Жаңалықтар

Елімізде кадрларға деген сұраныс артуда

Сұраныс артып, ұсыныс азайды

2022 жылдың желтоқсанында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 106,1 мың бос жұмыс орны және 36,6 мың түйіндеме орналастырылды. Алдыңғы аймен салыстырғанда сұраныс 16%-ға өсіп, ал ұсыныс 27%-ға төмендеді. Бұл туралы Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл ретте 2021 жылмен салыстырғанда бос орындар саны да (+16%) және түйіндемелер саны да (+73%) өскен. Салалар бөлінісінде кадрларға деген қажеттілік ауыл шаруашылығында (13,3 мың бос жұмыс орны), басқа да қызмет түрлерінде (10,3 мың бос жұмыс орны) және де орта білім беру саласында (9,8 мың бос жұмыс орны) тіркелді.

«Көптеген өңірлерде бос жұмыс орындарының саны артты. Мәселен, бір айда Түркістан облысында бос жұмыс орындарының саны 15,3 мыңға дейін жетіп, 170%-ды, ал Алматы облысында 10,6 мыңға дейін өсіп 105%-ды құрады. Бұл ретте бір айдағы орналастырылған барлық бос жұмыс орындарының 44%-ы төрт өңірге (Түркістан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы қалаларына) тиесілі», – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Желтоқсан айында елордадан басқа барлық өңірлерде ізденушілердің белсенділігінің төмендеуі байқалды. Мәселен, Алматы (-48%), Қарағанды (-7%), Шығыс Қазақстан (-45%) және Түркістан облыстарында (-45%) түйіндемелер саны азайды. Бұл ретте Түркістан облысы (3,3 мың) Алматы қаласы (3,4 мың) мен Астана қаласы (5,7 мың) жарияланған түйіндемелер саны бойынша көш бастады.

«Желтоқсан айында білікті қызметкерлерге жоғары сұраныс байқалды, 55% немесе 58,7 мың бос жұмыс орнын ұсынушылар жұмыс іздеушілерден кәсіби біліктіліктің болуын талап етті. Алайда, бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда төмен. Алдыңғы айда қажеттілік 69% немесе 63,2 мың бос жұмыс орнын құраған еді. Бұл ретте біліктілігі жоқ еңбекке сұраныстың 69%-ға немесе 19,3 мыңға өсуі байқалды», – деді Александра Молчановская.

Түркістан (15,3 мың бос жұмыс орны және 3,3 мың түйіндеме), Алматы (10,6 мың бос жұмыс орны және 1,6 мың түйіндеме) және Қарағанды облыстары (7 мың бос жұмыс орны және 1,1 мың түйіндеме) мен Алматы қаласында (10,3 мың бос жұмыс орны және 3,4 мың түйіндеме) мамандардың тапшылығы байқалды.

Желтоқсан айында білікті қызметкерлер арасында жылжымайтын мүлік агенттері (2,9 мың бос жұмыс орны), әлеуметтік қызметкерлер (1,3 мың бос жұмыс орны), күзетшілер (1,2 мың бос жұмыс орны), санитарлар (1,2 мың бос жұмыс орны), аспаздар (1,1 мың бос жұмыс орны), сондай-ақ тәрбиешілер мен олардың көмекшілері – тиісінше 1,1 мың және 851 бос жұмыс орны жоғары сұранысқа ие болды. Іздеушілер арасында негізінен автокөлік жүргізушілері, сатушылар, бухгалтерлер және заңгерлер болды.

«Сұраныстың ұсыныстан жалпы басымдылығына қарамастан, желтоқсан айында вахтерлер (268 бос жұмыс орны және 561 түйіндеме), HR бизнес серіктестері (22 бос жұмыс орны және 153 түйіндеме) және дене шынықтыру мұғалімдері (106 бос жұмыс орны және 231 түйіндеме) айтарлықтай асып түсті», – деп бөлісті Александра Молчановская.

Өтініш берушілердің белсенділігі өңірлер бойынша гендерлік жағынан да әр түрлі болды. Мәселен, егер Батыс Қазақстан (69%), Атырау (65%), Ұлытау (62%) және Ақтөбе облыстарында (61%) ер адамдар өздерінің түйіндемелерін жиі орналастырса, ал қызмет көрсету саласы басым – Шымкент (59%), Астана (53%) қалалары, сондай-ақ Абай (56%) және Алматы облыстарында (53%) әйелдердің басымдылығы тіркелді.

Орналастырылған түйіндемелердің үштен біріне жуығы 16 жастан 28 жасқа дейінгі жастарға (10,8 мың түйіндеме), 42% (15,5 мың түйіндеме) – орта жастағы немесе (44 жасқа дейінгі) ізденушілерге тиесілі болды. Барлық түйіндемелердің тек 9%-ы (3,3 мың түйіндеме) зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардан болды.

ЭЕБ мәліметтеріне сәйкес, желтоқсан айында ең көп жалақыны бас директорларға (~2,8 млн теңге), тауар жинақтаушылары (~2,4 млн теңге), терезе монтаж жасаушылар (~1,8 млн теңге) күткен, ал жұмыс берушілер тарапынан жоғары жалақы өнеркәсіп саласындағы цех бастықтарына (~832 мың теңге), бас технологтарға (~700 мың теңге), техникалық сала басшыларына (~650 мың теңге) және өнеркәсіптік альпинистерге (~650 мың теңге) ұсынылды.

Осылайша, желтоқсан айы өңірлерде де, кәсіптерде де айтарлықтай төмен ұсыныспен және кадрларға деген қажеттіліктің артуымен ерекшеленді. Бұл ретте, жыл соңы әдетте келесі жылдың басында біртіндеп қалпына келетін іскерлік белсенділіктің төмендеуімен сипатталатынын атап өткен жөн.