрі 27 900 теңге алатынын айтады.

«5 жылда 3,500 тенге қосылды. Қаңтардан бері 35000 теңге зейнетақы аламын. Бұл не? Енді дұрыс зейнетақы алу үшін 62 жасқа дейін жұмыс істеуім керек. Сонымен, жұмысты қойдым, 2018 жылға дейін зейнетке шыққандарға жұмыс стажы қосылыпты да, 2019 жылы бір сараң министр келіп, қысқартып тастапты. Қатты өкпелімін. Оның үстіне жинамаған құжатым жоқ, ол неге керек болды?! 27,900 теңгені балалардың куәлігіне қарап бере салмай ма?! Ал, Әбеке көтеріп отырған мәселең өте дұрыс. Мысалы, 1990 жылдары бала туу өте төмен болды, статистиканы қараңыз?!», деп жазады ол.

Сондай-ақ оқыңыз